Жаңалықтар

Кеңес Одағының батырлары

Савва Владимир Артемович 1923 жылы 22 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Красноармейск (қазіргі Тайынша) ауданындағы Мироновка селосында туған.
03.09.2014 13:33 5280

Савва Владимир Артемович 1923 жылы 22 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Красноармейск (қазіргі Тайынша) ауданындағы Мироновка селосында туған. Орта мектепті Жамбыл облысындағы Меркі ауылында бітірген. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. 1942 жылы Гомельдің жаяу әскер училищесін бітірді. Ұлы Отан соғысына осы жылдың мамырынан қатысқан. Воронеж майданындағы 3­армияның батальон командирі, капитан В.А. Савва 1943 жылдың 27 қыркүйегінде еш шығынсыз және шеберлікпен Днепрден өтті. Вышегородской ауданындағы Лютеж  селосы  маңын­ да маңызды бекіністі алып, өзіміздің әскери бөлімшелер келгенше ұстап тұрды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 29 қазандағы жарлығымен Владимир Артемович Савваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін де Савва Кеңес Армиясындағы  қызметін  жалғастырды. Ленин, 2­дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Майор Савва 1947 жылы 17 қыркүйекте қайтыс болды. Мәскеудегі Новодевичье зиратына жерленген. Меркі ауданындағы Меркі орта мектебіне оның есімі берілген. Мектеп ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта қойылған.

 Свечников Павел Семенович 1926 жылғы каңтарда Солтүстiк Қазақстан облысы Сергеев ауданындағы Коноваловка селосында туған. 1932 жылы оның отбасы Фрунзе қаласына көшiп барады. Сонда ержетiп, Қызыл Армияға шақырылған.

Әскерге шақырылып, ерлiкпен қаза тапқан әкесiнiң кегiн алу үшiн Павел жасына бiр жас қосып алып, 1943 жылы мектеп партасынан соғысқа кiрiп кеттi. Сөйтiп, өшпес өмiр тұғырына мәңгiлiкке көтерiлдi.

317­гвардиялық истребитель­танкiге қарсы артиллерия полкының (Воронеж майданы, 47­армия) көздеушiсi гвардия сержанты Свечников 1943 жылдың қыркүйегiнде расчет құрамында Студенец тұсында (Черкасск облысы Канев ауданы) Днепрден өтiп, дұшпанның бiрнеше атыс ошағын құртты. Сөйтiп, ол плацдармды басып алуға септiк жасап, өзге бөлiмшелердiң өзеннен өтуiн қамтамасыз еттi.  1943  жылғы 17 қазанда неміс танкiлерiмен тiркеусіз жүретiн ату құралдарына қарсы шайқаста өжеттiк, табандылық пен батырлық көрсеттi. Жау танкi 30­40 метр жерге келiп қалды. Свечников жекпе­жекке шықты. Ол өз қаруынан оқ жаудырып, танкті жайратып салды. Командир қатардан шығып қалғанда басшылықты өзіне алған Свечников анталаған танктермен атыса берді.

Оның батыл қимылының арқасында жаудың екі танкі жайрап, 15­тей жауынгері жер жастанды.

Осы ерліктері үшін П.С. Свечниковке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 24 желтоқсанындағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Свечниковтың ақтық шайқасы жөнінде Кеңес Одағының Батыры Г.В.Голещихин былай дейді: «Бұл Украин ССР­індегі Умань қаласының түбінде болған еді. Біздің полк алғы шепке келіп жетті. Түнде біз ор қазып бекініп алдық. Біз жау танкіне қарсы аттанамыз. Олар теміржол бойына орналасып, қолайлы орын теуіпті. Ауыр шайқаста жау Свечниковтың қаруын қиратты. Бүкіл расчет көз жұмды. Ауыр жараланған Павел медсанбатқа жете алмай, жол үстінде жан тапсырды».

Қырғыз ССР­і Сокулук ауданындағы Қызылту селосында бір көше оның есімімен аталады.

 Скачков Виктор Михайлович 1923 жылы Қорған облысы Половин ауданындағы Давыдовка селосында туған. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Скачковтардың отбасы Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы «Қызыләскер» кеңшарына көшіп келеді. Ол мектепте мұғалім болып, химиядан, сызудан, суреттен сабақ береді.

Скачков Қызыл Армияға 1940 жылы алынады. Ол Белоруссияда соғысқа кірді. Ауыр соғыс жылдары басталды да кетті. Қорғаныстағы қиын шайқастар кезінде ол басқа да жаяу әскерлер сияқты танктерге қарсы соғысты.

Бұлардың кейін шегінуіне көмектесіп жатқан взвод жайрап қалды. Қаңғырған жарықшақ Викторды сол қолының қарынан жаралап кетті. Қан атып берді. Бірақ Виктор санитардың жәрдемін тосып тұрмай, шептен кетпестен соғыса берді. Бірақ ол тағы жараланып, бұл жолы аяғына оқ тиді. Ол үшінші рет жараланғанда ғана госпитальге барды.

Госпиталь бастығы Виктордың «Дені қарным­сау. Мені шығарып, танк жүргізетін механиктер курсына жіберіңіз» деген өтінішін әлденеше мәрте алды. Әуелі Челябинскідегі жүргізуші­механиктер курсына, кейін Ульяновскідегі В.И. Ленин атындағы 1­гвардиялық орденді танк училищесіне жіберді. Училищені үздік бітіріп, 8­жеке гвардиялық Қызыл Тулы танк полкына жолдама алды.

Кіші гвардия техник лейтенанты В.М. Скачков жүргізген

«КВ» ауыр танкі Прибалтиканы азат етудегі алғашқы ұрыстарда­ақ ішінде бір «Тигр» бар немістің төрт танкісін, бірнеше тіркеусіз жүретін қаруларын және пулемет ошақтарын талқандады.

1944 жылғы 24­25 желтоқсанда Латвияның Пиэнава қаласының түбінде аса мықты бекінген жау қорғанысын бұзу кезінде өжет жауынгер өз танкісімен жау шебіне тайсаламай жетіп, дұшпанның бірнеше атыс ошақтарын күйретті. Оның осы шебер қимылының арқасында жау қорғанысы бұзылды.

1944 жылғы 26 желтоқсанда немістер жанталаса қарсы шабуылға шықты. Жаудың жиырма танкісі мен тіркеусіз жүретін қарулары ұрысқа кірді. Біздің танкистер тойтарыс беріп, жаудың бетін қайтарып тастады. Ұрыс үстінде Виктордың танкіне жау оғы келіп дөп тиді. Экипаж түгелімен жараланды.

Жолдастарына шегінуге бұйрық берген  Виктор Скачков моторға от алдырмақ болып әрекетке түсті. Сөйтіп, танкті қатарға қоспақ болды. Фашистер оның танкіне жан­жақтан оқты жаудырды. Артиллерия снаряды келіп тигенде өжет танкист ауыр жараланды. Машинаның моторы отқа оранды. Отанның адал ұлы сол оттың ішінде өзі де жанып кетті, бірақ машинасын жау қолына қалдырмады.

Ұрыс даласында көрсеткен жанкешті ерлігі мен қаһармандығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурызындағы Жарлығымен Виктор Скачковқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1968 жылы жерлесіне тағзым еткен қызыл әскерліктер кеңшардың орталық қонысында Виктор Михайлович Скачковқа ескерткіш орнатты. Қызыләскер орта мектебіне оның аты берілген. Мұнда В.М. Скачковтың суреті ең көрнекті жерге ілінген.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға