Жаңалықтар

Каспийде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Оқу-жаттығу үш кезеңмен өтеді.
Каспийде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы өтіп жатыр
Фото: gov.kz 18.08.2022 22:35 1920

Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды EL.KZ ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқу-жаттығу барысында Әскери-теңіз күштерінің бағынысты бөлімдерінің бөлімше командирлерінің, басқару органдарының даярлық деңгейі тексерілетін болады. Жауынгерлік іс-қимылдарды дайындау және оны жүргізу, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жан-жақты қамтамасыз ету барысында командалық құрамның практикалық дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударылады», – деп атап өтті Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов.

Оқу-жаттығу үш кезеңмен өтеді. Оған орналасу пунктін, Ақтау порттары мен Солтүстік терминалды, теңіз экономикалық қызмет объектілерін күзету және қорғаудың барлық түрлерін ұйымдастыру жөніндегі практикалық іс-шаралар кіреді.

Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблінің, «Алатау» мина-тартқыш кораблінің және «Жайық» гидрографиялық кемесінің экипаждары «шахид-катерлердің» шабуылдарын, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен қарсыластың әуе шабуылы құралдарына тойтарыс беру жөніндегі іс-қимылды пысықтауда. Әскери теңізшілер күдікті кемені қарап тексереді, ұрыста зақымданған апаттық корабльді іздестіруді және құтқаруды ұйымдастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға