Жаңалықтар

Келесі жылы 221 мектептің құрылысы басталады

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі мәлім етті
Келесі жылы 221 мектептің құрылысы басталады
Фото: sn.kz 30.12.2022 16:07 1319

Балалар жылын іске асыруға 12 орталық, 20 жергілікті мемлекеттік орган, 130 үкіметтік емес орган және 20 мыңнан аса оқу ұйымдары қатысты. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Балалар инфрақұрылымын жақсарту, аула алаңдарын дамыту және жаңа заманауи нысандар салу, олардың әл-ауқатын арттыру бағытында 1691 нысан ашылды. Оның ішінде 30,9 мың орынға 458 мектепке дейінгі ұйым ашылса, жыл басынан бері 153 мың орынға арналған 254 жаңа мектеп ашылды», - деді вице-министр.

Мемлекет басшысының тұжырымдамасымен 2023-2025 жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда 222 мыңнан аса жаңа орын ашу жоспары бекітілген. 2023 жылы сонына дейін 81 мың орын ашылатынын атап өтті.

«2026 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жоба шеңберінде 842 мың орынға арналған 401 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2023 жылдың өзінде ұлттық жоба аясында 221 мектептің құрылысы басталып, 121 мың оқушы орындығына арналған 130 мектеп ашылмақшы», - деді Ғани Бейсембаев.

2023-2029 жыл аралығында 100 заманауи оқушылар сарайы, музыка және өнер мектептері, оқушылар үйлері, қосымша білім беру орталықтары және қала сыртындағы 50 жаңа сауықтыру лагерлерінің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға