Киіз үй үлгісінде салынған алып арена: Бішкектегі жаңа стадион қашан ашылады?

Киіз үй үлгісінде салынған алып арена: Бішкектегі жаңа стадион қашан ашылады?
Фото: tribune.kz

Бішкекте салынып жатқан Bishkek Arena стадионының қасбетіне орнатылған динамикалық жарықтандыру жүйесі алғаш рет сынақтан өтті. Кешкі уақытта аренаның сыртқы қабырғасы түрлі түске еніп, арнайы жарық эффектілері ғимаратқа қозғалыс әсерін береді. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Жаңа стадионның құрылысы 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 31 тамызда мұнда алғашқы ауқымды іс-шара – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Стадионның ресми ашылуы қыркүйек айының соңына белгіленген.

Орталық Азиядағы ең үлкен футбол аренасы

Bishkek Arena Бішкек қаласының оңтүстік-батысындағы Орок ауылында бой көтерген. Құрылыс аяқталғаннан кейін арена 51 мың көрерменді қабылдай алады және сыйымдылығы бойынша Орталық Азиядағы ең үлкен стадион атанады. Бастапқы жоба бойынша стадион 45 мың орынға есептелген. Алайда кейін оның сыйымдылығы 51 мыңға дейін ұлғайтылды. Бұған Азия футбол конфедерациясының талаптары себеп болды. Ұйымның ережесіне сәйкес, Азия кубогының ашылу рәсімі, алғашқы матчы мен финалы өтетін стадионда кемінде 50 мың көрерменге арналған орын болуы тиіс.

Жалпы орындардың 47,8 мыңы қарапайым жанкүйерлерге арналған. Сонымен қатар VIP-ложалар, ресми қонақтарға арналған аймақтар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар қарастырылған. Стадион FIFA мен Азия футбол конфедерациясының халықаралық талаптарына сай салынып жатыр. Болашақта мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі футбол жарыстарын өткізу жоспарланған.

Фото: ud.gov.kg

Қасбеті түрлі түске боялады

Аренадағы басты ерекшеліктердің бірі – қасбетке орнатылған динамикалық жарықтандыру жүйесі. Ол ғимараттың сыртқы келбетін түрлі түске өзгертіп, әртүрлі жарық композицияларын көрсетуге мүмкіндік береді.

Алғашқы сынақ кезінде стадионның сыртқы контуры біртіндеп түрлі түске боялып, жарықтың көмегімен қозғалыс әсері жасалды. Бұл жүйе аренаның сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды элементтердің бірі болады.

Киіз үйден шабыт алған сәулет

Bishkek Arena жобасының сәулеттік тұжырымдамасы қырғыздың дәстүрлі киіз үйінен шабыт алған. Дөңгелек пішіндегі ғимараттың диаметрі 280 метр, ал биіктігі 70 метрді құрайды.

Кешеннің жалпы құрылыс аумағы 190 мың шаршы метр, оның ішінде стадионның өзі 85 мың шаршы метрді алып жатыр. Ғимарат сегіз деңгейден тұрады: үш жерасты және бес жерүсті қабаты бар.

Стадион аумағында сауда орталығы салынады

Фото: ud.gov.kg

Кешен құрамында үш қабатты Bishkek Arena Mall сауда орталығы да болады. Оның жалпы аумағы шамамен 40 мың шаршы метрді құрайды.

Билік бұл нысанды тек коммерциялық жоба ретінде емес, стадионды ұзақ мерзімде қаржыландырудың қосымша көзі ретінде қарастырып отыр. Сауда орталығынан түсетін табыс аренаны күтіп ұстауға, қызмет көрсетуге және одан әрі дамытуға бағытталады.

Мұнда ауданы 13-тен 230 шаршы метрге дейінгі сауда орындары орналасады. Сондай-ақ кешен аумағында 1 800 автокөлікке арналған тұрақ салынады.

Алғашқы ірі шара – Көшпенділер ойындары

Жаңа аренадағы алғашқы ауқымды іс-шара 31 тамызда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты болмақ. Оған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға келетін мемлекет басшыларының қатысуы күтіледі. Бағдарлама аясында қатысушы елдердің шеруі мен концерттік қойылым ұйымдастырылады.

Ал Bishkek Arena стадионының ресми ашылуы қыркүйек айының соңында жеке мерекелік іс-шара ретінде өтеді.

Көшбасшылық ұзаққа созылмауы мүмкін

51 мың орындық Bishkek Arena пайдалануға берілгеннен кейін Орталық Азиядағы ең үлкен стадионға айналады. Дегенмен бұл мәртебе ұзақ сақталмауы мүмкін.

Өйткені көршілес Өзбекстанда 55 мың көрерменге арналған ұлттық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Жаңа арена 2027 жылы өтетін FIFA U-20 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының негізгі ойын алаңдарының бірі болады.

Оқи отырыңыз