Тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда Кеншілер күні аталып өтеді. Жеті қат жер астында еңбек етіп, ел экономикасына үлес қосып жүрген кеншілердің жұмысы үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Солардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясының «Абыз» кенішінде 6 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жерасты геомеханигі Ақерке Сырымбекқызы да бар. Ол шахтадағы кәсіби жолы, жер астындағы алғашқы күні және кеніштен сахнаға дейінгі өнер жолы туралы El.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Сізді алғаш шахтаға алып келген не нәрсе? Мұғалімдік мамандығыңыз бола тұра, жер астындағы қауіпті әрі ер адамдар көп жұмыс істейтін саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Негізгі мамандығым бойынша жерасты геомеханигпін. Магистратура бітіргеннен кейін өз университетімде ұстаздық қызмет еттім. Бір жарым жыл оқытушы болған кезде бұл салада тәжірибемнің жоқтығын сезіндім. Барлығын теориялық тұрғыдан білсем де, кейбір сұрақтар тәжірибелік тұрғыда түсініксіз болды. Бұл есептерді қай жерде қолданады? Жер астында қандай маңыздылығы бар? Осы сұрақтарға өз-өзіме жауап бере алмадым. Сондықтан кәсіби тұрғыда тәжірибе жинау үшін шахтаға жұмысқа барамын деп шештім. Жоғары білімім мен педагокикалық тәжірибем болғандықтан жұмысқа бірден қабылдандым. «Қазақмыс» корпорациясының «Абыз» кенішінде еңбек етіп келе жатқаныма 6 жыл болды.
Анам шахтаға түсуіме қарсы болды
– Отбасыңыз бұл шешімді қалай қабылдады? «Шахтаға жұмысқа барамын» дегенде жақындарыңыздың алғашқы реакциясы қандай болды?
– Анам басынан бастап шахтада жұмыс істегеніме қарсы болды. «Университетте жұмыс істеп жүргенің жақсы емес пе? Жердің асты қауіпті. Мұғалім болғаның мен үшін мәртебе. Тұрақты, қауіпсіз ғой» дегендей біраз әңгіме айтты. Бірақ мен өз шешімімде қалдым. Ешкіммен ақылдасқаным жоқ.
– Шахтадағы алғашқы күніңіз есіңізде ме? 600 метр тереңдікке алғаш түскенде қандай сезімде болдыңыз, қорқыныш болды ма?
– Жерасты кенішіне ең алғаш түскен сәтім әлі есімде. Өйткені менің нағашыларымның арасында бірнеше буын бойы шахтада жұмыс істеп келе жатқан адамдар бар. Бір күні жұмысқа қабылдандым, шахтаға түсейін деп жатырмын деп Мақсат нағашыма айттым. Ол кісінің жары да кеніште жұмыс істейтін. «Қалың киін. Шахтаның іші суық болады. Аяғыңды жылы ұста. Жүннен тоқылған шұлық ки, мәсі ки», – деп жеңгем көп ақыл айтты. Содан мен кенішке түсетін күні бірнеше қабат қалың киім киіп алдым. Аяғымның өлшемі 36 болса да, бірнеше қалың шұлықты қабаттап, мәсімен 40 өлшемдегі аяқ киімді киіп алып, жүре алмай қалғаным бар. Мен келген кезде шахта 420 метр тереңдікте болған. 6 жылда 600 метр тереңдікке жетті. 200 метр тереңдікті өзім бағыт-бағдар беріп өткіздім десем артық айтпаймын.
Содан кейін жер астына түсіп, барлық жағдаймен танысып шыққан соң, жоғарыға жиналатын жерге жету үшін 406-горизонттан 490-горизонтқа дейін тауға шыққандай жаяу көтерілдім. Сол кезде қатты шаршап, ыстықтап кетіп: «Осы жерге қалдырып кете беріңізші. Осында өлемін», – деп қасымдағы әріптестеріме жылағаным бар.
Уақыт өте келе жаяу жүруге де, жоғары көтерілгенде де, тіпті кіруге қорқынышты кенжарларға баруға да үйреніп кеттім. Мықты әріптестерімнің арқасында көп нәрсе үйрендім. Сол кездегі бас инженерім Қанат Мейрамұлының да маған берген білімі ерекше. Ол кісі кейде ұрысып, айғайлап түсіндірсе, кейде ақылын айтып, сабырмен үйрететін. Соның арқасында жұмыс барысында көп тәжірибе жинадым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кенші болғалы мінезім де өзгерді
– Кенші мамандығы сізді адам ретінде қалай өзгертті? Шахтаға келгенге дейінгі Ақерке мен қазіргі Ақеркенің айырмашылығы қандай?
– Кеншілік мені өте қатты өзгертті. Өйткені университетте оқытушы болған кезде мәдениетке жақын, студенттеріме «сіз» деп сөйлейтінмін. Ол жерде оқытушылар студенттерге үлгі болу үшін әдеп сақтап жүреді ғой. Бала күнімнен ер мінезді болсам да, сол әдеп үлгісін мен де көрсеттім. Шахтаға келген кезде өте қатты өзгердім. Ер азаматтармен жұмыс істегендіктен оларға сөзімді өткізу үшін қатал болуды, жігерлі болуды үйрендім. Ер азаматтардың тілінде сөйлеп, қатал бола бастадым. Сөзбен айтып түсіндіре алмаған дүниелерімді кейде ашумен де жеткізетінмін. Өйткені жұмыс барысында мұндай дүниелер болып тұрады. Қадалған жерінен қан алу сияқты дүние бойымда қалыптасты. Сол себепті қаталмын. Сол жағынан өзгердім.
– Бұл кәсіптің сырт көзге көрінбейтін ең қиын тұсы қандай? Көпшілік шахтер еңбегін ауыр жұмыс деп біледі, ал сіз күн сайын қандай қиындықпен бетпе-бет келесіз?
– Бұл кәсіп шынымен ауыр. Ұқыптылықты, жан-жағыңа қарауды талап етеді. Жұмыс барысында қауіпсіздікті қадағалай отырып еңбек етеміз. Геология, биология сияқты бірнеше саланы білуің керек. Сондықтан өте ауыр. Тек жүрек жұтқан азаматтар мен азаматшалар жұмыс істейтін жер. Кейде ауа аз жерге кіруге тура келеді. Ал кейде мүлдем жарық жоқ жерлерге түсеміз. Су басқан, бұрын қазып кеткен кенжарларға да барамыз. Көрінбейтін, көп айтылмайтын тұсы көп. Жер қабатының құлап кетпеуін де бақылап отырамыз.
Қазір өз шахтамды толық қарап, танығаннан кейін әр қуысын білемін. Қиындықтары өте көп. Оны бір сұраққа айтып жеткізе алмаймын. Ең біріншісі, түпкі кенжарларда жұмыс істеу қиын. Кен қазушылар шахтаның ең қиын нүктесінде жүреді. Біз сол кісілерді бақылап, жұмыс барысын қадағалаймыз.
Ән айтуды шахтада бастадым
– Сіз үшін шахта мен сахнаның айырмашылығы неде? Бірінде каска киіп жер астына түсесіз, екіншісінде ән айтып сахнаға шығасыз. Осы екі әлемді қалай қатар алып жүрсіз?
– Мен үшін шахта – ең алдымен жұмыс пен жауапкершілік. Ал сахнада – шынайы Ақерке, көңілді Ақерке. Шахтада 120-150 жұмысшының жауапкершілігін арқаласам, сахнада тек өзім үшін жауап беріп, еркін ән салатын Ақерке боламын. Шахтада мықты маман болсам, сахнада өнерімді көрсетемін.
Екі жердегі Ақеркенің ұқсастығы – харизмасында шығар деп ойлаймын. Кейде кеншілерді жігерлендіру үшін әнді де, әзілді де айтамын.
– Ән айтуға деген қызығушылығыңыз қайдан басталды? Отбасыңызда өнерге жақын адамдар бар ма? Бала кезіңізде әнші болуды армандадыңыз ба?
– Ән айтуға деген қызығушылығым болмаған. Кенішке келгелі ән айта бастадым. Әріптестерім жігерлендіріп, өзіме деген сенімімді арттырды. Бала күнімде әнші боламын деп армандағаным. Тіпті ойламадым да. Еш жерде ән айтпағанмын. Оқу орнында да мұндай өнерім болған жоқ. Тек үйде өзімше ыңылдап жүретінмін.
Әкем өнерден алыс адам емес. Баян, синтезатор, домбыра, гитара сияқты көптеген аспапта ойнаған. Мықты әнші, асаба болған. «Бұрынғының серісі» десем де қателеспеймін. Әкем ерте дүниеден өткендіктен, оның өнері туралы көп нәрсе есімде сақталмапты. Бала болғандықтан, көп дүниені білмеген де шығармын. Анамның айтуынша, әкем өнерге жақын болған.
Анам медицина қызметкері болса да, ән айтады. Кең диапазондағы әндерді орындайды. Бауырларым да гитара тартып, ән салып жүреді. Отбасымызда бәрі ән айтады. Бірақ бәріміз үйде ғана айтамыз. (күліп) Үлкен сахнаға шыққан – мен ғана.
– Jibek Joly арнасындағы «Кеш емес» жобасының жеңімпазы атанғаныңызды білеміз. Бұл жеңіс сіз үшін қаншалықты маңызды? Шахтадағы әріптестеріңіз бұл жеңісті қалай қабылдады?
– Бұл жобаның алғашқы жеңімпазы болу мен үшін үлкен мәртебе. Ол байқауға мыңнан жүйірік өнерпаздар қатысты. Әріптестерім де қуанып, кеніште ерекше қарсы алды. Үлкен сахнаға басқан алғашқы қадамым болды. Тамара Асар, Айгүл Иманбаева, Жарқынай сияқты танымал өнер иелерінің қолынан жеңіс кубогын алғаныма қуаныштымын. Жеңіске жетемін деп ойлағаным жоқ. Басында 1-2 турдан өтсем соның өзі жетістік қой деп ойлағанмын.
– Кәсіп пен өнердің бірін таңдау керек болса, қайсысынан бас тарту сізге қиын болар еді? Әлде екеуін де өміріңіздің бір-бірін толықтыратын бөлігі деп қабылдайсыз ба?
– Қазір мен кеніште 15 күн жұмыс істесем, 15 күн өнерде жүремін. Сүйіп таңдаған мамандығым болғандықтан шахтаға түспесем, кішкене күйзеліске кіріп кетемін. Өз жұмысымды жақсы көремін. Алдағы уақытта қолдау көрсететін азаматтар болса, сахнаға да шыққым келеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қыз бала үшін ауыр мамандық
– Кеншілер күні қарсаңында өзіңіз сияқты мамандық таңдайтын қыздарға не айтар едіңіз? «Әйел адамның жұмысы емес» деген түсінікке қарамастан шахтаға келгеніңізге бүгін өкінбейсіз бе?
– Қыз балаға бұл мамандық керек емес. Өйткені шахта денсаулыққа көп зиян тигізеді. Суықта резеңке етік кигендіктен суық өтеді. Сондықтан мен қыздарға таңдамаңдар деп кеңес беремін. Бірақ әр адамның өз қлауы бар. Бұл жұмысқа мінезі келетін, жердің астына түсемін деген қыздарға ештеңе кедергі емес.
Ал мен бала күнімнен шахтер нағашыларымды көріп өскендіктен еш өкінбеймін. Осы салаға өз таңдауыммен келдім.
Барлық Қазақстандағы кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Ел бағалайтын кәсіп иесі атаныңыздар. Ал жастарға айтарым, қауіпсіздікке сақ болыңыздар! Жер астында барлығы отбасылары үшін жүр. Сондықтан отбасыларыңызға амандық тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!