Кезексіз қызмет көрсету: он өңірде цифрлық ХҚКО ашылады

Кезексіз қызмет көрсету: он өңірде цифрлық ХҚКО ашылады
Фото: AI көмегімен жасалды

Жыл соңына дейін Қазақстанның тағы 10 өңірінде жаңа цифрлық форматтағы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Жаңа цифрлық кеңселерде азаматтар мемлекеттік қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған арнайы терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Қажет болған жағдайда орталық қызметкерлері кеңес береді.

Қазір төрт өңірде бес цифрлық кеңсе ашылды. Тағы он өңірде қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл өңірлер жыл соңына дейін ғимараттарды дайындап, цифрлық кеңселерді іске қосуы қажет, – деді Жаслан Мәдиев.

Жаңа форматтағы ХҚКО қай өңірлерде ашылады?

Жыл соңына дейін цифрлық кеңселер Алматы қаласында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында ашылады.

Ал Абай, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында қаржыландыру мәселесі әлі шешілуі тиіс. Министр аталған алты өңірге жұмысты жеделдетіп, қаржы қарастырып, цифрлық кеңселердің нақты ашылатын мерзімін белгілеуді тапсырды.

eGov GPT арқылы 150 қызмет қолжетімді болады

Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізіне QazTech платформасы айналғанын да атап өтті. Биыл платформаға көшіру жоспарланған цифрлық жүйелердің 92 пайызы бойынша жұмыс аяқталған. QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіреді.

Жасанды интеллект мемлекеттік қызмет көрсету саласында да белсенді қолданыла бастаған. Мәселен, e-Otinish жүйесінде жасанды интеллект 3,2 миллионнан астам өтінішті өңдеген.

Қазір eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың санын ең көп сұранысқа ие 150 қызметке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қызметтер жалпы сұраныстың шамамен 80 пайызын қамтиды.

Ал 2028 жылға қарай жасанды интеллект қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 40 пайызға жеткізу көзделген. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтерді алу уақытын екі есе қысқарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 1 қазаннан бастап Қазақстанның бірқатар өңірінде кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары өзгерді. Сондықтан ХҚКО-ға бармас бұрын оның қазіргі мекенжайы мен жұмыс кестесін алдын ала нақтылап алған жөн.

Оқи отырыңыз