Жаңалықтар

Каспий теңізінде өлген итбалықтардың қатары артты

Каспий теңізінде өлген итбалықтардың қатары артты
Фото: Балық шаруашылығы комитеті 03.04.2024 19:14 408
Маңғыстау облысында теңіз жағалауынан табылған итбалықтардың өлексесі сексенге жуықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
31 наурызда инспекция қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын мониторингтеу кезінде тағы 16 өлі итбалықтың өлекселерін анықтады. 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өлі итбалықтардың жалпы саны 78-ге жетті. Итбалықтар табылған жерге 31 наурызда Алматы қаласындағы гидробология және экология институтының ғалымдары келді. Олар бүгінде табылған ұшалардан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), сондай-ақ азу тістерді, тырнақтар мен жүнді ішінара іріктеп алынып жатыр", - деп жазылған балық шаруашылығы комитеті таратқан ақпаратта. 
Комитеттің мәліметінше, табылған өлекселерде физикалық зақым анықталмаған. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастырып жатыр. 
 
29 наурызда Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында 62 өлі итбалықтың өлекселерін тапқан болатын.
 
Шұғыл түрде итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, ветеринарлық станция және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы аттанды.
 
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті су сынамаларын алып, ветеринариялық станция қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы азу тістерін, тырнақтарын және жүнін тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін алған. 
 
Сонымен қатар, қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жұмыс тобының барлық мүшелері жедел түрде хабардар етілген. 
30 наурызда жергілікті атқарушы орган осыған дейін табылған 40 дана итбалық ұшаларын жинап, жою жүмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 22 дана итбалық сынама алу үшін сақталып отыр. 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға