Жаңалықтар

Кеңес Рақышев бокстың ерекше жанкүйеріне қомақты қаржы сыйлады

Кеңес Рақышев  бокстың ерекше жанкүйеріне қомақты қаржы сыйлады
Фото: ҚР бокс федерациясы 04.06.2023 17:27 833

Қазақ боксының жанкүйері Әбу Жолдасовпен федерация президенті Кеңес Рақышев жүздесіп, қаржылай сыйлықты табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақ боксшылары қатысатын жарыстарда үнемі жанкүйерлер арасында ерекше көзге түсіп жүрген ақтаулық Әбу Жолдасовты шетелдік спортсүйер қауым да жақсы таниды. Таяуда Ташкенттегі әлем чемпионаты кезінде қолында барабаны бар қазақ жанкүйері ретінде оған күллі әлем куә болды.  

Белсенді жанкүйер Абу Жолдасов Жанаөзен қаласында дүниеге келген. Ол 2011 жылда бері бокстан ұлттық құрама мүшелерін үздіксіз қолдап, жарыстарда тұрақты жанкүйер болып жүр. Бакуде өткен әлем чемпионатынан кейінгі біріншіліктердің барлығына қатысқан Әбу Ташкентте қазақ боксының фан-клубын ұйымдастырды. Сонымен қатар трибунадағы жанкүйерлердің әрекетін үйлестіріп, басқара білді.

Таяуда Алматыда боксшылар мен жаттықтырушыларды және чемпиондардың аналарын марапаттау рәсімінде Абу Жолдасов ең құрметті қонақтардың бірі ретінде сыйлыққа ие болды. Кеңес Рақышевтің арнайы шақыруымен келген Абу Жолдасовқа 3 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сертификат тапсырылды. 

Әбу Жолдасов биыл Қытайда өтетін Азия Ойындары мен келер жылы Парижде болатын Олимпиада Ойындарына баруды жоспарлап жүр. Сын сағатта шаршы алаңға шыққан отандық боксшыларды қолдауда ерекше қанаттыратын жанкүйер қазақ боксының болашағына кәміл сенеді. Кезінде еркін күреспен айналысқан Ә.Жолдасовтың қазақ спортына, оның ішінде боксқа деген құрметі көпшілікті тәнті етіп жүр. 

 
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға