Алматыда университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатымен қатар өткен Kazakhstan vs World халықаралық шахмат матчы өз мәресіне жетті. Жарыста Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы рапид пен блиц бойынша әлем құрамасынан басым түсті. Ал қыздар арасындағы кездесуде жеңіс әлем құрамасына бұйырды.
Қазақстандық ұлдар әлемдегі үздік командалардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді
Матчқа 8 жастан 18 жасқа дейінгі (U8-U18) ұлдар мен қыздар құрамалары қатысты. Алдымен қатысушылар рапид, кейін блиц форматында бақ сынады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады.
Рапидте Қазақстанның ұлдар құрамасы әлем құрамасын 14,5:9,5 есебімен жеңді. Жеңіске Эдгар Мамедов пен Сауат Нұрғалиев ерекше үлес қосып, әрқайсысы 3,5 ұпайдан еншіледі.
Ал қыздар арасындағы матчта әлем құрамасы 18:6 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов әлем құрамасына қарсы матч өткізу идеясы қазақстандық жасөспірімдер құрамасының соңғы жылдардағы жоғары нәтижелерінен туғанын айтты.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы екі жылда біздің жасөспірімдер құрамасы әлемдегі ең үздік команда болды. Сондықтан біз тәуекелге барып, әлем құрамасына шақыру тастадық. Бұл, әрине, үлкен тәуекел еді. Бірақ біз өз күшімізге сендік. Командамыз сенімді ойын көрсетіп, жеңіске жетті. Университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты аясында өткен бұл матч бүкіл турнирдің көркін қыздырған ерекше оқиға болды, – деді ол.
Блицте де жеңіс Қазақстан құрамасына бұйырды
Жарыстың екінші күні шахматшылар блиц форматында бақ сынады. Бұл сында да Қазақстанның ұлдар құрамасы қарсыластарынан басым түсіп, 27,5:20,5 есебімен жеңіске жетті. Команда сапында Эдгар Мамедов пен Әлімжан Жауынбай ең көп ұпай жинады.
Қазақстандық қыздар да тартысты ойын өрнегін көрсеткенімен, әлем құрамасына 21:27 есебімен жол берді. Қазақстан құрамасындағы ең үздік нәтиже Аланна Берікқызына тиесілі болды.
FIDE өкілі: Қазақстан шахматының қарқынды дамуы байқалады
Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) арнайы тапсырмалар жөніндегі директоры әрі Грузия шахмат федерациясының президенті Акакий Иашвили мұндай матчтың өткізілуі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.
Матч өте қызықты өтті. Ең бастысы, ол Қазақстанда шахматтың қаншалықты қарқынды дамып жатқанын көрсетті. Бұған дейін ешбір ұлттық федерация өз құрамасын әлем құрамасына қарсы шығарған емес. Өйткені мұндай деңгейдегі жасөспірімдер командасы кез келген елде бола бермейді. Қазақстанның ұлдар құрамасының әлем құрамасын жеңуі – өте үлкен жетістік. Қыздар да лайықты ойын көрсетті. Әлем құрамасында 2026 жылғы әлем чемпиондары өнер көрсеткендіктен, бәсеке өте жоғары болды. Соған қарамастан тартыс соңына дейін тең дәрежеде өрбіді. Жалпы, бұл кездесуде достық жеңді деуге болады, – деді Акакий Иашвили.
Федерация жас шахматшыларды қолдауды жалғастырады
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова балалар шахматын дамыту жүйелі қолдаудың арқасында жүзеге асып жатқанын айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдан бері жыл сайын ондаған жас шахматшы арнайы гранттық бағдарлама арқылы қолдау алып келеді.
Осы матчқа тыңғылықты дайындалған жасөспірімдер құрамасының шахматшылары мен бапкерлеріне алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа ерекше ризашылығымды жеткіземін. Ол жас таланттарға сенім артып, олардың дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Оның бастамасымен 2023 жылдан бері арнайы бағдарлама іске асып, жыл сайын 34 жас шахматшы алтын және күміс гранттық пакеттерге ие болады. Бапкерлердің еңбегі мен федерацияның қолдауының арқасында біздің жас спортшылар үздік нәтижелерін көрсете алды, – деді Гүлмира Дәулетова.
Қазақстан шахматы үшін маңызды оқиға
Жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Kazakhstan vs World матчы Алматыдағы шахмат маусымының басты оқиғаларының біріне айналды. Бұл жарыс Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына әлемнің ең үздік жас шахматшыларынан құралған командамен күш сынасып, өз деңгейін халықаралық аренада дәлелдеуге мүмкіндік берді.