Киберқауіпсіздік: ЖИ қандай кеңес береді

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Жасанды интеллект бүгінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Банктік қосымшалардан бастап жұмыс құралдарына дейін кеңінен қолданылып жатқан технология енді қауіпсіздік саласында да жаңа деңгейге шықты.

Нақты уақыт режимінде қауіптерді талдай алатын алгоритмдер деректерді қорғау тәсілін түбегейлі өзгертіп жатыр. Осы орайда жасанды интеллект қандай кеңес беретінін саралап көрдік.

Қауіп-қатерлерді талдайтын жүйелердің қорытындысы ортақ: аккаунттардың бұзылуының басым бөлігі әлі де адам факторымен байланысты. Парольдердің әлсіздігі, бір құпиясөзді бірнеше жерде қолдану, екі факторлы қорғаныстың болмауы – мұның бәрі ең жиі кездесетін қателіктер. Сондықтан негізгі кеңес қарапайым болғанымен, маңызы өте жоғары: әр сервиске жеке, күрделі құпиясөз қойып, мүмкіндігінше қосымша қорғаныс тәсілдерін қосу қажет. Қазіргі жүйелер деректердің таралып кеткенін ескерткенімен, қолданушының әдетін өзгерте алмайды. Ең басты мәселе де осы жерде.

Фишинг жаңа деңгейге шықты

Бұрын алаяқтардың хаттарын қате жазылған сөздерден немесе қисынсыз мәтіннен тануға болатын. Қазір жағдай мүлде басқа. Жасанды интеллектті киберқылмыскерлер де белсенді қолдана бастады. Нәтижесінде шынайы компаниялардың стилін дәл қайталайтын мәтіндер, тіпті дауысқа дейін имитациялайтын технологиялар пайда болды.

Сарапшылар мұндай жағдайда бір ғана қағиданы ұстануға кеңес береді: хабарламаның сыртқы формасына емес, оның қайдан келгеніне назар аудару. Әсіресе «жедел әрекет жасаңыз» деген мазмұндағы кез келген хат қосымша тексеруді қажет етеді.

Жаңарту

Сонымен қатар операциялық жүйелерді, қосымшаларды және антивирус базаларын уақытылы жаңартып отыру қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі екенін ұмытпаңыз.

Дерек – жаңа «валюта»

Бүгінде жеке деректер кибершабуылдардың басты нысанасына айналған. Пайдаланушы интернетте неғұрлым көп ақпарат қалдырса, соғұрлым алаяқтардың оны пайдалану ықтималдығы артады. Деректерге туған күннен бастап геолокацияға дейінгі мәліметтердің барлығы жатады.

Сондықтан мамандар жеке мәліметтерді көп бөліспеуге шақырады. Бұл дегеніміз – қажетті деректерді ғана жариялап, құпиялылық баптауларын тұрақты бақылауда ұстау керек деген сөз. Бұл тек әлеуметтік желілерге емес, қолданушы мінез-құлқын жинайтын сервистердің барлығына қатысты.

Қауіпсіздіктің әлсіз буыны – адам

Технология қаншалықты дамыса да, негізгі қорытынды өзгермейді: кез келген жүйедегі ең әлсіз тұс – адам. Сондықтан жасанды интеллект ұсынатын кеңестердің көбі техникалық емес, мінез-құлыққа қатысты.

Сақтық, сыни ойлау және қарапайым цифрлық гигиена – ең күрделі қорғаныс жүйелерінен де тиімді болуы мүмкін. Егер пайдаланушы осы ережелерді елемесе, ешбір технология толық қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды.

Ыңғайлылық пен қауіпсіздік арасындағы баланс

Қазіргі цифрлық сервистер қолданушыға барынша жеңіл әрі ыңғайлы болуға тырысады. Алайда дәл осы қарапайымдылық кейде қауіпсіздік деңгейін төмендетеді.

Жасанды интеллект бұл екі факторлы қорғанысты қосу, сілтемені тексеру немесе қосымшаны жаңарту тәуекелді айтарлықтай азайтады деп санайды.

ЖИ-дің жаңа рөлі

Бүгінде жасанды интеллект құрал ғана емес, кеңесшіге айналып үлгерді. Себебі ол миллиондаған кибероқиғаны талдап, нақты ұсыныстар қалыптастырады.

Оқи отырыңыз