Қазақстанда Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жарияланған жалпыұлттық аза тұту күніне орай бірқатар мәдени және спорттық іс-шара кейінге қалдырылды.
Аталған іс-шаралардың қатарында «Астана» көңілді тапқырлар командасының концерттері, Абзал Өтешовтің концерті, Алматыдағы The Michael Jackson HIStory Show қойылымы және «Барыс» пен «Нефтехимик» арасындағы ҚХЛ матчы бар.
«Астана» концерттері желтоқсанға ауыстырылды
«Астана» командасының Орал, Атырау және Ақтау қалаларында өтуі тиіс концерттері желтоқсан айына ауыстырылды.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жаңа күндер жақын арада жарияланады. Бұған дейін сатып алынған билеттер өз күшінде қалады.
Абзал Өтешовтің концерті 29 қыркүйекке шегерілді
Астанада өтуі жоспарланған әнші Абзал Өтешовтің концерті де кейінге қалдырылды. Өнерпаз әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа концерт күні 29 қыркүйек екенін хабарлады.
Жаңа күн көрерменге қолайсыз болған жағдайда, билет құнын қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Алматыдағы Michael Jackson шоуы да болмайды
25 қыркүйекке жоспарланған Алматыдағы The Michael Jackson HIStory Show қойылымы да басқа күнге ауыстырылды.
Ұйымдастырушылар қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, елдегі қайғыға ортақтасатынын жеткізді.
Астанадағы квартирник те кейінге қалдырылды
Астана қаласында өтуі тиіс «WE. Теплый вечер под гитару» атты камералық музыкалық кеш те келесі аптаға ауыстырылды.
Ұйымдастырушылар жаңа датаға қатыса алмайтын көрермендерге билетті белгіленген тәртіппен сатып алған жерінен қайтаруға болатынын мәлімдеді.
«Барыс» пен «Нефтехимик» матчы 26 қыркүйекке ауыстырылды
Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы «Барыс» – «Нефтехимик» матчы да кейінге шегерілді.
25 қыркүйекке жоспарланған кездесу енді 26 қыркүйекте сағат 13:00-де өтеді. Сонымен қатар «Снежные барсы» жастар командасының ойыны да ауыстырылды.
Қазақстанда 25 қыркүйек – жалпыұлттық аза тұту күні
Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан болып, салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
Каспийдегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да айта кетейік.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болатыны белгілі болды.