Жаңалықтар

Кеңестік кезеңнің идеологиясы бойынша жеңілсек ату жазасына кесілер едік - соғыс ардагері

Кеңестік кезеңнің идеологиясы бойынша жеңілсек ату жазасына кесілер едік - соғыс ардагері
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 09.05.2023 13:57 999

Соғыс ардагері Кеңес одағының жеңіске жетуінің басты  құпиясын айтты. Сол кездегі идеология Кеңес Одағының әскерін жеңіске жеткізді. Шынын айтқанда жас сарбаздарда таңдау болған жоқ. Бізді алға сүйреген жеңуге деген сенім емес, «жеңбесеңдер ату жазасына кесілесіңдер!» деген бұйрық еді. Бұл соғыс біткен соң, араға 5 жыл уақыт салып, туған жер топырағына табаны әзер тиген шымкенттік Мұраталы Төлепбергенұлының айтқаны. Соғыс ардагері El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне бұрын-соңды ашпаған сырын осылай деп ақтарды.

El.kz. Сталиндік жүйеде Отан үшін емес, жаны аман қалуы үшін күрескендер көп болған секілді. Соған қарамай жеңіске жеттіңіздер, сіздерді жетелеген қандай күш?

Мұраталы Төлепбергенұлы: Екі түрлі жағдай бар: үрей мен тәртіп. Ол кезде партия идеологиялық лекция оқыды. «Советтер Одағы біртұтас мемлекет. Ұлтаралық наразылық жоқ. Орыс халқымен бірге басқа ұлттар да тең» деп, күндіз-түні үгіт жүргізіп отырды. Одан кейін қатал тәртіп. Кімде-кім берілген бұйрықты орындамаса, әскери соттың шешімімен ату жазасына кесіледі. Колхоз шаруашылығында да, зауытта да Сталиндік қатаң тәртіп болды. Кеңес әскерінің қару-жарағы да жоқ еді. Германия 1939 жылы соғысты бастағанда қарулы күштері жағынан дүние жүзіндегі ең  мықты мемлекет болатын. 3 миллион 700 мың әскерімен 22 маусым күні шекараны бұзып, 3000 шақырым жерді талқандап тастады. Бір күнде азанғы сағат алты болмай, түннің жарты бөлігінде немістер Киевті бомбалады. Бүкіл шекараны бұзып өтті. Сталин екі аптаға дейін не істерін білмей дал болды, сосын үшінші шілдеде радиодан «Наше дело правое, мы победим!» деп сөйледі. Соны соғыс біткенше естідік. Немістер бізге шабуыл жасағанда олардың жаяу әскері түгелдей мотоциклда отырған. Біреуі мотоциклді айдаса, жанындағысы қолындағы пулеметімен қырып салатын. Ал Кеңес үкіметінде зеңбірек сүйреткен атты әскер «қашар» болатын, айғыр есекті биемен будандастырған – олар арбаны жақсы тартады. Бізде 45 мм зеңбірек, 82 мм миномет болды, соларды атпен тасыдық. Бір атқа оқ тисе, екінші ат зеңбіректі тарта алмайды. Солайша артта қалған ел едік. Сталиннің «бізден басқасы мықты емес» дегені өтірік болып шықты.

El.kz. Сонда қалай жеңдіңіздер?

Мұраталы Төлепбергенұлы:Кеңес үкіметінде 70 миллион халық бар еді. Адамның көптігінен, Ресей жерінің кеңдігінен, жалпы халықты үгіттеп өлген-тірілігіне қарамай барлығын соғысқа салды. Қазақтар шоқпармен соғысып үйренген халық қой, сол көптің рухы жеңіске жеткізді. Алайда өте көп адам қырылды...    

El.kz: Әскерге шақыртылғанда 18-ге енді толған бозбала шағыңыз екен. Қай жерден және қалай кеттіңіз?

Мұраталы Төлепбергенұлы: 1943 жылдың ақпан айында сол кездегі Сайрам ауданына қарасты әскери комиссариаттан шақырту алдым. Ташкент қаласында 6 ай радист болып курс оқыдым, сол жылдың қыркүйек айында соғысқа Калинин облысы, Реткин стансасына аттандым. Артиллерияда кілең орыстардың арасында жалғыз өзім жүрдім. Қанды қырғын аяқталғанша қай жерлерге бармадық?! Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлбергте шайқаста жүрдім. Соғыс аяқталған соң да Германияда болдым. Қазақстанға 1950 жылы келдім.

El.kz: Елге 5 жылдан кейін оралыпсыз. Ауылыңызға жеткенде қандай сезімде болдыңыз?

Мұраталы Төлепбергенұлы: Биттенберг қаласында едім. 1950 жылы Мәскеуге келдім. Казань мен Беллорусь вокзалы арасында жаяу жүкшілер жүретін. Екі чемоданым бар еді. Ішінде сағат, мата, тағы да басқа сатып алынған заттарым салынған. Сол жүкшілер екеуін арқалап әкеліп берді. Алматыға пойыз жүргелі тұр екен, билет сатып алып 2 сағаттан соң жүріп кеттік. Саратовқа келгенде қазақ әйелінің даусын естідім. Бойымда біртүрлі сезім пайда болды, қобалжып, басым айналғандай күй кештім. Қазақ дауыс, қазақты естідім. Орынборға келгенде қазақтар көбейді, ал Аралға жеткенде вагонның іші балық сасыды. Өңшең қазақ әйелдері балық сатып жүр. Содан таңертең сағат төртте Түлкібас стансасына келіп түстім. Ол кезде ауылым Жданов деп аталатын. Үйге баруға дайындала бастап ем, стансаны сыпырып жүрген орыс әйелі қолымдағы екі шабаданымды көріп, шешен, әзербайжандардан таяқ жеп қалатынымды айтты. Сөйтсем олар біз соғысқа кеткенде, ауылымызға жан-жақтан қашып келіп, қоныстанып алған екен. Сонда көрдім қазақтан басқа ұлттардың майданға аттанбай, тығылып қалып кеткенін. Ата-тек, қан, ұлттық жігер, ұлттық болмыс дегенді міне, сол сәтте түйдім.

El.kz: Үйге аман-есен жеттіңіз. Ары қарай тіршілігіңіз қалай жалғасты? Апамды қалай кезіктірдіңіз?

Мұраталы Төлепбергенұлы: 1950 жылдан үш жыл бойы Түлкібас МТС тракторлық бригадасының бригадирі болып істедім. 1958-1959 жылдары Калинин колхозында бухгалтер, 1959 жылдан 1965 жылға дейін осы колхозда ферма меңгерушісі болдым. Ал апаңды көп қыздың ішінен таңдап жүріп алғанмын. Өзімнен 9 жас кіші. Иірсудың тумасы, Аты – Нышанкүл еді. Жүзі жылы, өңі әдемі, өзіме ұнады. 1954 жылы шаңырақ көтердік. Отбасымыз жаман болған жоқ. Сыйласып, ауызбірлікте, тату-тәтті өмір сүрдік...

Кеңестік кезеңнің идеологиясы бойынша жеңілсек ату жазасына кесілер едік - соғыс ардагері 
Мұраталы Төлепбергенұлы 8 перзентінен 19 немере, 10 шөбере сүйіп отырған ардақты соғыс және еңбек ардагері. 1925 жылы 20 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы,  Жаскешу ауылында дүниеге келген. ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа мерекелік медальдармен марапатталған. Ол соғысқа дейін де, соғыстан кейін де туған жер топырағынан алыстамаған. Кейіннен Шымкент қаласына көшіп келіп, балаларын алып шаһарда оқытты. Осы жерден қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды. 2014 жылы Шымкент қаласының әкімдігі қазыналы қарияға 1 бөлмелі баспана кілтін табыстаған болатын. Бүгінде осы шаңырағында жыл сайын көктемде, 9-мамыр күні отбасы мүшелері түгелімен арнайы бас қосып отырады. Қуанышты сәттің біріне біз де куә болып, тұңғышы Балқия Төлепбергеновамен пікірлестік. Жасы 67-де болса да өз әкесі үшін қызы кіп-кішкентай бала тәрізді көрінді. Оны жылы сөзімен қанаттандырып, мақтап отырды. Балқия апай анасынан көп жыл бұрын көз жазып қалғандарын, сол үшін де әкесінің ұлдардан бұрын қыздарға басқаша қолдау танытанын айтып жеткізді.

Әкем жастайынан Сталиндік қатал тәртіпті көрсе де бізге аса қатал болмады. Барлығын тек сөзімен ұғындыратын. Ойын бірден қас-қабағына қарап-ақ ұғынамыз. Өзі еңбекқор кісі. Зейнетке шыққанша таңғы алтыдан кешкі тоғызға дейін трактордан, одан соң ат үстінен түспейтін, - деді Балқия. 

Ол әкесі үнемі дене қозғалысында жүргендіктен шығар әлі күнге ширақ деп отыр. Сөзі де, өзі де немере, шөберелерін танудан қалған емес. Бізге материалдық байлықты бірінші орынға шығармауды үйретті, одан бұрын адамда құндылық болады деп ұғындыратын. Бәрінен де білімді болуды, адамгершілік ардан аттамауды бойымызға сіңіріп өсірді. Содан ешқайсымыз жаман болған жоқпыз деп айтты. 

Бүгінгі таңда Мұраталы Төлепбергенұлы ең кенже ұлының қара шаңырағында екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға