«КерекRing»: жастарға арналған интеллектуалдық жоба басталды

 ©El.kz
Фото: ©El.kz

Біліміңізді сынап, логикаңыз бен эрудицияңызды көпшілік алдында дәлелдегіңіз келе ме? Онда бұл жоба сіз үшін. El.kz интернет-порталы жаңа танымдық әрі интеллектуалдық жоба – «КерекRing» шоуын бастады.

Бағдарламаға 25 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Қатысушылар әртүрлі тақырыптар бойынша білімін, жылдам ойлау қабілеті мен логикасын сынға салып, үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік алады.

Білімді жастар бас қосатын жаңа алаң

«КерекRing» – логика мен эрудицияға негізделген интеллектуалдық шоу. Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылардың білімін ғана емес, қысқа уақыт ішінде ақпаратты саралап, дұрыс шешім қабылдау қабілетін де бағалайды.

Бағдарлама қазақ тілінде өтеді және аптасына бір рет El.kz-тің YouTube арнасында жарияланып отырады.

Ойын ережесі қандай?

Әр шығарылымда үш қатысушы бақ сынайды. Олар арнайы орындарға жайғасып, жүргізуші қойған сұрақтарға жауап беру үшін батырманы бірінші болып басады.

Ойын барысында қатысушылар бірнеше тақырыптың ішінен өздері таңдаған бөлімді ашады. Әр тақырып бес сұрақтан тұрады. Сұрақтардың ұпайы 10, 20, 30, 40 және 50 болып бөлінеді.

Шоудың тағы бір ерекшелігі – сұрақтардың мәтіні экранда көрсетілмейді. Қатысушылар оларды тек тыңдау арқылы қабылдайды. Экранда тек тақырып атауы ғана беріледі. Бұл ойыншылардың назарын мәтінді оқуға емес, сұрақтың мазмұнын мұқият тыңдап, жылдам ой қорытуға бағыттайды.

Дұрыс жауап берген қатысушы тиісті ұпайға ие болады. Егер қате жауап берсе, сол сұрақтың ұпайы жалпы есебінен шегеріледі. Сондықтан ойын біліммен қатар дұрыс тактика құрып, тәуекелді есептей білуді талап етеді.

Әртүрлі саладағы білім сыналады

«КерекRing-те» қатысушылар тарих, ғылым, әдебиет, өнер, спорт, география, мәдениет және өзге де тақырыптар бойынша білімін сынайды. Әр ойын бірнеше тақырып пен ондаған сұрақтан тұрады. Бұл формат қатысушылардың жан-жақты дайындығын бағалап қана қоймай, көрерменнің де таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа мәліметтермен танысуына мүмкіндік береді.

Жобаның мақсаты – білімге құштар ұрпақ қалыптастыру

«КерекRing» жобасы жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың мақсаты – қоғам назарын игі жаңалықтарға, ел тарихына, ғылымға, өнер мен әлемдік мәдениетке аудару.

Сонымен қатар жоба жастарды ізденуге, алған ақпаратты қысқа уақыт ішінде сараптай білуге және қисынды ойлауға баулуды көздейді. Бағдарлама білімнің құндылығын дәріптеп, жетістікке жетудің ең сенімді жолы – үздіксіз ізденіс пен білім екенін насихаттайды.

«КерекRing» интеллектуалдық элитаның қалыптасуына ықпал етіп, білімге құштар, ой-өрісі кең, зияткер жастардың жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосуды мақсат етеді.

Финалда маусым жеңімпазы анықталады

Әр шығарылымның жеңімпазы, ал кей жағдайда жоғары нәтиже көрсеткен екінші орын иегері де келесі кезеңге жолдама алады. Осылайша қатысушылар кезең-кезеңімен іріктеліп, жыл соңында алдымен жартылай финалда бақ сынайды. Жартылай финалдан сүрінбей өткен үздіктер үлкен финалға жолдама алып, маусым жеңімпазы атағы үшін өзара тартысқа түседі.

Осылайша «КерекRing» бір ғана ойынмен шектелмей, бірнеше кезеңнен тұратын интеллектуалдық додаға айналады. Жоба жастарды білімге ынталандырып, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және интеллектуалдық мәдениетті дәріптеуге бағытталған.

Егер өзіңізді жан-жақты білімді, тапқыр әрі жылдам ойлайтын жас ретінде көрсеткіңіз келсе, «КерекРингке» қатысып, бақ сынап көріңіз. Бәлкім, дәл сіз маусымның бас жүлдесін жеңіп алатын келесі интеллектуал боларсыз.

Оқи отырыңыз