Жаңалықтар

Кетбұқа ноян бастаған Хулагу хан әскері

Кетбұқа ноян бастаған Хулагу хан әскері
Фото: aigak.kz 12.11.2022 13:04 4961

Найман, жалайыр, қоңырат және қоралас тайпаларының жауынгерлерінің 1258 жылы Месопотамияның Тигр және Евфрат өзендерінен ат суаруы, яғни Ирак жерінде пайда болуы Шыңғыс ханның ұлы Мөңке ханның, осы заманның тілімен айтсақ, мұсылман елдерін жаулап алуға бағытталған әскери кампаниясына тікелей байланысты еді.

Шыңғыс ханның кезінде Хорезм мемлекеті талқандалған соң, көшпелілердің шапқыншылығы біршама кезеңге тоқтап қалғандығы тарихтан белгілі. Кейін Бату хан заманында ол қайтадан жаңа күшпен жалғастырылып, көшпелілердің әскерлері батыс бағытында Адриатика теңізіне дейін, ал оңтүстік бағытта Парсы шығанағы мен Жерорта теңізіне дейін жеткендігі белгілі.

1258 жылы Хулагу хан бастаған көшпелілердің әскері Бағдаттың іргесіне келеді. Бағдат шаһары – «Мың бір түн» қиссаларының небір шытырман оқиғалары өтетін аңызға айналған қала. Ирак тарихы қатпар-қатпар көне де сан-қилы ғұмыры бар ел. Адамзат мәдениеті бастау алатын соноу Шумер, Вавилон, Аккад өркениеттерінен бергі заман ішінде көне Месопотамия жерінде талай мемлекеттер дүниеге келіп, гүлденіп, тарихта өзіндік ізін қалдырып, бірін бірі ауыстырған. Ирак деген сөз араб тілінде жағалау деген мағынаны білдіреді. Яғни, Бағдат шаһарын екіге бөліп жарып өтетін осы суы мол Тигр өзенінің жағалауларын меңзеп тұр. Ортағасырлық мұсылман тарихнамасында Араб Ирағы, Парсы Ирағы деген атаулар қолданылған. Өзендерекі этникалық топтың арасындағы табиғи шекара болған. Ал одан ертеректе қазіргі Ирак жерін, Евфрат және Тигр өзендерінің аңғарын Месопотамия деп атаған.

Бұл кез уақытында дүрілдеп тұрған Халифаттың соңғы күндері болатын. Ақырғы мұсылман халифасы әл-Мустасим Билля не шешуші шайқасқа бармай, не күшті қарсылас алдында тізе бүкпей дел-сал  күй кешеді. Жауға қарсы қасқайып қарсы шығуға батылы жетпесе, жау алдына бас сауға сұрап баруға намысы жібермейді. Халифаның намысы билігі жүздеген жылдарға созылған Халифаттың намысы еді.

Шығыстан келген көшпелілер мен зауалы тақаған Халифаттың әскері және әскербасылары негізі түркілерден тұратын еді. Түркілердің ықпалындағыхалифаның әскері де, көшпелілер әскері де Бағдат шайқасының алдында түркілерден құралған еді. Хулагу ханның және Халифаттың әскерлері негізінен  солардан тұрғанын көреміз, Мысалы, Бағдат халифасының әскерінің бас қолбасшысы Айбек Дауадар болса, оған қарсы келген күштерді басқарған жалайыр Елеке ноян және найман Кетбұқа ноян болатын. Ал алғаш қылыш түйістіруге қарсы келе жатқан екі топты Халифат жағын Қарасұңқар деген қыпшақ, ал Хулагу ханның әскерін Сұлтан Шоқ деген түркі бастап келеді. Сұлтан Шоқ қарсыласының кім екендігін білгендіктен, оған келесі мазмұндағы хатты жолдайды: «Екеуміздің нәсіліміз бір. Мен көп ойланып барып, Хулагу хан қол астына кірдім, оған мойынсұндым. Ол қазір маған жақсы қарайды. Сен де өзіңді құтқарып, оған қосыл. Бала-шағаңа рақымшылық жасап, оған бағын. Осы ұлттан үйіңді, балаларың мен мүлкіңді және жаныңды сақтап қалу үшін» - дейді онда. Оған көне қоятын Қарасұңқар ма? Ол: «Кім олар? Одан да мықтыларды көргенбіз», - деп жауап береді.

Хулагу әскерлері іргесі сөгіле бастаған Халифаттың құрақ жасақтарының тоз-тозын шығарады. 1258 жылдың 29 қаңтарында көшпелілердің әскері Бағдат шаһарын құрсауға алып, 10 ақпанда қабырғаларын құлатып басып кіреді.

Бағдат апаты араб тарихында ерекше із қалдырған шайқас болды. Осы заманға дейін кез-келген орта мектепті бітірген араб жабайы тайпалар гүлденген мәдениетті жойды, мешіт, кітапханаларды өртеді, Тигр өзені төгілген адам қанынан қызарып ақты, тіпті қымбат қолжазбалардың сиясынан қарайып ақты деп те айтады.

Кетбұқа ноян бастаған Хулагу хан әскері сол екпінмен Мысыр мен Шамды басып алуға ұмтылады. Шамды оңай бағындырған Кетбұқа әскерін Каирге қарай бағыттайды.

Осы кезде Хулагу хан сұлтан Құтызға: «Шығыс пен Батысқа қанат жайған патшалардың патшасы Ұлы Шыңғыс ханнан, жердi орнатып, көктi көтерген Жаратушы атынан, бiздiң қылышымыздан осы өңiрге қашып келген, оның байлығына  масайраған, одан соң сұлтанын өлтiрген, жеңiмпаз мәлiк Құтыз, мемлекеттiң бектері, Мысыр жерлерiнiң және оның маңындағы жерлердiң тұрғындары, бiз, Тәңiрiнiң қаһарынан жаратылған жердегi жауынгерлерi екенiмiздi бiлсiн. Ол аяушылық жасағандарға ғана бостандық беремiз. Сендерге барлық елдерде құрмет. Басқалардан сабақ алыңдар. Бiздiң қаталдығымыздан құтылу үшін сырларың ашылмай тұрғанда, тәубаға келiңдер, бiзге берiлiңдер», – деген қаһарлы хаты келедi.

Алайда Құтыз Хулагуға қарсы шайқасқа шығуға шешiм қабылдап жиһад жариялайды. Хан елшiлерiн, жалпы саны он бес адамды, бiр баланы ғана аяп алып қалып, қалғандарын белдерiнен қылышпен екiге бөлiп өлтiредi. Елшiлердiң бастарын қадаға қадап қала көшелерiмен алып жүредi де, Каир қаласының қақпаларына iлiп қояды.

 

Айн Джалут шайқасы

Айн Джалут Палестинадағы (қазір Израиль жері) Назарет қаласының маңында орналасқан елді мекен. Байсан қаласының оңтүстік-батыс жағында он шақырым жерде Джалут өзенінің бойындағы осы елді мекенде 1260 жылдың 3-қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі.

Шайқас алдында Байбарыс мәмлүк әскерінің майсарасын, Бахадүр майманасын, ал сұлтан Құтыз әскерінің ерауылын - ортасын бастайтындығы туралы келісіледі. Ибн Йиастың хабарлауы бойынша сұлтан Құтыздың қол астында қырық мың шамасында әскер бар еді. Әскердің бір бөлігі жүйелі мәмлүк әскері, қалған бөлігін діни джихад идеясымен қаруланған қара халық құрайды.

Мысырдан Құтыз бастаған әскер шыққанын естіген Кетбұқа ноян өзінің жағына шыққан жергілікті әмірлермен ақылдасады. Олардың біреулері Хулагу ханнан қосымша күш алдырту қажет десе, келесі біреулері ештеңеге қарамастан Құтыздың алдынан шығу керек дейді. Соңғы шешімді Кетбұқа өзі қабылдайды,  ол қол астындағы бар әскерімен шайқасқа аттану еді. Кетбұқа ноянның әскері шамамен он мың жауынгерден тұратын. Онымен бірге Киликия армяндарының патшасы Хетум  және оның күйеу баласы Антиохия билеушісі Боэмундтың жасақтары – үш мың армян, грузин жасақтары бар еді.

1260 жылдың 3 қыркүйегінде таңертең екі әскер шайқас алдында бетпе-бет келді. Хулагу хан әскерінің алдында ақ боз ат мініп, солардың әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы найман Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақтан шұбар ат мініп сұлтан Құтыз тұрады.

Құтыз Кетбұқа ноянның елшілігімен Каирге бірге келген бір  баланы өлтіруге аяп өзінің мәмлүктеріне қосқан-тұғын. Елшілердің  бәрінің бастарын шауып тастаған еді.  Сол бала шайқас алдында сұлтанның арт жағындағы мәмлүктердіңарасында тұрады. Жай тұрмайды, кек қайтаруды ойлап тұрады. Шайқас басталып, аласапыран орнаған кезде ол сұлтан Құтызды садақпен атады. Алайда, айналасындағылар баланың сұлтанға садақ атқанын байқап қалып, баланы сол жерде мерт қылады. Оқ сұлтанның атына тиіп, Құтыз аттан құлап түседі.

Тарихшылар шайқас көшпелілердің ұранымен басталды деп жазды. Әл-Мақризи: «Мұсылмандардың жүрегінде татарлардан үлкен қорқыныш бар еді», - дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып шайқасқа кіруге белгі береді. Сол-ақ екен, Кетбұқа садақшыларының екі тобы жылдам алға шығып, қарсы жаққа оқ жаудырады. Алайда, оған қарамастан мәмлүк әскері сұлтан Құтыздың бастауымен қоян-қолтық соғысуға алға лап қояды. Қиян-кескі шайқас басталып кетеді. Екі жақ та жанқиярлықпен шайқасады. Кетбұқа қосының берген соққысынан мәмлүк әскерінің оң қанаты артқа шегіне бастайды. Сол кезде Құтыз алдын-ала келісілген жоспар бойынша мәмлүк әскерінің ерауылында артқа шегіндіреді, қарсы жақ мәмлүктер қашты деп алға ұмтылады. Байбарыс бастаған сол қанат тіресіп тұрып алады. Жау шегінді деп ойлаған көшпелілер Байбарыс бастаған қанатты қоршауға ала бастайды. Екі жақтан да көптеген шығын болады. Мәмлүктердің әрекеті нәтижесінде көшпелілерәскері екіге бөлінеді. Сол кезде сұлтан Құтыз ұранмен мәмлүктерді қарсы шабуылға бастап, шегініп бара жатқан әскерінің оң қанатын бірте-бірте жандандырып, Кетбұқа әскерінің орта тұсы мен сол қанатын ығыстыра бастайды. Бахадүр бастаған мәмлүк атты әскері жау жағының сол қанатын орайды.

Кескілескен ұрыстан соң Құтыз мәмлүктері қарсы жақтың сол қанаты мен ортасының арасын бөліп, сол қанатын толық қоршауға алады. Сөйтіп сан жағынан аз Кетбұқа әскері екіге бөлініп, қоршауда қалады. Кетбұқа нөкерлерінің санаулылары ғана аман-есен құтылып кетеді. Мәмлүк атты әскері қарсыластың жаяу әскерін  қуып жүріп жояды. Сол күні жау әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген Кетбұқа ноянның наймандары Палестина жерінде жусап қалады.

Сұлтан Құтыз аттан түсіп, намазға жығылады, сақалын жас жуып, жауды жеңіп, аталарының кегін қайтаруға күш берген құдайға ризашылығын білдіреді.

БайбарысҚұтыздан бұрын Дамаскіге кіріп, Кетбұқа жасағының қалдықтарын Алеппоға дейін өкшелеп қуады. Мәмлүктер тұтқынға түскен көптеген мұсылмандарды құтқарып алады. Кетбұқа әскерінің бала-шағасына дейін қолға түсіреді. Тарихшылар Кетбұқа ноянның соңғы сағаттарын тәптіштеп жазып қалдырды. Шын мәнінде бір деректер бойынша, соңғы жауынгері қалғанша соғысқан Кетбұқа ноян атынан құлап қолға түседі. Тарихшы Һамаданидың жазуы бойынша Кетбұқа қолға түсіп, Сұлтан Құтыздың алдына әкелінеді. Құтыз оған: «Жазықсыз адамдардың қанын төкен, ұлы батырларды өтірік уәделермен алдаған, ақсүйек отбасыларын жалған сөздермен алдаған, ақыры торға түстің бе?» - дейді. Оған Кетбұқа ешбір тайсалмастан: «Егер мен сенің қолыңнан ажал тапсам, менің ажалым сенен емес, жаратқаннан. Осы уақытша жеңіспен өзіңді алдама. Менің өлімім туралы хабар Хулагу ханға жетісімен, оныңәскері Әзірбайжаннан Мысыр қақпаларына дейінгі жерлерді таптап шығады. Мен туғанымнан ханның құлымын, сен секілді иемді өлтіріп билікке ұмтылған жоқпын»- деп жауап береді де, Құтыздан өзін тез өлтіруді сұрайды. Ноянның басы шабылып, Каир көшелерімен алып жүреді де, кейін Каир қақпаларының біріне ілінеді.

Келесі бір деректер бойынша Кетбұқа шайқаста қаза табады. Тарихшы Тәңірберді: «Кетбұқа ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Оның сөзі, батырлығы және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл. Бекіністер алуда, жерлерді басып алуда нағыз соғыс шебері. Парсы жерін және Иракты жаулап алған Кетбұқа ноян еді. Улагу хан оған толық сенетін, ешқашан қарсы келмейтін, сөзін жерге тастамайтын. Кетбұқаның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын» - деп жазды.

Әл-Айни Кетбұқа ноян Хулагу ханның Шам елдеріндегі орынбасары. Парсы елі мен Шамды қаратқан қолбасшы. Хулагудың атасы Шыңғыс ханды көрген адам дейді. Кетбұқа ноян Хорасан, Иракта мұсылмандарға қарсы соғыстарында адам естімеген айла-қулықтарын қолданды. Кетбұқа ноян егер бір жерді жаулап алса бірден келесісіне шабатын. Сол елден қашып келгендерге көмек беруді талап ететін. Егер айтқанын орындаса оның ойындағысы жүзеге асқандығы, жаудың азық-түлік көлемі кеміп, қамал құрсауға көп төтеп бере алмайды. Ол айтқанын орындамаса олармен өз әскерімен емес, қашқандардың қолымен соғысатын. Қарсыласы әлсіреген кезде өз әскерін жабатын.

Әл-Айни: «Алла лағынет атқыр Кетбұқа егде тартқан ақсақал еді. Христиан дініне іш тартатын, бірақ, Шыңғыс ханның Жасағының үкімінен шыға алмайтын», -дейді.

Ал Қутбуддин әл-Юнини: «Татарлар Баалбекті құрсауға алғанда Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын жұмсақ сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария. Салтанатты, өктем. Қамалды көру үшін мешітке кіріп мұнарасына шығады. Кетбұқа ноян сұлтан Құтыздың әскермен қарсы шыққанын естігенде шайқасқа құлшынып шықты. Әдеттегідей жеңемін деп ойлады. Құтыз әскерінің оң қанатын тас-талқан етті, алайда құдай жеңісті мұсылмандарға береді. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен, Құтыздың алдына әкелгенде ол одан: «Әкең қашып кетті ме?» - деп сұрайды. «Ол ешқашан қашпайды» - деп жауап береді ұлы. Біраздан соң Кетбұқаноянняң денесі өлгендердің ішінен табылады. Әмір Аққұшаш-Шамсидің қолынан қаза тапқан екен. Баласы оны көргенде қатты жылап, жоқтау салады. Құтыз оны сұрауға алғанда ол: Кетбұқа - татарлардың бақыты еді, оның өлімімен олардың бағы тайды, -дейді. Шынында солай болады, ел хандар қанша тырысқанымен мәмлүктер оларға беріспейді. Мәмлүктерге қарсы шайқастарда олар бірде-бір рет жеңіске жете алмайды,» -деп көрсетеді.

Араб тарихшылары Кетбұқаныңжеңілу себебінің бірі ретінде Хулагудың Ұлы ханның өліміне байланысты Қарақорымға сапар шеккенін келтірсе, ортағасырлық мұсылман тарихшылары оған кереғар мәліметтер келтіреді. Олардың айтуы бойынша Хулагу хан ол кезде Тебриз қаласында тұрып жатады. Әл-Юнини, мысалы: «Татар әскерінің АйнДжалут жерінде талқандалуы сол кезде Кіші Азияда Тебризде отырған Хулагу ханның ашу-ызасын тудырады. Ол империяның шығыс жағындағы иеліктерін кеңейткені үшін өзін Ұлы Хан сайлайды деген сеніммен құрылтайға қатысуға аттанғанымен, Тебриз қаласына келгенде Құбылай Ұлы Хан сайланғандығы туралы хабар келіп жетеді. Ұлы ханды сайлау батыс иеліктердің хандарының қатысуынсыз өткендіктен, Шыңғыс ханның Яссысының талаптарына қайшы келіп тұрса да, Хулагу ағасына деген құрметтен аталған шешімді қабыл алады. Ол Дамаскіге қайтып бара жатқан Шам билеушісі СалахуддинЮсефті жарты жолдан қайтарып алады. «Мысыр елінде мәмлүктер аз, айтарлықтай күштері жоқ деп мені алдадың. Сенің сөзіңе сеніп мен аз әскер жұмсап жеңіліске ұшырадым, - деп, қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын шабуға әмір береді. Баласын қоса өлтірмекші еді, Хулагудың жұбайы Тоқыз қатын оны өлімнен арашалап алып қалады» - дей келеді де, сол кездің ақынының өлеңінен үзінді келтіреді. Ол айтыпты:

Елді татар басты,

Алайда, Мысырдан түркі келіп,

Шамда оларды жеңді, көздерін жойды,

Барлық заттың зауалы өзінің жынысынан келеді.

Айн Джалут шайқасы Ислам тарихындағы өте маңызды шайқастардың қатарына жатады. Хулагу хан әскері тарихта бірінші рет күйрей жеңіліп, бір шайқаста Кетбұқа ноян бар әскерінен айрылады, өзі де қаза табады. Кетбұқа ноянның өліміне қатты налыған Хулагу кек қайтару мақсатында Шам елдеріне жаңа жорық жасауға ұмтылғанымен, сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл ойын жүзеге асыра алмайды. Сонымен қатар, Айн Джалут шайқасында Хулагу әскерлерінің жеңілуі христиан иеліктерінің алысқа кететін жобаларын жүзеге асырмай тастады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға