Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге қойылатын 170-ке жуық талап жойылады

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Кәсіпкерлерге қойылатын 170-ке жуық талап жойылады
Фото: ашық дереккөзден 19.10.2022 03:38 2498

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қойылатын 170-ке жуық реттеу талабының күші жойылады, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап.

2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Осыған байланысты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, АӨК саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге олардың жаңа базалық тәсілдерге сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізді.

Жұмыс 7 бағыт: ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин, тұқым шаруашылығы, астық нарығы, органикалық және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жер қатынастары және мал шаруашылығы бойынша жүргізілді.

Тексеру және бағалау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қойылатын 170-ке жуық талаптың, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі 50 талаптың және ветеринария саласындағы 80 талаптың күшін жою және қайта қарау туралы шешім қабылданды. 

«Таза парақтан» реформасын іске асыру бизнес ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға