Жаңалықтар

Каратэшілер Азия чемпионатында 24 медаль жеңіп алды

Каратэшілер Азия чемпионатында 24 медаль жеңіп алды
Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi 09.11.2023 18:01 520

Алматыда WKF каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы XXI Азия чемпионаты мәресіне жетті. Алатау баурайында ұйымдастырылған жарысқа сары құрлықтың 30-ға жуық елінен 600 татами шебері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Жапония каратэшілері 14 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен көш бастаса, үздік үштікті Иран (5 алтын, 6 күміс, 11 қола) спортшылары түйіндеді.

Жарыстың соңғы күніндегі кумите бағдарламасында Диас Анарбеков (+84 кг), Биғабыл Жоламан (55 кг), Ақниет Шеризат (50 кг) пен Белла Шамашева (55 кг) алтын тұғырдан көрінсе, Асқар Сапарғалиев (87 кг) пен Даяна Даренская (68 кг) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі. Ал Никита Тарнакин (84 кг), Николь Ценгель (61 кг) және Венера Жақсыбаева (+ 68 кг) қолаға қол жеткізді.

Жас каратэшілеріміздің Азия чемпионатындағы керемет жетістігі елімізде аталған спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Биыл каратэшілеріміз халықаралық жарыстарда өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Мәселен, еліміздің ересектер құрамасы Азия ойындарында, әлем чемпионатында топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Енді міне, жастарымыз құрлық додасында өз мықтылықтарын дәлелдеді. Біздің құрамада осындай дарынды жас спортшылар өсіп келе жатқаны қуантады, - деп атап өтті Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, бүгін каратэден ересектер арасындағы 1-ші Азия ашық чемпионаты басталды. Жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға