Жаңалықтар

Кінәлі адамдар жауапқа тартылады - Смайылов Костенко шахтасындағы апат жайлы

Кінәлі адамдар жауапқа тартылады - Смайылов Костенко шахтасындағы апат жайлы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі 01.11.2023 19:33 605

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін болған брифинг барысында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның одан әрі қызметі жөніндегі жоспарларын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта кәсіпорында кеншілердің өліміне байланысы тергеу жүргізіліп жатқанын еске салды.

Өткен жылдың қараша айында қайғылы оқиға салдарынан 4 шахтер қаза тапқан болатын. Бұл жағдай бойынша тергеу аяқталды, жауапкерлер қазір материалдармен танысып жатыр. Жақын арада олар сотқа жіберіледі. Тамыз айында да қайғылы оқиға орын алып, тағы 5 шахтер қаза тапты. Ол бойынша тергеу жүріп жатыр, әлі аяқталған жоқ. Соңғы факті бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп, кінәлі адамдардың барлығы жауапқа тартылады, — деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, Үкіметтің жуық арадағы міндеті – бұл компанияның Қазақстан Республикасына қайтарылуын қамтамасыз ету.

Кәсіпорындағы жалақы мен жұмыс орындарының сақталуы, барлық әлеуметтік міндеттеменің, оның ішінде кеншілер қаза болғаннан кейін туындаған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету. Олардың толық орындалуын қадағалайтын боламыз, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы компанияны Қазақстан Республикасына қайтару туралы алдын ала мәмілеге сәйкес, оның егжей-тегжейін жария етуге болмайтынын айтты.

Ол туралы мәміле аяқталғаннан кейін, бір айдың ішінде хабарланады. 30 қарашаға дейін қайтарудың барлық заңды рәсімін аяқтауымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе премьер-министр мемлекеттің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік иесі болу және оған бюджет қаражатын бөлу жоспары жоқ екенін атап өтті.

Біз алдағы 3 жылда кемінде $3 млрд инвестициялауға дайын жеке инвесторды тартуымыз керек. Оның шамамен $1,3 млрд-ын бірден құю қажет, өйткені кәсіпорындағы қазіргі жағдай өнеркәсіптік қауіпсіздік пен жабдықты жаңғырту мәселелерін тез арада шешуді талап етеді. Бұл қазақстандық инвестор болады деп жоспарлап отырмыз, — деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға