Жаңалықтар

Каспийде итбалықтар неден өліп жатыр?

Каспийде итбалықтар неден өліп жатыр?
Фото: МО экология департаментінің баспасөз қызметі 10.06.2023 18:51 462

Каспий теңізінде итбалықтардың азаюы қазіргі уақытта аса өзекті мәселеге айналды. Жыл сайын итбалықтардың өлуі көбеймесе азаймай отыр. Экологтар мен балық инспекциясының мамандары теңіз жануарының өлімінің себебін айтқанымен нақты неден өлгені әр кезде алуан түрлі болып шығады.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Маңғыстау облысында итбалықтардың өсіп-өнуі, олардың қай жылдары көптеп қырылғанына шолу жасап, тақырыпты зерттеп көрді. 

Каспийдегі итбалықтарының саны 311 мың шамасында деседі. Бұл - Балық шаруашығы комитетінің жүргізген санағының нәтижесі. Теңіздің Қазақстан жақ жағалауында негізінен итбалықтар Солтүстік Каспий акваториясы және Орта Каспийдің жағалау тұстарында мекендейді. Солтүстікке (оңтүстікке) миграциялаған кезде итбалықтар Түркіменстандағы шекарадан бастап Қазақстан жағалауы бойындағы Жайық өзенінің сағасына дейін «миграция коридорында» өмір сүреді екен. Ал қарашаның аяғынан желтоқсанның соңына дейін Комсомолец шығанағынан Жайық өзенінің атырауына дейінгі теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінің таяз аудандарын мекендейді. Жалпы, Каспий итбалықтарының көбеюі, қоректенуі, жұптасуы және түлеуі қаңтар-сәуір айларында Солтүстік Каспий аралдарында мұз қатқан кезде өтеді.

Теңіз жануарының бұл түрі Каспий фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Олар балық, майшабақ, бұзаубас, атерина, моллюскалар мен креветкаларды жеп, қоректенеді.

Итбалықтар мемлекет қорғауында

Еліміздің Балық шаруашылығы комитеті жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздеме бойынша 2024 жылдың шілдесіне дейін Каспий теңізінің акваториясында заңды тұлға нысанында мемлекеттік табиғи резерват құру жоспарланып отырғанын айтады. Үкімет қаулысымен 2020 жылдың
қараша айында Каспий итбалығы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің қатарына қосылды. Мұнда итбалықтың биологиялық ерекшелігі - тіршілік ету ортасының маусымдық өзгергіштігі. Бұл ретте, каспий итбалықтарына түлеуі және күшіктеуі үшін солтүстік Каспийдің тек қазақстандық және ресейлік секторында қалыптасатын мұз жамылғысы аса қажет етеді. Сондықтан Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі осы түрді сақтауда маңызды рөл атқарып отыр.          

Осыған байланысты каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылы мемлекеттік табиғи резерват құруды тапсырған болатын. Соның аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік табиғи резерват құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын әзірлеген. Осының негізінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленбек. Ал мемлекеттік табиғи резерват 2024 жылдың екінші жарты жылдығында құрылады деп жоспарланған.

Балықшылардың ауына күнде түсетін еді...

Атырау облысының Исатай ауданында туып-өскен Талант Құсайын балалық шағында итбалықтардың өте көп болғанын айтады. Оларды теңіз жағасынан жиі көріп, балықшылардың ауына күнде түсетін еді деп еске алады.

Бала күнімізде теңіз жағалауында итбалық қойша жайылып жүретін. Алайда кейін 1985 жылы Солтүстік Каспий жағасында 13 ұңғымадан күкірт қышқылы ауаға тараған еді. Соның салдарынан Теңіз кенішінде күкірт қышқылының ауаға тарауынан олардың жаппай құрлыққа шығып кетті. Содан жануарлардың жаппай қырылуы басталды. Алайда оның жайы сол кезде айтылмаған сияқты, - дейді Талант Құсайын.

Оның сөзінше, итбалықтардың есте қалған қырылуы 1999 жылы болыпты.

Сол жылы мекемелер адам тартып, жағада үйіліп жатқан итбалықтарды жүк көліктеріне тиеп әкетіп жатты, - дейді Т.Құсайын.

10 күнде облыстан 12 мыңнан астам итбалық өлді

Тоқсаныншы жылдардың соңында Маңғыстау облыстық төтенще жағдайлар департаментін басқарып, бүгінде құрметті демалысқа шыққан Қажымұрат Хайрушев ғасырлар тоғысындағы итбалықтардың қырылуының соңы өңірде қиынға соққанын айтады. Сол жылы Маңғыстауда төтенше жағдай жарияланып, қырылған итбалықты жинауға адам саны өте тапшы болған көрінеді.

1999 жылы Каспий теңізінде итбалықтардың ірі көлемде қырылғанына куә болды. Сол жылы мамырдың 5-нен бастап он күн ішінде Маңғыстау облысы бойынша 12 мыңнан астам итбалық өлді. Облыста төтенше жағдай жарияланып, жинап, көмуге 4 миллион теңге бөлінді. Маңғыстау өңірінде аудан мен қалаларда арнайы бригадалар құрылды. Мұнай кен орындарынан жұмысшыларды тартып, облыстағы барлық итбалықтарды жинап, акт жасап, өртеп, қалдығын көму жұмыстары атқарылды. Сондағы санақ бойынша 12 058 итбалықтың өлгені белгілі болды.

Сол тұстары Маңғыстау облысын Ләззат Қиынов басқаратын еді. Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі Серікбек Дәукеев Маңғыстауға келіп, әкіммен бірге жиын өткізді. Сол уақыттары мен Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болғанмынЖиын барысында итбалықтардың өлімінің себебі ретінде пастерелез екені айтылып, тіпті «Еділ мен Жайық өзенінен келетін судың лас болуынан итбалықтар қырылды» деген тұспал болған. Осы жерде мәселе туындап, мен сұрақ қойдым. Итбалықтар өлсе, неліктен балықтар аман? Итбалықтың жабыры болмағандықтан олардың судың терең жерінде көп бола алмайды. Сондықтау ауа жұту үшін шығып отырады. Ал балықтар терең қабатта жүре береді. Демек, қырылу ауаның ластанғанынан болуы мүмкін.

Сол жылдары Теңіз кен орнында күкірт қышқылы ауаға тарап, желдің бағытымен Қаламқас пен Қаражанбас кен орнына дейін келді. Аталған кен орындарына жақын жағалауда мамыр айының басында сазандар болатын. Олар сол кезде ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Керісінше Ақтау қаласының теңіз жағалауында сазандар күрт көбейіп кетті. Осыны мысал етіп айттым. Осыдан соң әкімдіктегілер келіп, менің арнайы баспасөз тобына қоспайтындарын айтты, - дейді Қ.Хайрушев. 

Оның әңгімесі бойынша, бір жылдары итбалықтардың 500-700 дарақ көлемінде жаппай өлуі болғанымен, мұншалықты ірі көлемде қырылуы ешқашан болмаған.

Тағы бір айта кететін жайт, теңіздегі броконьерлердің құрған ауына итбалық көп түседі. Ауды алғанша итбалық өліп қалатын жайттар жиі болады. Ал есесіне оларды ешкім жағаға шығарып тастамайды. Сол жерде аудан босатып, тастай береді. Бұл да үлкен ауру тудыратын фактор, - дейді ардагер.

Каспийде итбалықтар 1 миллионға дейін көбейген кездер болды

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Орынбасар Тоғжанов Каспий теңізіндегі итбалықтардың өсіп-өнуіне қатысты көптеген деректер барын алға тартты. Алайда эколог бүгінде зерттеу институты болмағандықтан теңіз жануарлары мен балықтарды зерттеу назардан тыс қалып бара жатқанын айтады.

Каспийде итбалықтардың ең көп көбейген жылдары 1910-1915 жылдары болды. Сол кездері олардың саны 1 миллионға дейін жетті. Алайда Кеңес заманында итбалықты мақсатты түрде аулау басталды. Сол үшін арнайы флотилия құрылды. Мысалы, 1950-60 жылдары итбалық аулайтын Маңғыстауда арнайы команда болған. Итбалықты аулап, оның майын сабын өндірісінде қолданды. Тіпті, дәрілік мақсатта пайдаланған тұстар болғанын айтуымыз керек. Сүйегін тартып балықтарға жем қылып бергені бір бөлек әңгіме. Терісін арнайы былғары ретінде тұтынды. Оның жаңа туған күшігінің қараймаған терісі өте қымбат тұратын. Бір жылда 50 мың данаға дейін ауланып, флотилия Қазан қаласына жіберіп отырды, - дейді эколог. 

Оның айтуынша, Форт-Шевченко қаласында кейбір тұрғындарда итбалықтың терісінен тігілген бас киімдер, жағалар болуы мүмкін. Кейін итбалықтардың қырылуы пайда бола бастағанда оларды аулау бір жола тоқтап қалған. 

Ең өкініштісі, соңғы 30 жылда Қазақстан тарапынан Каспий итбалығын зерттеу мүлде қолға алынған жоқ. Негізінен итбалықтар 25-35 жыл аралығында өмір сүреді. 70-ші жылдары итбалықтардың жаппай қырылуы болды. Теңіздің арғы бетіндегі Дағыстанда, Солтүстік Каспийде бірнешеуі теңіз жағасына шығып қалды. Олардың неден өлгенін тап басып айту қиын, - дейді Орынбасар Тоғжанов. 

Ең өкініштісі, ғылыми зерттеу институты Одақ құлағаннан кейін Ресейде қалып қойған. Мысалы, Ресейде осыған қатысты 6 институт болса, Әзербайжанда 3 институт жұмыс істейді. Иранды айтпағанда көршілес Түрікменстанда 2019 жылы институт құрылған. Қазақстан былтыр президент тапсырмасынан кейін ғана қолға алып отыр.

Каспийде тек итбалықты ғана емес, өзге де балықтарды зерттеу қажет. Олардың теңізде не жейтіні мүлде белгісіз. Мүмкін итбалықтар жейтін балық азайған шығар. Олар күніне кемі 3 келіге дейін балық жейді. Теңіздегі бентостың күйі қандай? Оның қазір ешкім де білмейді. Сондықтан итбалықты тірідей ұстап, зерттеу қажет. Қазір олардың Каспийдегі нақты санын ешкім білмейді. Біреулер 100 мың дейді. Бірі 300 мың шамасында дегенді алға тартады, - деді Орынбасар Тоғжанов.

1997-2001 жылдар аралығында Каспий жағалауындағы елдерде итбалықтардың қырылу дерегі 30 мыңға дейін жеткен. Әрине, оның ішінде жоғарыда жазғанымыздай ең елеулі бөлігі Қазақстанға тиесілі (12 мың). Ал 2005-2012 жылдар аралығында жыл сайын Каспийдің солтүстік бөлігін зерттеуге Швеция, Эстония, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан ғалымдары жұмылдырылған. Бірнеше рет итбалықтарды тікұшақ арқылы санау жұмыстары жүргізілген. Сол уақыттары аталған жануардың саны 100 мыңға дейін төмендегені байқалған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға