Жаңалықтар

Қайнап шыққан арасан, олжасы оның орасан...

Жылына 8 миллион турист баратын арасан және мүгедек жанды аяғынан тік тұрғызған тұма: олар қай жерде?
Қайнап шыққан арасан, олжасы оның орасан...
28.05.2019 09:45 20393

Су – барша тіршіліктің қайнары. Адам пендесінен тартып, жан-жануар, өсімдік атаулының бәрі де сусыз өсіп-өнбейді, көгеріп-көктемейді. Мұны судың тұнығын бойлап, бұлақ басына ат шалдырған бабалар салты да анық аңғартқандай. Десе де судың адамзат баласына тигізер олжасы бір бұл ғана емес. Сырын ұққандар оны емдік-сауықтыру ісінен бастап, тоқ өндіру сынды алып инженерия құрылыстарында да кәдеге жаратып, игілікке пайдалануда. Бұл жазбада біз судың емдік сипатына қатысты аз-кем ой қозғамақпыз.

Арасан суы неліктен ыстық болады?

Судың емдік қасиеті тау сағасы мен жартас-жырадан бүлкілдеп шыққан бұлақ, жер астынан қайнап көтерілген арасан суына қатысты көбірек аталады. Құрлық беті бізге тұтастай топырақ, құм басып жатқан сияқты көрінгенімен, жер табанына ішкерлей әк, тұз, шағыл, су, көмір, газ, мұнай және басқа да түрлі-түсті материалар бірінің үстіне бірі қабаттаса орналасқан. Осы қабаттардың ішінде газ, су сияқты жылжымалы материалардың белгілі бір ағысы немесе жайылып  жатқан  аудан-алаптары болады. Жер асты суы осы ағыспен бойлап, тығыздығы әлсіз қандай да бір саңлаулы тұстан сыналап сыртқа шығуы мүмкін. Кейде қысымның қаттылығынан екпінімен тік шапшып атқылайтындары да болады. Жер асты суларының жоғарыға көтерілуі бізге сезіліп-сезіле бермейтін ірілі-ұсақты жер тербелістерінен де туындайды. Мұндай сәтте жер астындағы су қайнары қысыммен және жер қыртыстары арасындағы бостықты бойлай жоғары көтеріледі. Осы көтерілу барысында жоғары температуралы тау жыныстарының арасынан өткенде судың температурасы ұлғайып, ыстық күйінде шығады. Жер табанындағы қозғалыстар мен тау жыныстарының температурасына байланысты судың да ыстықтық деңгейі ұқсамайды. Кейбір жанартау қозғалысынан кейін пайда болған бұлақ сулары мүлдем қол шыдатпастай ыстық болады.

(Фотода: буы бұрқыраған ыстық арасан)

Сөз ретіне сай «арасан» сөзінің шығу этимологиясы жайлы да тілге тиек ете кетсек. Тіл мамандары арасында бұл сөздің шығу тегіне қатысты айыр пікір көп. «Арасанды» ескі түркі сөзі, түп мағынасы шипалы, емдік су дегенді білдіреді дейді бір топ. Бұл көзқарасқа қарсы шыққан екінші жақтың уәжі бойынша «арасан» моңғолдың бұлақ дегенді мегзейтін «аршан» сөзінен өрбіген. Екі тұжырыммен де келіспейтін енді бір ойдың иелері оны Алтай тілдері тобындағы манжур-тұңғыс сөздік қорынан іздестіреді. Қалай болғанда да арасан, аршан, арашан, нарзан, назран нұсқаларында құбылған бұл сөздің таңғыт пен түрік, тұңғыстан тау халықтарына дейінгі ұланғайыр алапта ортақ негізден өрбіп тарағаны талас тудырмайды.  

Арасан тәнге шипа, жанға рахат

Арасан суларының түрлі ауруларға ем болатыны оның құрамынан. Жер астында жоғары температура мен қатты қысым салдарынан түрлі түзілістер мен химиялық реакциялар туындайды. Міне, осы себепті арасан суы табиғи минералдарға қаныққан, бай келеді. Ал бұл химиялық компоненттер, органикалық заттар мен газдар жоғары температура (20 градустан жоғары) ықпалында адам ағзасының физиологиялық, артрит, жүйке және тері ауруларынан емделуіне ықпал жасайды.

Құрамындағы элементтер және тұз мөлшерінің көп-аздығына қарай жер астынан шыққан сулардың кейбірі ішуге жараса, енді біреулерімен тек шомылып емделуге ғана болады. Арасан суларын температурасынан тыс, әсер ету сипаты, химиялық құрамы, функциясы, қышқыл-негіздік дәрежесі т.б. критерийлеріне қатысты бөлінеді. Ал судың ыстықтық дәрежесіне қарай  25-33 цельсий градус шамасындағылары жылымшы арасан, 34-37 арасы жылы арасан, 38-42 цельсий градус термальді арасан, 42 цельсий градустан асқандарын ыстық арасан деп атай аламыз. Арасан, көбіне, жанартау сілкінісі болып өткен, түбінде артезиан алаптары бар аумақтардан шығады.

Арасан суына шомылғаныңызда судағы минералдар тері арқылы метаболизмді жеделдетіп, қан айналымын жақсартады. Эпидермис арқылы теріңізге енген химиялық элементтер жүйке жүйесін, эндокринді және иммундық жүйені ынталандырады. Мысалы, кальций карбонаты денсаулықтың жақсаруына және физикалық тыңаюға айтарлықтай ықпалын тигізеді. Кальций, калий және стронций жүрек қан тамырлары мен цереброваскулярлық ауруларды, қант диабетін, бауыр, жүйке, артрит және т.б. ауруларды емдей алады. Күкіртті арасан кератинді жұмсартса, ал натрийі бар көмір қышқыл газды арасандар теріге ағарту және жұмсарту әсерін береді. Құрамы жөнінен қарағанда арасандар темір, марганец, мыс, алюминий қатарлы адам ағзасына аса қажетті минералдары бар органикалық сулар, кремнийлі, күкірт сутекті, радонды, йодты, бромды т.б. шипалы арасандар болып салаланады. Бұлар асқазан, жүйке жүйесі, сүйек, буын қабыну, қан тамырлары сықылды көптеген ауруларға шипа. 

Әлемге әйгілі емдік арасандар

Туризмнің туын тіккен елдердің арасында шипалы суларымен сансыз саяхатшыларды баурап отырған жұрттар бар. Тіпті, қайсыбір мемлекеттер бір ғана бастау-бұлағымен-ақ тұтас өңірдің экономикасын көркейтіп отыр. Төменде атағы алысқа жайылған сондай емдік қасиеті бар  шипалы сулардың бір-саранын түстеп өтсек.

Францияның оңтүстік батысындағы Лурд қаласы бұрын өз ішіне болмаса, шет елге бейтаныстау мекен еді. Алайда бір бұлақ көзі бұл шағын қаланың атын аңызға қосып, жұрт аяғы үзілмейтін құт мекенге айналдырды.

Аңыздардың айтуынша, 1858 жылдың 11 ақпаны 14 жасар Бернадетта (Bernadette) өзен жағасында шөмшек теріп жүріп, діндар әйел Мәриямға жолығыпты-мыс. Бернадеттаға үңгірдегі бұлақ суын нұсқаған Мәриям екен. Осылай басталатын шипалы су жайындағы аңыздың қаншалықты шындыққа жанасатынын анық білмегенімізбен суының емдік қасиеті расында да алыс-жақындағы халықтың назарын аударып үлгерген. Одан бір жұтым су ішкендер сырқатынан айығып, суына түскендер сауығып кетіп жатты. Әсіресе, аяғы сал, мүгедек жанның суға түскеннен кейін өз аяғымен жер басып жүріп кетуі бұлақтың «қасиетті» даңқын одан әрі аспандата түсті.

Бастау суының қасиетті екенін тұрақтандыру үшін 1905 жылы діни және медицина мамандары тізе қоса отырып, ортақ бір зерттеу жүргізген екен.  Олар 3 шарт астында ғана бұлаққа қасиетті деген мәртебе беруге келіседі. Егер осы үш шарттың бәрін толық орындайтын бір де бір жағдай орын алмаса, онда киелі су атағы берілмеуге тиіс. Сондағы шарт мыналар еді:

1. Бұлақ суынан емделіп жазылған ауру түрі медицинада анықталған, алайда әліге емдеу әдісі табылмаған болу керек;

2. Сырқат иесі суды ішкен немесе шомылғаннан кейін ауруынан сол мезетте құлан таза айығуы тиіс. Аз-кем оңалған, халы тәуірленгендер судың қасиеттілігін анықтауға негіз бола алмайды.

3. Ауруынан айығу себебін медицина, ғылым жолы түсіндіруге қауқарсыз, кісі ақылы жетпес болуы тиіс.

Бұл тәжірибе нәтижесін, сондай-ақ, әлемнің әр елінен келген 20 әйгілі маман бақылаған.

Әрине, істің соңы мамандардың Лурд бұлағының киелі екеніне көз жеткізумен аяқталған. Соңғы жүзжылдықта 67 адам осы 3 шартты толық орындап, ресми түрде судың қасиетті екеніне дәлел болып отыр. Олар судан ішкеннен кейін ұзақ уақыттан бері мазалап келген сырқатынан сол мезетте бірден айыққандар еді. Айталық, Анна Сантаниро 1952 жылы 40 жасында ауыр жүрек науқасына душар болады. Салдарынан екі аяғы күмпиіп ісіп, тыныс алуы ауырласады. Артық қимыл-қозғалыссыз тек төсекке таңылуға мәжбүр еді. Тағдырының қиындығы оның бір кіндіктен тараған бауырлары да дәл осы тылсым аурудан көз жұмған болатын. 67 жасында Анна соңғы үмітін арқалап, Лурдтағы бұлақ суына түседі. Нәтижесінде екі аяғын нық басып, ұзақ жыл мазалаған ауруынан толық жазылып кетеді. Аннаның сырқатынан оңалу сыры медицина мамандары тарапынан жарты ғасырға жуық зерттелсе де ғылыми тұрғыда оның қисынын түсіндіріп берерліктей әліге еш тұжырым болмаған.

Бүгінгі таңда бұл бұлақ көзі – Католик дінінің қасиетті деп таныған жерінің бірі. Мұнда жыл сайын тәу етіп, құлшылық жасау үшін 150 мемлекеттен 5 миллионға жуық адам келеді.

(Фотода: Қапалдағы Тамшыбұлақ)

«Қартайтпайтын» қасиетке ие суларға қатысты аңыздардың арасында аты жиі аталатын бұлақтың бірін Германияның Норден аймағынан табасыз. Алманияның батыс солтүстік қаласы Дюссельдорфтың шығысында орналасқан бұл елдімекенде бар-жоғы бірнеше жүз адам өмір сүреді. Су осы қыстақтағы үңгірден шығады екен. 1986 жылы сәуірде судың қасиетін анықтамақ болып, Чернобыль апатынан ақ қан ауруына шалдыққан балаларға судан ішкізгенде барлығында да оңалған белгілер анықталыпты. Тіпті, бір бала сырқатынан мүлде құлан таза айыққан көрінеді. Осындай үздіксіз тәжірибе, тексерістердің арқасында үңгір суының дақпырты 1992 жылдан бастап әлемге жайылды. Сол бұлақ басында туристерді қабылдап, ем-доммен айналысқан З.Заддик дәрігердің айтуына қарағанда 2003 жылға дейін  шипалы судан дәм татуға 2 миллион турист ат басын тіреген екен. Тіпті, 1998 жылы 13 маусымда Жапонияның «Asahi» телеарнасы үңгір суы турасында «Ақиқатын білсек» деген арнайы телехабар да таратыпты.

Мексика астанасы Мехикодан солтүстікке қарай 300 шақырымдай жүргенде Тлакоте қалашығына тап боласыз. Бұл кезінде 5453 адам тұратын ауылды 85000 тұрғыны бар танымал қалашыққа айналдырған әрі атағын аспандатқан басқа емес, сондағы құдық суы. Күніне неше мыңдаған адам кезекке тұрып су алатын, 8 миллионнан артық туристерді тарта білген Тлакотенің суында нендей сиқыр бар дерсіз? Бұл сұрақтың сырына ғалымдар да үңіліпті. 1993 жылы Уругвай Монтевидео емханасының профессоры  Салаберри (Salaberry) Тлакоте суының шипалылығын анықтамақ болып, 14 пен 81 жас аралығындағы 3673 пациентке күніне осы судан 2-3 литр ішкізген екен. Сондай-ақ әрбір емделушінің суды ішкеннен кейінгі денсаулық жағдайының өзгерісін мұқият тіркеп отырыпты. Нәтижесінде толық ем қабылдап үлгермей қайтыс болған 29 адамды қоспағанда, қалған сырқаттардың 80 пайызында елеулі оңалу, сауығу болған.  

Әрине, мұндай емдік қасиеті бар шипалы суларды санаулы болса да әлемнің әр түкпірінен табуға болады. Мысалы, Жапонияның Хита қаласы, Үндістанның Натал, Солтүстік Пәкістандағы Хунза елдімекендерінде осындай шипасымен көпке танылған сулар бар.

Қасиетті судың құпиясы: белсенді сутегі және ОРП

Жер жүзіндегі мұндай шипалы қасиетке ие сулардың сырын ашу, құрамын анықтау әрқашан зерттеушілердің басты назарында болып келген. Сондықтан әртүрлі ғылыми тәсілдермен судың өзгерісін бақылап, әсер ету тетігін табуға тоқтаусыз қадамдар жасалды. Әлемдегі маңдайалды ғалымдардың бірігіп күш салуының арқасында емдік қасиеті бар сулардың ортақ ерекшелігін анықтады. Ғылыми талдау қорытындылары аталған сулардың денінің белсенді сутегіне бай екендігін тұрақтандырды. Бұл сулар  антиоксидантты тотықсыздандырғыш суға жатады. 

Шипалы, қасиетті аталатын сулардың бәрінде де кездесетін бір ортақтық – ол судың төмен негізді болуында. Яғни  PH индикаторы 7.2 – 8.5 арасын көрсетеді. Бұл сулардың ОРП көрсеткіші де төмен. Суда Ca+, Mg+, Na+ тектес минералды иондар молынан ұшырасады. Оған қоса белсенді сутек элементі айрықша көп. Сол себепті әлсіз негізді, белсенді сутектері мол  сулар халықтық танымда «қасиетті» су саналады. 

Кейіннен ғалымдар жоғарыдағы аты аңызға айналған үш судың да құрам-құрылысын бүге-шігесіне дейін талдады. Нәтижесінде Тлакоте, Лурд, Нордендегі үш судың да қарапайым судан мүлдем басқаша емес екенін анықтады. Сөйтседағы  қарапайым судан парықталатын тұсы да жоқ емес. Айталық, бұл үш судың үшеуінде де белсенді сутек әдеттегі су мөлшерімен салыстырғанда 10 еседей көп болған. Францияның Лурд бұлағының құрамында сутегі ионы мейлінше көп. Минералдары кальций 91 мг/л, магний 20 мг/л, германий 7,5мг/л, ал рН индикаторы 7.9-ды көрсеткен. Сондай-ақ Лурд бастауының ОРП мәні -150 мВ. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіш (табиғи суда ОРП мәні -400-ден +700 мВ-ға дейін ауытқиды. Ал Лурд бұлағының ОРП мәні бұл стандарттан әлдеқайда төмен).

ОРП мәні су сапасын анықтау құралының құрамдас бөлігі. Ол өзі жеке дара судың сапасын белгілей алмағанымен, өзге де өлшеуіштермен қосылып, ортақ тұрғыда су жүйесінің экологиялық сапасын анықтайды. Мысалы, судың ОРП мәні (+) оң болса, су тотықтырғыш (оксидантты) келеді. Ал (-) теріс ОРП мәні тотықсыздандырғыштықтан (антиоксидантты) хабар береді. ОРП мәні төмендеген сайын судың да тотықсыздандыру қабілеті артады.

 500-ден астам минералды су көзі

 Қандай да бір табиғи шарт-жағдайы жар берген елдердің бәрі де өзіндегі арасан, емдік шипалы суларының жарнамасын жасап, бәсін арттырып жатқанын байқаймыз. Жоғарыдағы мысалға келтірген үш судың да қарапайым судан бар айырмашылығы ондағы элементтері мен түзілісінде. Бірақ соған қарамастан алдына жылына 8 миллион турист ағылады. Осындайда судың өзінен гөрі оған жасалған үгіт-насихат пен жарнаманың кереметтігіне еріксіз тәнті боласың.

Шынтуайтына келгенде, біздегі отандық шипажайлардың суы да олардан  еш кемдігі жоқ. Бабын келтіріп, бағын жандырса Сарыағаш, Қапал-Арасан, Алма-арасан, Барлық, Тамшыбұлақ, Жаркент, Қарадала, Керімағаш, Көктем, Рахман қайнарларының қай-қайсысы да Нарзан, Боржоми, Есентукиден қалыса қоймайды. Тек мұндайда тиісті назардың кемдігі мен қажетті инвестицияның жоқтығы қол байлап отырма деп пұшайман боласың. Қазақстанда бас-аяғы 500-ден аса минералды су көзі мен 105 емдік мақсатқа қолданылатын балшық қоры анықталыпты. Солардың ішінен Сарыағаштың суы әрі емдік-сауықтыру ісінде, әрі ауыз суы ретінде жалпы халықтық сипатта пайдаланылады. Қалғандары өңірлік, аймақтық ауқымда қағаберіс қалып отыр. Құрамында тұз ерітіндісі аз болған су ішуге жарамды. Ондай қайнар суы асқазан, бүйрек, бауыр, өкпе-тыныс жолдары, іш құрылыстарын емдеуге айтарлықтай септеседі.

Отандық арасандар

Ертеден пайдаланылып келе жатқан арасанның бірі – Алма-арасан. 1932 жылдан бастап емдеу ісін іске асырған шипажай суында кремний элементі айтарлықтай мол. Минералды судың жылылығы +33 – +38 градусты құрайды. Алмасарасан минералды суы буын қабыну, жүйке жүйесі сырқаттары мен қан тамырлары ауруларын емдеуде артықшылыққа ие.

Еліміздегі шипажайлардың басым дені Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Мұнда Қапал-Арасан, Қоңыр-Әулие бастауы, Әулие бастау, Жаркент-арасан, Рахман қайнарлары, Барлықтайын емдік шипалы су көздері бар. Үржардағы Қабанбай ауылының іргесінің өзінен 13 шипалы бұлақ ағып жатыр. Осылардың ішінде Бүйен өзенінің баурайындағы «Қапал-Арасан» емдік суының аты бұрыннан-ақ белгілі. 1846 жылы әскери дәрігер Светаев келіп минералды суға тексеру жүргізгеннен кейін екі жылдан соң қайнар әскери курорт ретінде бекітілді. Бұл суға 1856 жылы Тянь-Шанға сапары сәтінде белгілі географ ғалым П.С. Семенов бұрылып, тоқтаған екен.  Алайда жергілікті халық бұл суды оған дейін де қажетінше пайдаланып, ем-домдарына істеткен. Өлкенің табиғатын, емдік суын қастерлеу турасында Қыдырәлі би айтты дейтін сөз бар. Өз сөзінде би судың шипалы қасиетін жоғары бағалаған.

Әскери курорттан кейін шипажай 1899 жылы жабылып, 1931 жылға жеткенде қайтадан ашылды. Одан кейінгі сауықтыру үйінің ең көркейген тұсы бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын 1970 жылдардың соңына сәйкес келеді. Алайда кейінгі нарықтық қатынас шипажайды да есеңгіретті. Бұрынғы кісі аяғы үзілмейтін сауықтыру орны қаңырап, талан-таражға түсті. Қазіргі таңда әлеуеті ол деңгейге жетпесе де, бірте-бірте көркейіп келе жатқан шипажай бар.

Қапалдың табиғаты тұнықтығымен бірге жері де қастерлі. Олай болатыны әр тұсынан ағып жатқан бастау-бұлағының шипасы жоғы кем де кем. Қапалдан 15 шақырымдай қашықтықта Жылысу аталатын қайнар бар. Жан-жағы қысы жазы жасыл болып жататын минералды су әртүрлі бұлақтардан шығып жатыр. Әр тұма суының температурасы да бір-біріне ұқсамайды. Белгілі бір бұлағынан радионды су шықса, енді бірінің құрамы одан өзгешерек. Ал Қапалдың өзіндегі Тамшыбұлақ та дәл осы қасиетке ие. Жоғарыдан төменге тамшылап аққан бұлақ суының әрбірі әртүрлі дертке дауа. Біреуі көздің, енді бірі бауыр мен бүйректің, тағы бірі асқазанның ауруын жазады. Жалпы алғанда Қапал-Арасан суынан хлор, сульфат, натрий, сілті, күкірт сияқты 10-нан астам минерал табылып отыр.

Стив Браунның арғы атасы – Алатау-Тамшыбұлақ

Қапал атына қатысты дерек қалдырған жанның бірі – ағылшын саяхатшысы, этнограф Томас Уитлам Аткинсон. Қазақ және Моңғол халықтарын зерттеп, көшпенділердің тұрмыс-салты мен мәдениетіне үңілген  жиһанкездің «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» (2 томдық еңбек), «Амудария бойымен саяхат» атты кітаптары бар. Қапал туралы жазба 1858 жылы жарық көрген «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» кітабында аталады. Сондай-ақ бұл еңбекте Семей, Аягөз, Алматы туралы да құнды мәлімет, қымбат пікірлер орын алған. Тағдырдың бұйрығына сай жиһанкез 1848 жылы 4 қарашада қазақ топырағында ұлды болады. Бір қызығы, осы ұлына ол Алатау-Тамшыбұлақ деген есім берген екен. Қапал басына келгенде туған немесе Тамшыбұлаққа деген махаббатының әсерінен қойылғанын анық ажыратып айта алмасақ та қазақ топырағында туған сол сәбиден Ұлы Британия топырағында іргелі бір әулет өсіп-өніпті. 2016 жылы Алатау-Тамшыбұлақтың тұқымынан тараған ұрпақтары атасының аты ұлықталған жер – Қапалға келіп қайтты. Бабасының туған топырағына келіп, өз сезімімен бөліскенде Стив Браун Тамшыбұлақ көркемдігі туралы көп естігенін, бұл сапарға арнайы дайындықпен келгенін жеткізген. Атасының басқан ізімен батыс Еуропадан Қапалға арнайы келген ол өткен тарихпен қайта қауышып тұрып, тебіренгенін де жасыра алмады. 

«Барлықтың» бағы ашылса

«Кезінде Қабанбай батыр суына түсіп, тыныққан жер екен»,-деп ауызекі әңгімеде аңызбен ұштастыра айтылатын шипалы судың бірі – Барлық арасаны. Алакөлден 18 шақырым қашықтықта жатқан бұл арасанды жер астынан шығып жатқан 13 термальды бұлақ суы құрайды. Бұлақтарының температурасы +20-+42 цельсий градус аралығында. Тамшыбұлақ көздері сықылды жергілікті халық мұнда да 13 бұлақты «көз суы», «жүрек суы», «асқазан суы» деп тергеп, бөгенайымен атап кеткен. Бұрқылдап шығып жатқан әр бұлақтың минералдығы жоғары. Химиялық құрамы хлор, сульфат, натрий, радон, кремний қышқылы, сульфатты натрий сияқты және басқа да адам ағзасын тыңайтатын элементтерге кенен.

Барлық арасанның бұлақ көздері зәр шығару жүйесі, ас қорыту органдары, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр, тірек-қимыл мүшелерінің қозғалысы сияқты көптеген ауруларды емдеп, сауықтыра алады. Әсіресе, жер асты минералды суындағы хлор секреция безінің қызметін қуаттандырып, ас қорытуды күшейтеді. Шипалы судың анионды құрылысына әсер еткен сульфат ионды натрий тұзын түзіп, ішектің шырышты қабығын тітіркендіру арқылы ішектің қозғалыс функциясын арттырады.  

Теңіз деңгейінен 579 метр биіктікте орналасқан арасанның тынысын тарылтып тұрған – жол-қатынас мәселесі. Семей мен Өскеменнен 600 шақырымдай шалғай жатқан бұлақ басына тікелей қатынайтын маршрут болмағандықтан көлік ауыстырып келуге екі адамның бірі алыссынады. Сондықтан 1973 жылы негізі қаланған шипажай кеңес кезінде жақсы дамып-көркейе білді. Оның айғағы ретінде Барлық-арасанда  кеңес ғарышкерлерінің келіп демалғанын дәлелге келтіруге болады. Әйткенмен бүгінгі таңда инфрақұрылым, транспорттың қолайсыздығы арасан ісінің келешегіне кесірін тигізіп тұр. Сол себепті сауықтыру кешеніне Алакөлде демалып жатқан туристер көбірек келеді. Егер Арасанға тіке қатынайтын бағыт ашылса, кешеннің әрі қарай ұлғайып, ауқымын кеңейтуіне соны серпін болар еді.  

(Фотолар ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға