Кино әлемінің жұлдыздары Венецияда: кинофестивальдің ең сәнді қонақтары

Кино әлемінің жұлдыздары Венецияда: кинофестивальдің ең сәнді қонақтары
Фото: Legion media

Италияның Лидо аралында 83-ші Венеция халықаралық кинофестивалі басталды. Алдағы он күн бойы су үстіндегі әйгілі қала әлемдік киноиндустрия өкілдерінің басын қосатын басты мәдени алаңдардың біріне айналады.

Фестивальдің негізгі байқау бағдарламасы режиссер Дэнни Бойлдың «Чернила» фильмінің көрсетілімімен ашылды. Кезінде культке айналған «На игле» картинасын түсірген режиссер бұл жолы медиамагнат Руперт Мердоктың тарихына үңілген. Фильмде 1970 жылдары британиялық The Sun газетінің келбетін түбегейлі өзгертіп, әлемдік таблоид индустриясының дамуына ықпал еткен Мердоктың қызметі баяндалады.

Дэнни Бойл туындысын қызыл кілемде фильм актерлері Гай Пирс, Джек О'Коннелл және Клэр Фоймен бірге таныстырды. Клэр Фой премьераға Bottega Veneta сән үйінің алқызыл көйлегімен келді.

Кештің басты назарында болған жұптардың бірі – Джордж және Амаль Клуни.  Джордж Клуни фестивальдің құрметті «Алтын арыстан» жүлдесін актриса Лора Дерннің қолынан алды. Салтанатты кеште актерге қолдау білдірген Амаль Клуни Tom Ford арнайы тіккен көйлекпен бой көрсетті.

Қызыл кілемдегі ерекше образдардың бірі Бьянка Балтиге тиесілі болды. Модель ресейлік дизайнер Илья Мигмун әзірлеген періште қанаттары бейнеленген нәзік қызғылт көйлек таңдады.

Ал супермодельдер Алессандра Амбросио мен Стелла Максвелл классикалық қара түсті образға басымдық берді.

Стелла Максвелл мен Алессандра Амбросио / Legion media

Биылғы фестиваль қазылар алқасының төрайымы Мэгги Джилленхол да қызыл кілемге қара түсті киіммен шықты.

Осылайша, Венеция кинофестивалінің алғашқы күні-ақ жаңа фильмдердің премьерасымен ғана емес, әлемдік кино және сән жұлдыздарының қызыл кілемдегі образдарымен де көпшіліктің назарын аударды.

Оқи отырыңыз