Жаңалықтар

Кажылыққа апарамыз деп 33 млн теңгеге алдап кеткен компания басшысы ұсталды

Бұл туралы Шымкент ПД мәлім етті
Кажылыққа апарамыз деп 33 млн теңгеге алдап кеткен компания басшысы ұсталды
Фото: stan.kz 31.01.2023 13:39 982

Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, 26 қаңтарда Еңбекші АПБ-на алаяқтық жайты бойынша ерлі-зайыптылар арызданды. Күйеуі мен әйелі Сауд Арабиясына баруға «Каусар-травел» туристік агенттігі жолдама уәде еткенін айтады. Олар өз қызметін 1 000 000 теңгеге бағалаған.

Алайда 13 қаңтарда шетелге ұшу керек болған ерлі-зайыптылар уәде етілген әуе билеттері мен елден шығу визасын ала алмаған. Компания директоры қоңырауларға жауап бермей, жұмыс орнына іздеп барғанда ол жерде болмай шыққан.

«Осындай арызбен полицияға аталған турагенттіктің алаяқтық құрбаны болған тағы 48 адам жүгінді. Олар Шымкент және Алматы қаласының тұрғындары. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 33 миллион теңгені құрады», - делінген ПД хабарламасында.

Полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тәртіп сақшылары белгісіз бағытта жасырынған компания директорын іздестіруге кірісті. Оны іздеуге бес күн қажет болды.

«Жедел іс-шараларды өткізу барысында Еңбекші АПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері ер адамның Алматыда жасырынып жүргенін анықтады. Ол Медеу АПБ-ның әріптестерімен бірге жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға