Келесі маусымда да керек болмайды: жаздан қалған 5 артық зат

Келесі маусымда да керек болмайды: жаздан қалған 5 артық зат
Фото: AI көмегімен жасалды

Жаз бітіп, күн салқындай бастады. Енді жеңіл киімдерді жинап, күзгі дүниелерді шығаратын кез. Осы сәтті пайдаланып, үйдегі заттарды да бір реттеп алған дұрыс. Өйткені үш айдың ішінде ненің жиі пайдаланылғаны, ал ненің сол күйі сөреде қалғаны белгілі болды. Ендеше келесі жазға дейін босқа орын алып жатпас үшін қандай заттарды қазірден сұрыптап қойған жөн?

Жағажайға арналған заттарды сұрыптаңыз

Алдымен жағажайға, бассейнге немесе табиғат аясына шыққанда пайдаланған заттарды сұрыптап алған дұрыс. Күннен қорғайтын крем, жәндіктерге қарсы құрал мен жағажайға киетін аяқкиімнің жарамдылығына назар аударыңыз.

Әсіресе күннен қорғайтын кремнің қалай сақталғаны маңызды. Егер ол ұзақ уақыт көлікте немесе ыстық жерде тұрса, жоғары температура әсерінен құрамы өзгеріп, күннен қорғау қасиеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан мұндай кремді келесі жазға қалдырмаған дұрыс.

Суға түсуге арналған киімдерді де естен шығармаңыз. Күнге оңып, созылып кеткен немесе хлорлы судан тозған киім бұрынғы қалпын жоғалтады. Ал әбден тозған жағажай аяқкиімін тағы бір жыл сақтап қоюдың мәні жоқ.

Баланың жаздан қалған киімдерін бір қарап шығыңыз

Жазғы лагерьге, спорттық жарыстар мен түрлі шараларға қатысқаннан кейін баланың киімдері көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе лагерьдің, жарыстың атауы немесе түрлі жазуы бар футболкалар жиналып қалады. Алғашында естелік ретінде сақтағанмен, кейін олардың көбі киілмей, шкафта жата береді.

Балаға ұнайтын немесе белгілі бір сәттен естелік болып қалған бірнешеуін қалдыруға болады. Ал жақсы сақталған, бірақ киілмейтін киімдерді басқаға берген жөн. Тозып кеткендерін де босқа сақтай берудің қажеті жоқ.

Оқу жылы басталғанда киім-кешек те көбейеді. Сондықтан қажетсіздерін қазірден сұрыптап, шкафтан орын босатып қойған жөн.

Қақпағы жоқ ыдыстарды сұрыптаңыз

Асүйде тамақ сақтауға арналған ыдыстар да біртіндеп көбейіп кетеді. Бірінің қақпағы жоғалса, енді бірі жарылып немесе майысып, қолдануға жарамай қалады. Соған қарамастан мұндай ыдыстар шкафта ұзақ уақыт тұра беруі мүмкін.

Мектеп пен жұмыс басталғанда тамақты үйден салып алып шығатындар үшін мұндай ыдыстар жиі қажет болады. Сондықтан олардың қақпағын сәйкестендіріп, бүтін әрі күнделікті қолданатындарын ғана қалдырған дұрыс.

Жарылған, пішіні өзгерген немесе қақпағы жоқ ыдыстардан арылған жөн. Ал пайдалануға жарамай қалған пластикті мүмкіндік болса, қайта өңдеуге өткізуге болады.

Киілмеген киімдерді келесі жазға қалдырмаңыз

Шкафта «бір күні киермін» деп сақтап қойған киім әркімде кездеседі. Алайда көйлек, шорты немесе жеңіл аяқкиім осы жазда бір рет те киілмесе, оның келесі маусымда да қажет бола қоюы екіталай.

Жаз біткенде гардеробты реттеп алған ыңғайлы. Осы кезде қай киімнің жиі киілгені, ал қайсысының шкафтан мүлде шықпағаны анық байқалады.

Әрине, естелікке сақталған немесе ерекше күндерге арналған киімдер бұл қатарға кірмейді. Ал бірнеше маусымнан бері киілмей жүргендерін сатуға, басқа адамға беруге немесе қайырымдылыққа өткізуге болады.

Балкон мен ауладағы заттарды да реттеңіз

Жазда балконда, аулада немесе саяжайда пайдаланған заттарды да реттейтін кез келді. Күнге оңған жастықтар, тозған төсеніштер мен таусылуға жақын масаға қарсы шамдарды келесі маусымға дейін сақтай берудің мәні жоқ.

Жазғы заттарды жинағанда олардың қайсысы келесі жылы кәдеге жарайтынын да ескеріңіз. Әбден тозған немесе пайдалануға жарамай қалған дүниелер қыста тек орын алып тұрады.

Әрине, жаз бітті екен деп үйдегі заттың бәрінен арылудың қажеті жоқ. Дегенмен бірнеше ай бойы қолданылмаған немесе әбден ескірген дүниелерді бір реттеп, қажетсізінен арылып қойған дұрыс.

Оқи отырыңыз