Кейінгі 14 жылдағы ең ірі ереуіл: Испанияда миллиондаған адам баспана бағасына наразылық білдірді

Кейінгі 14 жылдағы ең ірі ереуіл: Испанияда миллиондаған адам баспана бағасына наразылық білдірді
Фото: Adelina Cobos/ZUMA/IMAGO

Испанияда баспана бағасының шарықтауы мен күнделікті тұрмыс шығындарының өсуіне қарсы кейінгі 14 жылдағы ең ауқымды жалпыхалықтық ереуіл өтті.

11 қарашада елдің түкпір-түкпірінде шамамен төрт миллион адам көшеге шығып, тұрғын үйді жалға алу құнының қымбаттауына және халықтың қаржылық жағдайының нашарлауына наразылық білдірді.

Ереуілді елдегі ықпалды екі кәсіподақ – UGT және CCOO қолдады. Мұндай ауқымдағы жаппай наразылық акциясы Испанияда 2012 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Ресми дерек бойынша, Мадрид қаласында шеруге шамамен 120 мың адам қатысқан. Алайда акцияны ұйымдастырушылардың бірі – жалға алушылар одағы қатысушылар санын әлдеқайда көп деп бағалап, 400-500 мың адам көшеге шыққанын мәлімдеді.

Наразылыққа студенттерден бастап зейнеткерлерге дейін түрлі буын өкілдері қатысты. Олар қолдарына үй кілттерін ұстап, жалдау ақысының қымбаттауына, ірі инвестициялық қорлар мен жылжымайтын мүлік агенттіктерінің әрекетіне қарсы ұрандатты.

Осындай шерулер Барселона, Валенсия, Аликанте, Сарагоса, Виго, Сантьяго-де-Компостела және өзге де қалаларда өтті.

Барселонадағы наразылық тәртіпсіздікке ұласты

Елдің басым бөлігінде шерулер бейбіт сипатта өткенімен, Барселонада кешкі уақытта жағдай ушығып кетті. RTVE телеарнасының хабарлауынша, бетін тұмшалаған оңшыл радикалдар тобы бірнеше дүкеннің әйнегін сындырып, қоқыс жәшіктерін өртеген. Сондай-ақ олар полиция қызметкерлеріне бөтелке, тас пен петарда лақтырған. Құқық қорғау органдары оларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болды.

Бұдан бөлек, наразылық білдірушілердің бір тобы RTVE телеарнасының студиясына басып кіріп, жаңалықтар бағдарламасының басталуына кедергі келтірген. Капюшон киген 50 шақты адам камералардың алдына шығып, «Өміріміз өмір сүру үшін күреске айналмауы керек» деген жазуы бар плакат ұстаған. Біраз уақыттан кейін олар студиядан шығып, тікелей эфир қайта жалғасты.

Жалпыхалықтық ереуіл Испанияның қоғамдық және экономикалық өміріне де айтарлықтай әсер етті. Нәтижесінде 300-ге жуық әуе рейсі тоқтатылып, жүрдек пойыздардың шамамен төрттен бірі қатынамай қалды. Елдің бірқатар қаласында полициямен қақтығыс болып, жалпы саны 476-ға жуық оқиға тіркелген. Шамамен 40 адам ұсталғаны хабарланды.

Deutsche Presse-Agentur (dpa) агенттігінің мәліметінше, Испанияның солшыл үкіметі наразылық білдірушілерді қолдаса, оңшыл оппозиция шерулерді саяси идеологиямен байланыстырды.

Тұрғын үй тапшылығы мен жалдау ақысының өсуі

Испаниядағы наразылықтың негізгі себебі – халық үшін қолжетімді баспананың аздығы және тұрғын үй бағасының үздіксіз өсуі. Елдің Орталық банкінің дерегінше, қазір Испанияда шамамен 750 мың тұрғын үй жетіспейді. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай тапшылық бір миллионнан асуы мүмкін.

Жастардың жағдайы да күрделі. Жастар істері жөніндегі кеңес мәліметінше, елде пәтер жалдаудың орташа құны 1176 еуроға жеткен. Бұл – жас адамның орташа айлық жалақысының шамамен 98,7 пайызы.

Мадрид тұрғыны Хесус Гонсалес баспана мәселесі өз өміріне де әсер етіп отырғанын айтады.

Жасым 36-да, бірақ әлі күнге дейін ата-анаммен бірге тұруға мәжбүрмін. Пәтер жалдау ақысы да, баспана бағасы да тоқтаусыз өсіп жатыр. Бұған шыдау мүмкін емес, – дейді ол.

Сарапшылар тұрғын үй тапшылығының себептерінің бірі ретінде елге көшіп келушілер санының артуын және қолжетімді баспананың жеткілікті деңгейде салынбауын атайды. Соның салдарынан тұрғын үйге деген сұраныс өсіп, баға мен жалдау ақысы халықтың нақты табысынан да жылдам қымбаттап барады. 30 жастан асқан испаниялықтардың көпшілігі әлі күнге дейін жеке пәтер жалдауға шамасы жетпей, ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр.

87 жастағы зейнеткердің үйінен шығарылуы наразылықтың символына айналды

Испаниядағы баспана мәселесіне қатысты қоғамдық наразылықтың күшеюіне Мадридте 87 жастағы Марикармен Абаскальдың пәтерінен шығарылуы да түрткі болды.

Әйел өмірінің 70 жылын осы пәтерде өткізген. Ол ұзақ уақыт бойы баспанасы үшін айына 500 еуро төлеп келген. Алайда 2018 жылы жылжымайтын мүлік иесі ауысып, жаңа компания жалдау ақысын көтерген. Нәтижесінде төлем көлемі зейнетақысынан асып кеткен.

23 қыркүйекте Марикармен Абаскаль пәтерінен шығарылды. Араға бірнеше күн салып, ол ауруханада көз жұмды. Оның оқиғасы Испаниядағы қолжетімді баспана мәселесінің қаншалықты өткір екенін көрсететін символға айналды.

Ереуіл мерзімінен бұрын өтетін сайлау қарсаңында ұйымдастырылды

Испаниядағы жалпыхалықтық ереуіл мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауына үш аптаға жетпейтін уақыт қалғанда өтті. Елдегі сайлау 29 қарашаға белгіленген.

5 қазанда Испания премьер-министрі, социалист Педро Санчес парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Үкімет басшысы мұндай қадамға парламенттің тұрғын үй нарығын реформалау жөніндегі үкіметтік бастаманы қабылдамауынан кейін қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты барғанын түсіндірді.

DPA агенттігінің жазуынша, соңғы жылдары Испаниядағы қолжетімді баспана тапшылығы барған сайын ушығып келеді. Пәтер жалдау ақысы мен тұрғын үй бағасы азаматтардың нақты табысынан әлдеқайда жылдам өскен. Соның кесірінен көптеген тұрғын, әсіресе жастар, жеке баспанаға қол жеткізе алмай отыр.

Оқи отырыңыз