Жаңалықтар

Кандидаттардың теледебатқа үйрене бастағаны байқалды – Бибігүл Жексенбай

Кандидаттардың теледебатқа үйрене бастағаны байқалды – Бибігүл Жексенбай
Фото: parlam.kz 17.03.2023 18:12 761

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау уақыты да жақын қалды. Бүгін – сайлауалды үгіт-насихаттың соңғы күні. Науқан алдында жаңадан партиялар тіркеліп, бірнеше мәрте телевизиялық дебат ұйымдастырды. Кеше ғана «Хабар» телеарнасында өткен теледебат туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай пікір білдірді.

Қазір әлемде сайлау науқаны кезінде дебат өткізу кеңінен пайдаланылады. Әсіресе, теледебаттар парламенттік республикаларда саяси науқанның ажырамас бөлігі.  Онда кандидаттың жеке басы емес, партия бағдарламасы басты назарда болады. Біздің елімізде жылдар бойы саяси бәсекелестік болмауы, теледебаттар өткізу үрдісінің дамуына да кедергі болғаны рас. Аракідік өткізілетін теледебаттарда көрермендерді тұщындыратын дүние аз болғаны айқын. Саяси бәсекелестік мәдениеті қалыптаспағандықтан үміткерлердің жеке басынан мін іздеу, кемшіліктерін шұқылау жиі болатын. Десек де, пікірталастың өзі билік жұмысының бағыт-бағдарына айналып келеді деуге болады. Елдегі қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды. Сын айту мен қабылдау мәдениеті де қалыптаса бастады.  Жария пікірталас әртүрлі функцияларды атқарды. Парламенттік партиялар үшін олар өз ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік берсе, жаңа партиялардың танылуына көмектесті. Сайлауалды бағдарламаларын қысқа да, нұсқа көрермендерге жеткізуге мүмкіндік болды, дейді сенатор.

Оның айтуынша, «Хабар» телеарнасында өткен теледебаттың елімізде тек саяси мәдениет қалыптасуында ғана емес, телевизиялық дебат ұйымдастыруда оң өзгерістердің бар екендігі байқалды.

Дебат қызу өтті. Көрермен ішін пыстыратын сәттер болмады. Саяси партиялар жетекшілерінің қатысқаны маңызы мен салмағын арттыра түсті. Дебаттың регламенті дұрыс ойластырылған. Соның арқасында қатысушылар өз бағдарламаларын дұрыстап жеткізе білді және бір-біріне кедергі жасамай, сұрақтарға толық жауап беруге мүмкіндік алды. Бұл елімізде саяси пікірталас мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Дебатта шоу элементтерінің пайдаланылуы өте сәтті шықты. Залдың әдемі рәсімделгенін де ерекше айтып өту керек. Студияның декорациясы. Ең бірінші көрерменді тартып, басында назарын ұстап тұратын  декларация екені аян, - деді Бибігүл Жексенбай.

Кандидаттардың да теледебатқа үйрене бастағаны байқалады. Артық сөзсіз, өз ойларын түйіндеп жеткізуде алдыңғы кездерден ілгерілеушілік бар.

Әрине, саяси тәжірибесі мол кандидаттардың сөзсаптауы, өзін ұстауы көзге түсіп тұр. Қалай болғанда да қазіргі кандидаттар арасындағы пікірталас сайлаушыға үміткерлердің әрекетін, оның сайлаушылардың өтінішіне жауап беру қабілетін көруге мүмкіндік береді.  Сондай-ақ,  пікірталас – сайлаудың бәсекеге қабілеттілігінің, кандидаттар туралы ақпарат алу мүмкіндігі тұрғысынан олардың ашықтығының да көрсеткіші екені анық. Жалпы бұл пікірсайыстардың нақты  нәтижесі  дауыс беру болып табылатындықтан, 19 наурыз күнін күтеміз, - деді Бибігүл Жексенбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға