Жаңалықтар

Караоке-барда болған төбелес: Сотталушылар істі қайта қарауды талап етпек

Караоке-барда болған төбелес: Сотталушылар істі қайта қарауды талап етпек
Фото: Видеодан кадр 13.10.2023 18:30 4274

Алматыдағы караоке-барда болған төбелес әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырды. 12 қазан күні төбелеске қатысушыларға қатысты үкім шықты. Олардың арасында танымал актер Асқар Жұмабек те бар. Сотталушы тараптың өкілдері сот шешіміне қарсылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға қалай болған?

Алматы қалалық соты таратқан ақпаратты негізге ала отырып, оқиғаның қалай болғанын анықтап көрейік. Оқиға 2022 жылғы 28 желтоқсанда болған. Қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында сөз талас болып, оның соңы төбелеске ұласқан.

Айыптау қорытындысында Бахаридин Аблазимов пен Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлдары Жармұхамед Аппаз және Нұрмұхамет Нұғманның Little Brazil караоке-барына демалуға барғаны айтылған. Сол күні кешке олармен бірге жүргізуші, оққағар және бірнеше достары болған.

Кештің қызған шағында Жармұхамед Аппаз караоке диджейі Сатжан Жаулыбайдан ән қосуды сұрайды. Алайда, диджей оның өтінішін елемей, жұмысын жалғастыратыны жазылған.

Аппаз дастарханнан тұрып, Жаулыбайға барып, әнді неге қоймағанын тағы сұрады. Ди-джей оған әдепсіз сөздер айтып жауап берді, осылайша алдымен Аппаз мен Жаулыбайдың арасында түсініспеушілік туып, кейін төбелеске ұласты. Нұғман мен үстел басында отырғандар төбелесті тоқтатпақ болып, диджеймен сөйлесу үшін темекі шегетін бөлмеге шығып кеткен, - делінген айыптау құжатында.

Нұғманның оққағарына бірінші болып диджей Жаулыбай себепсіз шабуыл жасап, оның жақ тұсынан ұрып, жағдайды одан сайын ушықтыра түскені айтылады.

Кейін көшедегі төбелеске мекемеде ресми түрде күзетші болып жұмыс істемейтін басқа караоке қызметкерлері де қосылған.

Басқа тәртіп сақшылары бұзақылық әрекетті тоқтатудың, араша түсудің немесе полиция шақырудың орнына Жаулыбайдың жағына шығып, қонақтарды аяусыз соққыға жыққан, - делінген айыптауда.

Содан кейін тәртіп сақшылары Ыдырысовтың ұлы Аппазды үш жігітпен бірге көшеге шығып бара жатқанын байқап, артынан жүгіреді.

Әл-Фараби даңғылында жалпы саны 20-ға жуық адам оқиға орнынан қашып кеткен Аппазды және онымен бірге болғандарды соққыға жыққан. Кейін диджейдің достарының бірі Жасұлан Қасымбек қаруланған бір топ адамды өзімен бірге ертіп, жәбірленушілерді ұрып-соғуды жалғастырған, - делінген айыптау құжатында.

Ал диджейдің достары Нұғманның достарын ұрып-соғып жатқанда, ол дәретханада жуынып жатқан. Әбләзімовтің ұлы есеп айырысуға барғанда бірнеше күзетші оны бардан байқап қалып, оған жақындаған. Біреуі бірінші болып Нұғманның бетінен ұрды. Осыдан кейін оған қалған күзетшілер де қосылып, жігітті еденге лақтырып, тепкілей бастаған.

Осы кезде Нұғманның оққағары Қайрат Төлеуов мекемеге кіріп, жігіттің денесін өзі жауып, қорғап алған. Бірақ мұнымен күзетшілер тоқтамай, орындықты алып, ер адамның арқасынан бірнеше рет ұрды. Соққының күшінен орындық сынғаны жазылған.

Бостандық аудандық сотының шешімі

Іс бойынша 5 адам жәбірленуші деп танылды. Ұрып-соғу нәтижесінде зардап шеккен бес жәбірленушінің біреуінің денсаулығына ауыр зиян келтірілді (мұрынның сынуы, мидың шайқалуы, ауыр бас-ми жарақаты, бет сүйектерінің сынуы), екі жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян (мұрын мен жақ сүйектерінің сынуы) келтірілген, қалған екеуі денсаулығына жеңіл зиян келтірген (құлақ гематомасы, мұрынның көгеруі).

Күдіктілерге бұзақылық жасады (ҚК 293 б., 3 б.), бұзақылық пиғылда адамдар тобының денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді (Қр ҚК-нің 106 б., 2 б. және 107 б., 2 б.) деген айып тағылды. Сотталушылардың кінәлілігі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары, сот сараптамаларының қорытындылары, бейнебақылау камераларына түсірілген бейнежазбалар арқылы расталады.

Сот үкімімен Ж., Қ., Т., С., Р., Н. және К. ҚК-нің 293, 106 және 107 баптары бойынша кінәлі деп танылды. Р.-ға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қ., Т., С., Н. және К.-ның әрқайсысына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Бұл ретте Ж.-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 6 жыл 6 ай 15 күн мерзімге тағайындалды, өйткені ол бұған дейін ҚР ҚК-нің 107 бабы (адамды ұрып-соғу) бойынша кінәлі деп танылған болатын және соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген мерзіміне байланысты оған 15 күн қосылды, делінген сот ақпаратында.

«Араша түсемін деп арандап қалды»

Оқиғаға қатысы бар делінген актер Асқар Жұмабек екі күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, жазықсыз сотталып жатқаны туралы видеоүндеу жариялады. Қазіргі таңда актердың кінәсіз екенін көрсеткен видеолар жарияланып, әріптестері мен қолдаушылары Президенттің назар аударуын талап етіп жатыр. Актер Асқар Жұмабектің ағасы сот шешімен келіспейтінін айтып, Президенттен көмек сұрады.

Ербол Жұмабек Stan.kz ютуб арнасына берген сұхбатында оқиғанын шын мәнінде қалай болғанын айтып берді. Оның айтуынша, інісі караоке-бардың тұрақты клиенті, қонақ ретінде жиі барып тұратын.

Сол күні барған кезде әлгі жағдай болып қалған. Інімнің досы сол караокеде диджей боп жұмыс істейді. Сол сәтте жаңағы дөкейлердің балалары өздерінің оққағарларымен бірге басқа үстелде отырған. Содан сол дөкейдің балалары келіп "Бізге музыканы ауыстырып беріңдер" деп диджейге тиісе бастаған. Диджей жағдайды түсіндіріп, "Күте тұрыңыз, кезегіңіз келеді" деп айтқан. Оған қарамастан олар диджейді ұрып-соға бастаған. Ол 4-5 бала бір адамға жабылып, желкесінен ұстап далаға алып келе жатқан видеода да көрініп тұр. Сол сәтте менің інім дос баласы екеуі сыртта тұрған. Диджей досын біреулер ұрып жатқанын көріп қалып, көмекке барып ажыратпақшы болған, – дейді Ербол Жұмабек.

Дәл осы жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Досына көмекке келген актер жігітті де екінші тарап соққыға жығыпты.   

Інім таяқ жеп қалды ғой. Еркек болғаннан кейін мінез, намыс бар. Сонымен Асқар да оларға бір-екі шапалағын берген. Ол енді арнайы төбелесуге барған жоқ. Тек қана ажыратпақшы болған. Сондай жағдай болып отыр. Ол негізі әркімнің, әр еркектің басынан өтетін жағдай, – дейді актердің ағасы. 

Асқар Жұмабек інісін арашалап қалудың барлық амалы жасалғанын, алайда Президент үн қатпаса, істің қайта қаралуы екіталай екенін айтты.

Сот үкімі шықты, жағдай өте нашар. 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды ғой. Сол төбелеске қатысқан күзетші балалар бар, диджей бала бар, барлығына бірдей – 6 жыл 6 айдан мерзім берді. Отбасымызбен бәріміз қобалжып отырмыз. Қолдан келгенше көмектестік, бәрін істедік. Адвокатымыз бар. Ол кісілер де шамасы жеткенше, қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Ендігі қадам ел президентінен көмек сұрау, 15 күнде аппелациялық шағым беру. Қайтадан заңды түрде қараса екен деп отырмыз. Басқа енді ешқандай мүмкіндік болмай тұр, – деді Ербол Жұмабек.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Аскар Жумабек (@askarzhumabeqov)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға