Жаңалықтар

Кәсіпкерлер сапасыз етті сатып алып, балаларға береді. Депутат тағы бір былықтың бетін ашты

Кәсіпкерлер сапасыз етті сатып алып, балаларға береді. Депутат тағы бір былықтың бетін ашты
Фото: t.me/mazhilis_kz 26.06.2023 13:20 764

Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасын талқылау өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Ауыл» партиясының депутаты Анас Баққожаев елдімекендерде өткізілетін мемлекеттік сатып алу процесіне қатысты бірқатар кемшілікті атап, Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілге сұрақ қойды.

Ауылды елді мекендерде сатып алу жүйесінде жолды қардан тазалау және жергілікті халыққа қызмет көрсету бағытындағы мемлекеттік сатып алуда баға ұсыныстары бойынша жеңіп жатқандары ауылдың кәсіпкерлері емес, сырттан келгендер. Олар бағаны төмендетіп береді, бірақ сол ауылдың қарын тазалайтын кезде өздері сол қардан жете алмай жатады, - дейді депутат.

Мәжілісмен ауылдың ішінде тракторы мен техникасы бар кәсіпкерлерден 300-ден аса шағым түскенін атап өтті.

Екінші мәселе, ауыл мектептеріндегі тағам туралы. Көптеген шаруашылықтар ет шығарады, балаларды тағаммен қамтуға қатысқысы келеді. Бірақ, оны көбінесе жинап алатын жеке кәсіпкерлер сапасыз етті сатып алып, балаларға береді, - дейді депутат Анас Баққожаев. 

Депутат вице-министрден аталған мәселелерді қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады.

Қазір жеке кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіп алып, ақша іздеп әлек болады. Қаржы пирамидалары осындай мәселелерден туындайды. Сондықтан шектеу енгізіп, кәсіпкердің банкте қаражаты бар-жоғын тексеруге талап қойыла ма?, - деді депутат.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл сұрақтарға толығырақ жауап беру үшін мәселенің анық-қанығына көз жеткізу керегін айтты.

Шектеу бойынша банктің қорғаныс шараларымыз бар. Әр өнім берушіні таңдағанда салық және фонд бойынша критерийлерді қараймыз. Осы критерийлерді әрі қарай кеңейтеміз. Несие бюросы арқылы банкке берешегін бар-жоғын анықтап, деректерді алып отырамыз. Ет бойынша келсек, тағаммен қамту мемлекеттік сатып алуға жатпайды. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің талаптары бойынша жүзеге асырылады, - дейді вице-министр.

Ал ауылдардағы мемлекеттік сатып алу бойынша өзгерістер қаралып жатқанын атап өтті.

Заңда қар тазалау, көгалдандыру бойынша жұмыстарды жасау үшін конкурс жеңімпазына 3 жылға дейін уақыт беріледі. Тапсырыс берушілердің ойынша, бір жыл сайын ауыстыру дұрыс емес. Басқа да ұсыныстарды хабарласып, талқылау керек, - дейді вице-министр Дәурен Кеңбейіл.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға