Жаңалықтар

Кедендік тазарту арзандаса, елімізге пайдалы болар еді - кәсіпкер

Кедендік тазарту арзандаса, елімізге пайдалы болар еді - кәсіпкер
Фото: Коллаж El.kz 25.06.2024 13:28 690

Қазір қазақстандықтардың көбі шетелден көлік алдырғанды тиімді санайды. Оның үстіне Грузия, Оңтүстік Корея, АҚШ және Дубайдан көлік таситын делдалдардың да қатары көбейген. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сырттан келетін көліктердің тиімділігін білу үшін шетелдік көліктерді алып-сатумен айналысатын азаматпен тілдесіп қайтты.

Нұрбол Жолым есімді азамат осыдан бір жыл бұрын отбасымен Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласына көшіп, бүгінде көлік сатумен айналысады. 

Былтыр шетел асу ойы мазалап, көп елдердің арасынан Араб Әмірліктерін тандаған едім. Басында ағам екеуіміз сапарлап келдік. Жұмыс талғамай, тіл білгендіктен «бір реті болар» деген ой ғана болды. Нарықты зерттеп, бір айдың ішінде көлік саласына тоқтап, жұмысты лезде бастап кеттік,-дейді ол.

Нұрбол кішкентайынан автокөліктерге қызығып өскен. Бұл саланың жүрегіне жақын болғаны соншалық, шешім қабылдар сәтте көп ойланбастан, білек сыбана кірісіп кеткен көрінеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, БАӘ-ге көбіне соғылған көліктер шетел асып келеді екен.

Америкалық сақтандыру аукциондарынан Дубайға көптеген көлік жөнелтіледі. Біз солардың арасынан алушыға ұнағанын тауып, жөндеп, Қазақстанға жіберіп отырамыз, - дейді.

Кедендік тазарту арзандаса, елімізге пайдалы болар еді - кәсіпкер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

БАӘ - әлемдік автомобиль саласындағы үлкен хаб. Бұл жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен көліктер келіп, басқа елдерге тарайды. Мәселен,  АҚШ-тан келген көліктер Араб Әмірліктерінен ТМД елдеріне кетеді. Таяу шығыстағы Ирак, Иранға, Сауд Арабиясы, Бахрейнге де жөнелтіледі. Одан бөлек Африка елдеріне жіберілетіндері бар.

Біріккен Араб Әмірліктерінде салық мөлшері аз болғандықтан, бұл сала қатты дамып кеткен. Көліктің кез келген моделін табуға болады, - деп нақтылады кәсіпкер.

Айта кету керек, Араб Әмірліктеріндегі Шарджа қаласы Дубайдың қасындағы авто орталық болып саналады. Бұл жақта мыңдаған автосалон, үлкен автобазарлар, аукциондар бар. Сол себепті БАӘ-де жұмыс қарқынды жүруде. 

Дубайдан Қазақстанға және ТМД елдеріне жаңа, жүрілген немесе базарда тұрған көліктерді аукционнан алып, жөндеп, елге жіберіп жатады. Алушылар үшін ең тиімді жол болғандықтан, осы бағытта жүруді ұйғардық, - дейді Нұрбол Жолым.

Оның айтуынша, сатылымға түспестен бұрын көліктер тыңғылықты тексерістен өтеді. Күнделікті аукционға барып, көліктердің арасындағы жақсы дегендерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарнамасын жасайды. Қызығушылық танытқандар сол жерден хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Ал ол сол жерден аукцион ойнап, ұтып, көлікті жөндеп иесіне жібереді.

Әр аукционға жүздеген көлік қатысады. Бір аукционда 150 көлік болса, екіншісінде 250-300 көлікке дейін барады. Бір күнде оншақты көлікті сынап,  арасынан ең жақсы, ұялмай көрсете аламыз дегенін ғана әлеуметтік желідегі парақшамызға жүктейміз. Көліктің жағдайын нақты анықтауға тырысамыз. «Жарақаты жеңілдерін» таңдап, толық тексерістен өткізіп, видеоға түсіреміз,- деп түсіндірді ол.

Отандық көліктер мен шетелден келетін машиналардың техникалық сипаттамасы мен сапа стандарттарына тоқтала кеткен маман, олардың айырмашылықтарын тізбектеп өтті.

Қазақстандық және шетелдік көліктердің айырмашылығы әр маркада әртүрлі болады. Қазақстанда жиналатын Hyundai көліктері мен Дубайда, Америкада немесе Кореяда шығатын Hyundai-ды салыстырсақ, айырмашылықтары жер мен көктей. Бірінші айырмашылығы жиынтығында (комплектация) деп ойлаймын. Отандық жиынтықтағы көліктің сапасы сәл төмендеу болады. Білуімше, қазақстандық көліктердің бояу сапасы да кей кездері сын көтермей жатады, - деді кәсіпкер жігіт.

Электрокарлар туралы сөз болғанда, сұраныстың жоқтығы айтылды. Оның да өз себептері бар екен. Біріншіден, электр көліктерінің саны шектеулі. Екіншіден, кейіпкеріміз электрокарларға қызықпайды-мыс.

Кедендік тазарту арзандаса, елімізге пайдалы болар еді - кәсіпкер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қарапайым халық шетелден келген көліктерді ұрланған болуы мүмкін деп қорқып жатады. Осы ретте сұрақты ашығынан қойып, бүкпесіз жауабын алдық.

Шетелден келген көліктердің ұрланған болуы сыбыс емес. Бар нәрсе. Көбіне Канададан келген көліктердің қолды болғаны анықталып жатады. Басым көпшілігі – Біріккен Араб Әмірліктеріне келген көліктер. Бұл жерде Интерпол жұмыс істемеген соң, ұрланған көліктер проблемасыз жүре береді. Бұл көліктер Ресейге немесе Қазақстанға жеткенде, сатып алған адам хабарсыз күйде 1-2 жыл айдап жүруі мүмкін. Бір күні көлік Интерпол базасында шығып қалып, сатып алушылар сан соғып қалып жататын кездері болады. Канадалық көліктерді шетелге шығаратын кезде кедендік бақылаудан өткізбей жатады. АҚШ-тан немесе Кореядан келген көліктердің барлығын сеніммен алуға болады, - деп сендірді отандасымыз.

Кедендік тазарту арзандаса, елімізге пайдалы болар еді - кәсіпкер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Нұрбол сияқты Дубайға сауда жасауға келетін сатушылар көп. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжаннан келген жігіттер бар. Сондай-ақ, Иран, Ирак, Африка елдерінен келіп көлік сататындар да жетерлік.

Біздің компания Қазақстанға ғана көлік жібереді. Басқа елдерден клиент жоқ. Бұл – менің жеке таңдауым. Әлеуметтік желіге жүктеген видеоларымды да қазақ тілінде жасауды жөн көрдім. Менің клиенттерім – қазақ азаматтары. Бүгінде АҚШ-тан келген көліктерді ғана ұсынамыз,-деді ол.

Америкадан көліктер Дубайға контейнермен келеді. Аукционнан алынған көліктер жөнделіп, көлік тасымалдайтын компаниялар арқылы иесіне жөнелтіледі. Компания көлікті Иранға кемемен жібереді. Сон соң, Каспий теңізінің жағалауына дейін автовозбен Иранды шарлап, ол жақтан кемеге тиеліп, ақыр соңында Ақтауға жетеді.

Бір-екі қымбат көлігімізді Қырғызстан арқылы жібердік. Себебі қырғыз елінде кедендік тазарту арзанға түседі. Кәдімгідей үлкен айырмашылық байқалады. Сол себепті қымбат көліктерді көбіне Қырғызстан арқылы жіберіп жатады.  Кедендік тазартуға кеткен ақша Қырғызстанда қалып жатыр. Қазақстанда кедендік тазарту бағасы сәл арзандаса, өзге елге кеткен ақшаның барлығы елімізде қалатын еді,- дейді отандасымыз.

Шетелден барған мыңдаған көлік Қазақстанға жеткенде міндетті төлемдерді қажет етеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің бекітілген кестесі бойынша кедендік тазарту есептеледі. Ал әр марканың, модельдің бағалары әртүрлі болады. Одан бөлек кәдеге жарату алымы төленеді. Алғашқы тіркеу құны да бар.

Нұрбол жұмыс істейтін компания Қазақстанға көп көлік жібермейді. Бар болғаны айына екі-үш көлік қана. Ол басқаларымен салыстырғанда - өте аз.

Кәсібіміздің қиын тұсы - тапсырыс берушіге өзі қалағандай көлікті тауып беру. Көлік таңдалған соң, соғылған көлік болғандықтан, жөндеуі тағы бар. Жөндеу жасау - басты қиындықтардың бірі. Сапалы бөлшектер, жайлы көлікжай табу қажеттігі де туындайды. Ашығын айтқанда, бұл саладан хабары бар, қолынан іс келетін адамдар аз. Көп жағдайда көлікжайлар, жөндеу орталықтарымен дұрыс тіл табыса алмайды, - деп түсіндірді ол.

Кейіпкеріміз көбіне әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тапсырыс қабылдайды. Бәссаудаға күніне жүзден, тіпті мыңнан астам көлік келеді. Арасынан керегі табыла бермейді. Оның басты қағидасы - жақсы көліктерді ғана ұсыну.

Өз талғамымнан шықпайтын көліктерді алушыларға мүлдем ұсынбаймын,- дейді ол.  

АҚШ-тағы аукциондардың онлайн сайттары мен мобильді қосымшалары болады. Сатушылар қажетті көліктерді ұтып жатса, онлайн түрде ақшасын жібереді. Сондай-ақ, аукциондармен тікелей жұмыс жасайтын компаниялар бар. Көлік тасымалдау компаниялары да үлкен аукциондармен келісім-шартқа отырады. АҚШ-тан сатып алынған көлік шамамен екі айда келеді. Келген көліктер жөнделіп, Қазақстанға жіберіледі.

Америка аукционындағы көліктер базада тұрады. Кез келген уақытта  көліктің VIN коды арқылы тексеріп, оның толық жағдайын анықтап көреді. Артықшылығы – осы.  

Қазақстанда осы тектес бірегей база жоқ. Алданып қалу оп-оңай. «Соғылмаған» деп сылтауратып, аударылып кеткен көліктерді де сата береді. Бұл жүйені айналып өтіп жатқан алаяқтар қаншама?! Олар базадағы қымбат көліктердің «тарихын» ақша беріп өшіртіп жатады,-дейді кәсіпкер.

Елімізде Қытайдан келетін көліктер көбейгендіктен 5-6 жыл бұрынғы бағалар қазір жоқ. Бұл Қазақстан нарығындағы көліктердің аспандап кеткен бағасын біраз қалыпқа түсірді. Бүгінде еліміздің ең үлкен мәселе утильсбор болып тұр. Одан бөлек, алғашқы тіркеу мен кедендік тазартуды қоспағанда, шетелден 5 млн-ға алған көлік бағасы 10 млн-ға жуықтайды. Бұл - үлкен кемшілік. Сол төлемдердің біразын алып тастасақ,  ескі көліктер азайып, жаңалары көбейетін еді. Бұл – спикеріміздің ойы.  

Жұмыс энергияны, көп уақыт пен сарқылмас күшті талап етеді. Ал түсетін табыс жұмсалған күш-жігерді ақтамай жатады. Сол себепті болашақта басқа салаға кетпек ойым бар,- дейді кәсіпкер Нұрбол Жолым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға