Жаңалықтар

Кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабы жұмысын бастады

164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб ұйымдастырылды
Кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабы жұмысын бастады
Фото: Ауыл партиясы 21.10.2022 19:34 2215

21 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz

Кандидаттың республикалық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков штаб жұмысын ашып, құттықтау сөз сөйледі.

«Үгіт-насихат жұмыстарымен 88 қаланы, 30 кентті, 20 өңірде орналасқан 6000-нан астам ауылдық елді мекенді қамтуды жоспарлап отырмыз. Біздің кандидат пен сенімді тұлғалардың сапары «Есіктен есікке» форматында өтеді. Барлық іс-шара уақытында өткізіледі. «Ауыл» партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың бағдарламасы мен ұсыныстары өз жақтастарын табады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.

Оның айтуынша, кандидатты қолдау жөніндегі штабтар республикалық маңызы бар үш қала және барлық өңірде бар. Сондай-ақ, барлық 164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб ұйымдастырылды. Барлық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарына қажетті затпен толық қамтамасыз етілген.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев партия мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, іс-шараға қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

«Менің сайлауалды бағдарламам біздің басты ұлттық артықшылықтарымыз – дала демократиясы қағидаттарын; жоғары рухани-адами мәдениетті; күшті аграрлық саланы және мықты өңірлерді барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Ата – баба мұрасын қастерлеп құрметтейтін және ұлттың болашағы үшін шын пейілмен алаңдайтын әрбір қазақстандық менің бастамаларымды қолдайтынына және Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жөніндегі ортақ істің қозғаушы күшіне айналатынына сенімдімін», – деді кандидат Жигули Дайрабаев.

Сонымен қатар іс-шарада кандидаттың жақтастары, фермерлер мен партияның жастар қанатының белсенділері сөз сөйлеп, қолдау білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға