Жаңалықтар

Кәсіпкер әйел бизнесте табысқа жетудің құпиясымен бөлісті

Ақтөбе қаласындағы кәсіпкер Жайнагүл Турдакыновамен сұхбат
Кәсіпкер әйел бизнесте табысқа жетудің құпиясымен бөлісті
Фото: жеке мұрағат 08.03.2023 15:00 2781

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, болашақ ұрпақ тәрбиелейтін нәзік жандылардың мерекесі. Бар әсемдікті бойына жинаған әйелдердің адамзат үшін алатын орны қашанда ерекше әрі қымбат бола бермек. Бүгін біз бақытты ана, сүйікті немерелері бар ардақты әже әрі табысты кәсіпкер Жайнагүл Турдакыновамен сұхбаттастық.

- Жайнагүл ханым, кәсіпті неден және қалай бастау керек?

- Кез келген адамның бойында бір дүниені бастамас бұрын қорқыныш сезімі болады. Алайда оны жеңе білу, алға қарай ұмтылу әркімнің өз қолында. Сондықтанда кәсіпке аяқ басудың алғашқы қадамынан қорықпау қажет. Әрине оны бірден дөңгелетіп әкету өте қиын. Десе де адамның бойындағы табандылық пен қажырлық діттеген мақсатына жеткізеді. 

Сонымен қатар кәсіпті қолға алған сәттен бастап ақшаны дұрыс жұмсауды үйрену керек. Жоспарсыз кеткен қаржы кәсіпте табыс табуға кедергі келтіреді. Сен ақшаны емес, ақша сені жақсы көруі тиіс. Қалай пайда тауып, қаржымды еселей түссем екен деген ойдан аулақ болып, қайтсем халыққа бір пайдам тиеді деген ниетпен қызмет еткен жөн.

- Сіз өзіңіз қалай табысты кәсіпкерге айналдыңыз? Еңбек жолыңызды айтып берсеңіз.

- Мансаптық жолымды осыдан 30 жыл бұрын Семей қаласынан бастадым. Қиын сәтте жанашырым, арқа сүйер бауырым Мұрат жанымнан табыла білді. Екеуміз базарда тамақ сатумен айналыстық. Осылайша бала-шағамыздың нәпақасын тауып отырдық. Ол кездегі басты мақсатымыз кәсіппен айналысу емес, отбасымызды асырау болды. Шамамен 10 жылдай уақыт бойы тамақ сатып жүрдік.

- Кәсібіңіз жайлы ақпарат берсеңіз. Бизнестің қандай түрімен, қай уақыттан бері айналысып келе жатырсыз?

- 2003 жылы ағам Әділбай мені Семейден Орал қаласына шығарып салады. Содан Оралдағы күйеу балаларыммен, сіңлілермен кездесіп, бір ғана ала сөмкемді қолыма алып, үш баламмен Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Бұл жерде ешбір туысымыз, танысымыз болған жоқ. Бірден орналасып, сіңісіп кету оңайға соқпады. Қалаға келген соң Әділбай ағамның нұсқауымен теледидар қоятын тумбаларды жасап саттық. Сөйтіп, Ақтөбе қаласына көшуге, кәсіппен айналысуға аға-сіңлілерім тікелей себепкер болды. Қазіргі таңда отбасылық кәсібіміз үй жиһазын сатумен айналысамыз. Бұл бизнесті қолға алғанымызға 20 жыл болды.

- Әйелдің кәсіпте табысқа жетуінің кілті неде?

- Ең алдымен адамның бойынан адамгершілік, төзімділік, шыдамдылық сынды асыл қасиеттер табыла білуі керек. Себебі кәсіп – халықпен қарым-қатынас, ол сәттілік пен сәтсіздік қатар жүретін сала. Осының барлығын басынан өткізген кәсіпкер ғана түбінде жетістікке жетеді. Біз де кезінде талай сәтсіздікке ұшырап, жығылғанбыз. Ондай сәтте орнынан қайта тұрып, алға қарай ұмтылуға әркімнің де хақысы бар. Сол себепті кәсіпте әйелдің табысты болының құпиясы отбасына деген махаббатында, кез келген жағдайды еңсеруге дайын болуы мен адал еңбек етуінде.

- Кәсіппен айналысқанда жиі кездесіп жататын қиындықтар қандай?

- Кәсіпте қиыншылық көп. Мәселен, жиһаз өндірісімен айналысқандықтан, тапсырыс берушілердің барлығының бірдей көңілін таба білу оңай емес. Сондықтан тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барымызды саламыз. Кейде жұмысшылар ауырып қалып, келеңсіз жағдайларға тап болып жатамыз. Мұндай мәселелерді уақытылы, дұрыс шешім қабылдау арқылы шешу керек.

Қандай жұмыстың болсын өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері қатар жүреді ғой. Әйел адам болғаннан кейін кәсіптен бөлек, отбасыңа, үй шаруашылығына да көңіл бөлуің керек. Сондықтан тек кәсіппен ғана айналысып, отбасың жайлы ұмытып кетуге болмайды.

- Ақтөбе қаласындағы қай кәсіптің түрі жоғары деңгейде дамыған?

- Ақтөбе қаласында ірі кәсіп түрінен бастап кішігірім кәсіпке дейін бар. Қазіргі таңда барлығы өркендеп, дамып жатыр. Еңбек етемін деген адамға қай сала болсын ең табыстысы болмақ.

- Қоғамда кәсіппен айналысу көбіне ер адамдарға арналған деген пікір де бар. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Бұл пікір орынсыз айтылған деп ойлаймын. Себебі бүгінде әйелдер кәсібі жоғары деңгейде дамыған. Олар кәсіппен айналысып та, бала тәрбиесіне көңіл бөліп те үлгереді. Бизнесте әйелдер ер адамдардан асып түспесе, кем түспейді.

- Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес бере аласыз?

- Кәсіппен айналысудың жеңіл жолын іздестірудің қажет жоқ. Тек қана Алланың салып берген ақ жолымен адал еңбек ету керек. Өзіңе деген сенімділігіңді жоғалтпай, тәуекелге барудан қорықпау қажет. Кәсіпкер халқына қалаулы, еліне елеулі маман болуға тырысуы тиіс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға