Жаңалықтар

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

Хиджам Лаура Әлайдарқызының кеңестері
Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?
12.02.2021 12:07 43478

Соңғы жылдары біздің қоғамда емделудің хиджама деп аталатын жаңа түрі пайда болды. Халық арасында кең таралған ем-шара ағзаны арам қаннан тазартады деген пікір бар. Оның пайдасы мен қарсы көрсетімдері және қандай ауруларға ем болатындығы жөнінде хиджама жасаушы маман Лаура Әлайдарқызымен сұқбат барысында сұрастырып білдік.

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

Хиджама деген не?

Хиджама – ежелгі дәстүрлі медицинаның бір түрі. Бұл емнің мақсаты – адам ағзасындағы ет пен терінің арасындағы арам қанды шығару. Аталған процедура аурудың түрі мен диагнозына байланысты жасалады.

– Соңғы жылдары хиджама жоғары сұранысқа ие болып келеді. Оған адамның аурушаң, иммунитетінің төмен болуы оның тамақтануы мен экологияның да үлкен әсері бар. Сондықтан оның барлығы біздің денсаулығымызға, ағзадағы қанайналым жүйесіне келіп тіреледі. Мысалы, талдама қорытындысында холестерин болады. Ол аурудың жоғарғы деңгейін көрсетіп отырады. Әсіресе қан қысымы жоғары кісілерде холестериннің мөлшері жоғары болады. Оған қоса соңғы жылдары ғылыми зерттеу бойынша адамдарда желке және бас аурулары көп пайда бола бастады. Бұл аурулар біздің қан қысымымызға кері әсерін тигізеді, – дейді хиджама жасаушы Лаура Әлайдарова.

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

Лаура Момынходжаева хиджамамен бес жылдан бері айналысып келе жатқан маман, әрі арнайы медициналық білімі бар мейірбике. Ол хиджаманы алғаш кореялық дәрігер мамандардан үйренген. Кейінірек хиджаманың мұсылманша тәсілін де салыстырмалы түрде оқыған.

– Хиджама жасайтын адамның медициналық білімі болғаны дұрыс. Себебі денедегі арам қандардан тазартпас бұрын әрбір маман адам анатомиясын білуі керек. Сонымен қатар қан шығару да үлкен жауапкершілік. Арнайы білімі бар адам процедураның әрбір тәсілін жетік меңгереді. Енді кәрістердің және мұсылмандардың хиджама жасау тәсілдерінің ерекшелігіне келер болсақ, кәрістер хиджама жасау барысында бір реттің қолданстағы инені арнайы құрылғыға салып денені тесу арқылы хиджама жасайды. Ал мұсылманша тәсілде денені алмазбен тіледі, – дейді Лаура Әлайдарқызы.

 Хиджама қалай жүргізіледі?

Хиджама адам денесінің белгілі бөліктеріне жасалады. Лаура Әлайдарқызының айтуынша адам анатомиясында жеті нүкте болады. Олардың қатарына: желке тұсы, бел аймағы, аяқтың артқы тұсы, көкіректің жоғарғы жағы, мойын зонасы, қарын, тізе мен аяқ пен бас жатады.

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

– Хиджаманы жылдың төрт мезгілінде профилактика ретінде алуға болады. Адамның қан қысымы жоғары кісілерге бастапқы алты ай бойы айына бір рет алып отырған дұрыс. Одан кейін аурудың деңгейіне байланысты оны ұзартып не қысқартамыз. Кейбір кісілер «неге хиджаманы жиі жасауға кеңес бересіз, көп қан жоғалтамыз» деп сұрап жатады. Ол орынды сұрақ. Бірақ біз хиджама жасап оның ауруын жеңілдетіп отырмыз. Себебі арам қандарды алған сайын адам жеңілденеді. Ол дегеніміз аталған емді жиі алу керек деген сөз. Бірақ адам жеңілдейді екен деп барлық науқасқа жиі хиджама жасамаймыз. Ол адамның ауруының себебіне де байланысты. Сондықтан нормадан асырмауға тырысып отырамын, – дейді мейірбике.

Бүгінде хиджама, массаж жасаушыларға лицензия талап етілмейді. Сондықтан бүгінде көбіне медициналық білімі жоқ кісілер ғаламтордан өздігінен хиджаманы үйреніп алған.

– Хиджаманың техникасын дұрыс жасамаса, адам көп мөлшерде қан жоғалтуы мүмкін. Есінен танып қалатын жағдайлар да жоқ емес. Сонымен қатар денеге зақым келіп, тыртық қалып қоятын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан хиджама жасату үшін маманды таңдағанда оның медициналық біліміне, тәжірибесіне ерекше мән берген дұрыс, – дейді Лаура Момынходжаева.
Хиджаманы әр елде әр түрлі тәсілмен, әдіспен жасайды. Біз әңгімелескен хиджамның әдісі бойынша ең алдымен науқастың диагнозына байланысты хиджама жасайтын денедегі нүктені немесе орынды таңдау керек. Егер арқа және желке тұсы болатын болса, оған какос майын жағып, денені ысқылып 5-7 минуттық массаж жасалынады. Ол науқастың тырысып тұрған денесі мен желкесін босатуға және ісікті қайтаруға өмектеседі. Желкенің тырысуы қанайналымның дұрыс жұмыс істемегендігінің көрсеткіші. Қан лимфа жүйесі жұмыс істегенде ғана дұрыс шығады. Массаж жасау хиджам адам денесіндегі арнайы нүктелерді босатады. Содан кейін хиджамаға арналған арнайы вакумдық банкілерді денеге қояды. Бірер минуттан кейін вакумдық банкіні алып, алмаспен тіледі (мұсылманша әдіс бойынша) немесе арнайы хиджамаға арналған инесі бар бір реттік қолданыстағы құрылғымен денені теседі.(кәрістердің хиджама жасау тәсілі бойынша). Егер адамның қаны қою болса, теріден қан шығу өте қиын болады. Сондықтан 5-6 рет вакумдық банкіні бірнеше рет босатыпотырады. Хиджама барысында арам қандардан бөлек, адам денесіндегі суық та шығатын болғандықтан жақсы нәтиже көру үшін желке тұсынан көбірек қан шығуы керек екен. Соңында жиналған қанды алып, спиртпен хиджама жасалған орынды сүртіп тазалайды.

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

Сұқбат барысында хиджама жасаушы Лаура Әлайдарқызына желке, мойын мен арқа тұсы ауыратындығын айтып науқас келді. Нәсіпжан есімді азаматтың бұл екінші рет хиджама алуы екен. Ол өзін өте жақсы сезініп, жеңілдеп жүргенін айтты. Сонымен қатар ер азамат қан қысымы жоғары болғандықтан, елордамыздағы емханалардың бірінде тіркеуде тұратындығын айтты. Нәсіпжан хиджамадан кейін соңғы айларда дәрі-дәрмексіз жүргенінің өзі үлкен нәтиже деп біледі.

   Хиджама нақты қандай ауруларға ем бола алады?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек әлемде жыл сайын он бес миллион адам жүрек қан тамырлары ауруларынан көз жұмады екен. Фин ғалымдары қан алып емделу инфаркт болу қауіпін 88%-ға төмендететінін дәлелдеген. Сондай-ақ хиджаманың буын аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, остехондроз, сколеоз, көз аурулары мен түрлі генекологиялық ауруға пайдасы көп. Қан алдыру арқылы белсіздік ауруларын да емдеуге болады екен.


– Өз тәжірибем бойынша айтар болсам хиджама тері аурулары (экзема), желке ауруы, қан қысымы жоғары кісілерге көмектеседі. Әр ауруда қан алу үрдісі әр түрлі болды. Сонымен қатар ғылыми зерттеу бойынша бала көтере алмай жүрген әйелдерге көп көмегі болғандығы жөнінде естігенім бар. Жалпы өзім бес жыл ішінде толығымен айығып шыққан кісілерді көрдім. Негізінен жалпылама созылмалы барлық аурулардың түрлеріне хиджама жақсы көрсеткіш көрсетіп жатыр, – дейді хиджам.

Көп жағдайда хиджама арқылы қан алдыратын адамдарды теріде қалып қоятын тыртық мазалайды. Себебі қан алдырған орындағы іздер кімге болса да қиындық тудыруы мүмкін.

– Хиджаманы арнайы оқыған мамандардың денесінде тыртық қалмайды. Тек өздігінен осы емдеу тәсілін үйреніп, оның техникасын білмейтіндер хиджама жасағанда тыртық қалып қояды. Олар денені қаншалықты терең тесесіз, соншалықты қан көп шығады деген оймен жақсы нәтиже аламын деп қателікке ұрынып жатады. Хиджама жасағанда терінің бетін ғана тілу арқылы процедураны жасау керек. Арам қаннан арылу теріні терең тілуде емес. Бес жылдың ішінде мақтанғаным емес, осы емді бастаған кездегі кісілер осы уақытқа дейін келіп отырады. Алғысын білдіріп, денсаулықтары түзеліп кеткендер жоқ емес. Солардың көздеріндегі қуанышты көргенде мен өз саламды дұрыс таңдағаныма көз жеткіземін,– дейді хиджам.

Хиджама жасау үшін арнайы тексеруден өту керек. Алғаш маманға келгенде міндетті түрде консультация жүргізіледі.

– Мен міндетті түрде хиджама жасамай тұрып, келген науқастың қан талдамасын, ауру белгілерін сұраймын. Егер ол кісі гемофелия ауруымен ауыратын болса, хиджама жасауға мүлдем тиым салынады. Себебі одай диагнозда адамның қан ұйығыштығы өте нашар деңгейде болады. Ал егер адамда гемоглобиннің көрсеткіші 90 г/л-дан төмен болса хиджама жасауға болмайды. Егер жоғары болатын болса хиджаманың көмегімен жақсы көрсеткіштерге жетеміз. Ота жасағаннан кейін қан алдыруға болмайды. Себебі адам одан сайын әлсіреп, кері әсерін тигізуі де әбден мүмкін.

Хиджама әдісімен қан алдыру пайдалы ма?

Лаура Әлайдарқызы өзіне келетін науқастардың көбі қаннан, қан алудан қорқып келетіндіктерін жеткізді. Маман олармен хиджама жасамас бұрын психологиялық дайындық та жүргізеді.

Хиджама жасаушы маманның кеңестері:

–  Ең алдымен хиджамадан кейін суық тигізіп алуға болмайды;

–  Адамның денесінен қан шыққаннан кейін міндетті түрде күтіну керек.

–  Жылы су ішу керек.

–  Бауырыңыз бен асқазаныңызда ауру болатын болса майлы, ащы және тұзды тағамдарды жемеңіз.

–  Қан қысымымен келетін адамдарға тамақтануды дұрыстаңыз деп айтамын.

–  Тұзды ванна қабылдауға болады.

–  Хиджамадан кейін мейлінше 5-7 күнге дейін душ қабылдауға болмайды. Себебі дене тітіркенеді.

–  Ауру адамға хиджама жасалынбайды. Себебі қан алу процесінен кейін адам одан да әлсізденеді.

Хиджам вакумдық банкілерді әр науқастың өзіне ғана бірнеше рет қолдануы қажеттігін айтты. Яғни адам хиджама жасамас бұрын арнайы вакумдық банкілерді сатып алғаннан кейін 5 жылға дейін пайдалана алады.

– Бүгінде адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромымен ауыратын адамдар бар. Егер тазалық сақталмаса түрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Кәрістердің хиджама жасау тәсілінде 10-12-ден артық вакумдық банкі қойылса, мұсылмандық тәсілде 24 банкіге дейін қойыла береді. Хиджама балаларға да жасауға болады. Өз тәжірибемде 9 жастағы баладан бас сүйегінің қысымы диагнозымен келгеннен кейін хиджама әдісімен қан алған болатынмын, – деді маман.

Хиджама көптеген аурулардың алдын алады. Бірақ дәстүрлі халық емін алмас бұрын арнайы медициналық білімі бар мамандардың көмегіне жүгінгенңіз абзал. Медициналық қызмет көрсету түріне жатпайтын халық еміне кепілдік берілмейді.

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге қаралуға кеңес береміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға