Жаңалықтар

Кәсіпкерлікке кедергі келтірген 112 шенеунік жауапқа тартылды

Кәсіпкерлікке кедергі келтірген 112 шенеунік жауапқа тартылды
Фото: perm.pulscen.ru 03.03.2023 11:45 582

Биыл прокурорлардың бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтары кәсіпкерлердің 635 сигналын жедел өңдеді. 15% жағдайда заң бұзушылық фактілері расталған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мысалы, "Омоева К.К." ЖК сигналы пысықталды. Оның көлігінің қозғалысы салықтық тексеру жүргізу үшін негізсіз шектелді. Павлодар облысы прокуратурасының 28 ақпандағы қаулысымен тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар жойылып, тексеру тоқтатылды. Көлік пен жүк кәсіпкерге қайтарылды.

Сондай-ақ Алматы облысы Жамбыл ауданы прокуратурасының мобильдік тобына жарнама үшін салық алудың заңдылығы мәселесі бойынша "К.Дадашева" ЖК-дан шағым түсті. Оны қарау нәтижелері бойынша осы саладағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізілді. Аймақ кәсіпкерлерінен жарнама үшін заңсыз салық алынғаны анықталды. Қадағалау актісі бойынша 63 кәсіпкерге олар төлеген сомалар артық төлем түрінде дербес шоттарға толтырылды.

"Жалпы, кәсіпкерлік саласындағы бұзушылықтар бойынша прокурорлар 500 млн теңгеге 1,5 мыңнан аса әкімшілік өндірісті, уәкілетті органдардың 900 заңсыз тыйым салу және шектеу шараларын жойып, 112 адам жауапқа тартылды. Сонымен қатар, мемлекет басшысының кәсіпкерлердің прокуратураға кедергісіз жүгінуі туралы тапсырмасы шеңберінде цифрлық шешімдер қолданылады", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Алматы қаласында және Алматы облысында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу туралы сигнал беру үшін арнайы QR-код енгізілген. Енді осы өңірлерде кәсіпкерлер QR-код бойынша өту арқылы мобильді топқа жүгіне алады.

"Мұндай сигналдар автоматты түрде өңделеді және прокуратураның мәліметтер базасына түседі. Қажет болған жағдайда прокурор объектіге барып әрекет етеді. Бұл ІТ-құралды Бас прокурор мақұлдап, оны масштабтау Бас прокуратураның "Бизнесті қорғау" жобасының іс-шаралар жоспарына енгізілді", – делінген ақпаратта.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға