Жаңалықтар

Каспий теңізінде суға түсудегі қауіпсіздік іс-шаралары түсіндірілді

Каспий теңізінде суға түсудегі қауіпсіздік іс-шаралары түсіндірілді
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 24.06.2024 04:37 239

Ақтауда қоғам белсенділері мен Полиция және Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері теңіз жағалауындағы демалушыларға судағы қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

Іс- шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және облыстық аналар кеңесінің мүшесі Анар Шамшадинова, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Роза Махамбетова, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Алтын Сақтағанова қатысты. 

Суға шомылу маусымында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында бүгінгі рейдті комиссия мүшелерімен ұйымдастырып отырмыз. Ата-аналар мен балаларға ескертулер жасадық. Халықтың бас амандығы әрдайым біз үшін бірінші орында. Балаларды жалғыз, қараусыз қалдырмайық. Тиым салынған жерлерге түспеу қажет. Өйткені от пен су бұл тілсіз жау, - деді Анар Шамшадинова.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов сенбі күні кәмелетке толмаған екі бала жоғалып кейін ТЖД қызметкерлері көмегімен табылғанын айтты. Статистика бойынша ағымдағы жылы 6 бала суға батқан. Оның ішінде 2-еуі кәмелеттік жасқа толмаған бала. 

Суға бату фактілері жабдықталмаған орындарда көбірек кездеседі. Тиым салынған орындарда суға түскен жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Судағы қауіпсіздік ережелерін кез-келген жерде сақтау қажет. Айта кетсем, күнделікті теңіз жағалауында ТЖД 9 мобильді қызметкері кезекшілік атқарады. Ал демалыс күндері 17 мобильді қызметкерге дейін күшейтіледі, - деді Бектас Мұратов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға