459.92
505.77
6.57

Кемеңгер Майқы би

Бірде Майқы би мәжіліс кезінде қалғып кетеді. Онымен қатар отырған кіші билер мұнысын өздерін менсінбегендікке балап, жамандыққа жориды.
19.08.2014 04:26 13954

Ш

Бірде Майқы би мәжіліс кезінде қалғып кетеді. Онымен қатар отырған кіші билер мұнысын өздерін менсінбегендікке балап, жамандыққа жориды. Біреуі бүйірінен түртіп қалады. Сонда Майқы би көзін ашып: «Ойпырмай, оятып жібердіңдер-ау, түсімнің аяғын көріп үлгермедім!» - депті. Бет-жүзі құбылып өзгеріп, қатты қапаланғаны сонша, отырған жұрт шошып кетеді. Майқы әңгімесін жалғайды: «Көзі қысық, тісі қисық жаудан емес, көзі шегір, өзі жемір жаудан зұламат келер. Ұрпағым содан қатты азап шегер. Керегелері қирап, шаңырағы шайқалар, бүліншік келіп, жұрт апатқа ұшырар. Түсімнің соңында халқымның шегір көзді жебір мен жемірден құтыла бастағанын көрдім. Әттең,осы арада сендер мені оятып жібердіңдер».

Ортағасырлық белгілі тарихшы ғұлама Рашид әд-Дин «Жамиғ-ат-Тауарих» кітабында екінші Майқы бидің Шыңғыс хан заманында өмір сүргенін, оның оң қолы, кеңесшісі әрі қолбасшысы болғанын жазады.

Шыңғыс хан кезекті жорыққа аттанғанда өз орнына сеніміне әбден кірген биді қойып кетеді екен. Ұлы ханның үлкен ұлы Жошы Батысқа жорыққа шыққанда Майқы би әсукрдің оң қанатын басқарып, шайқастарда көптеген жеңістерге жетеді. Ол Дешті Қыпшақ деп аталатын ұлан-ғаыр өлкені билейді. Бұл жайында моңғолдың «Алтыг топшысында» айтылған.

 1206 жылы Шыңғыс ұлы хан болып жарияланғанда, бағынышты жерлердің көптеген көсемдері мен билеушілері оған құтты болсын айтуға барады.

Бұл жөнінде қазақты ұлы ақыны Абай былай деп жазады: «Моңғолдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерге барғаны мағлұм емес, сөйтсе де, осы Шыңғыс тауында, әскері Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі моңғолдың өз заңы бойынша «хан» дейтін үлкен биіктің басына ақ киізге Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігінің Хан аталмақ себебі де осында болса керек... Сол он екі кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал болған. Майқы сол кісі... қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылып, бұларды Шыңғыс хан өзінің Жошы деген үлкен баласына билетіпті».

Майқы би – кезінде қазақ халқының бірлігін сақтап, біртұтас ел болуы жолында көп еңбек сіңірген қайраткер. Халық аңызында Орманбет би өліп, он сан ноғайлы ел бөлінгенде Майқы би қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер ретінде сипатталады.

Аңыз бойынша, Майқы би қазақ руларын үш жүзге топтаған. Үйсін бастаған ру-тайпалар – Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған рулар – Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған рулар – Кіші жүз деп аталады.

Ежелгі Қазақстан әфсаналары / Жанайдаров, Орынбай;

Алматы : Аруна, 2008

 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар