Жаңалықтар

Каспийде жоғалған балықшының денесі табылды

Каспийде жоғалған балықшының денесі табылды
Фото: Google maps 24.04.2024 20:45 316

Түпқараған ауданында сәуір айының басында теңізге қайықпен шығып, жоғалып кеткен балықшылардың бірінің денесі табылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Пірімжан іздеу жұмыстары кезінде бір балықшының денесі табылғанын мәлімдеді. 

20 сәуір күні кешкі сағат 21:00-де Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласынан жиырма шақырып қашықтықта теңіз жағалауынан 400 метр жерден жоғалған азаматтың бірінің денесі жергілікті балықшылардың көмегімен шамамен 5 метр тереңдіктен теңіз астынан табылды. Қазіргі уақытта жоғалған екінші балықшыны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", -  деді азаматтық қорғау аға лейтенанты  Дінмұхаммед Пірімжан. 

Айта кетейік, 3 сәуір күні таңертеңгі сағат 07:40 кезінде Форт-Шевченко қаласынан Қызыл Өзен ауылы бағытына қарай Үрдек (Асан) теңіз жағасынан шамамен 25-30 шақырым қашықтыққа бет алған екі адам хабарсыз кеткені туралы құтқару қызметіне хабарланған. 

Кейін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті балықшылардың 1985 және 1982 жылы туған тұрғындары екенін мәлімдеді.  Олардың 2 сәуір күні кешкі сағат 22:30 шамасында үрлемелі қайықпен балық аулауға кеткеннен кейін қайтып оралмағаны белгілі болып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға