Жаңалықтар

Қайырымдылық жасауға да қызығушылық керек

«ASYL ADAM» қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкеновпен сұхбат
Қайырымдылық жасауға да қызығушылық керек
07.02.2019 14:25 5856

Көңілбай Шүкеновтың есімі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға үй салып беруші қайырымды жан ретінде танылып келеді. Оның балалық шағы жоқшылықта өткендіктен, бұғанасы қатпаған шағында-ақ қара жұмысқа жегілді. Бүгінгі жетістігіне осы өзінің еңбегі, қажыры арқылы жеткен. Көңілбай «ASYL ADAM» қорының негізін 2014 жылы қалады. Бес жылдың ішінде қырықтан аса отбасыға заманауи үй салып, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмыспен қамтып, көптің алғысын алып келеді. Қордың бүгінгі жұмысымен танысу мақсатында Көңілбай Шүкеновтың өзімен кездесіп, сұхбат құрып келген едік.

– Аға, дәл қазір қандай жобаны іске асырып жүрсіздер?

– Дәл қазір «ASYL ADAM» қоры «Арман үй» қайырымдылық акциясын жүргізуде. 1 наурыз - Алғыс айту күнінде қорытындылауды жоспарлап отырмыз. Бұл акция барысында бізге қол ұшын созған адамдар Қосшы ауылында салынып жатқан жаңа үйден екі бөлмелі пәтер ұтып алу мүмкіндігіне ие. Автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтарымыз бар. Бұл акцияны кезең-кезеңмен жүргізіп келеміз. Бізге қол ұшын созған жандардың барлығына арнайы дайындалып, мөрленген және нөмерленген «Сіз асыл адамсыз» жазуы бар сертификаттар бердік. Желтоқсанның басында алғашқы ұтыс ойынын өткізіп, тоңазтқыш, кір жуғыш машина, телевизор мен айфон секілді заттарды жеңімпаздарына табыс еттік. Бұл біздің акциямыздың шынайы екеніне сендірудің алғашқы баспалдағы іспеттес болды. Енді, Алғыс айту күніне орай, үлкен мерекелік шара ұйымдастырмақпыз.

Онымен қоса, Астана қаласының маңындағы ауылдарда қолжетімді баспананың іргесін қалауды қолға алып жатырмыз. Яғни, баспана қарапайым отбасыларға қолжетімді болу үшін бағасы арзандатылатын болады. Көптеген отбасылардың банкке салып жатқан ақшасы немесе жері бар болғанымен, үй тұрғызып, не сатып алуға мүмкіндіктері болмай тұрғаны рас. Міне, сондай жандарға қолдау көрсетсек дейміз.

– Сіз құрған қордың негізгі мақсаты қандай?

– Бұл қайырымдылық қорының негізгі жұмысы – мұқтаж жандарға баспана беру және жұмыспен қамту.

Мен ақшаны жанымнан және ар-ұятымнан артық көрмеймін. Өйткені, ақша – біреудің бізге басып берген түрлі-түсті қағазы ғана. Дүниедегі ең құнды дүние – адам және оның арасындағы қарым-қатынас. Бұл қағиданы бәріміз білгенімізбен, әдетте елей бермейміз. Ақшаны өзімізден, туысқаннан, сыйластықтан биік қоямыз. Ал мұны орнына келтіріп, түзейтін нәрсе имани қасиет пен рухани байлық.

– Қайырымдылық қорды құру идеясы қайдан туындап еді?

– Жалпы қайырымдылықтың ең ғажап нәрсесі – бір-бірімізге жақсы сөз айту. Бірақ, көп адам жақсы көре тұра, бетіне барып айта алмауы мүмкін. Солардың қатарында мен де бармын. Сондықтан сөз болмаса да, іспен дәлелдеуге бел байладым.

Қазіргі жасап жатқан жұмысым бала күндегі арманым екен. Мектеп кезіндегі мұғалімім анамнан «Менің арманым» деген тақырыпта жазған шығармамды беріп жіберіпті. Оқып отырсам, бүгінгі жасап жатқан дүниелерімді сол кезде тізіп шығыппын. Мектепте нашар оқысам да, ұстаздарым мені ұнатпаса да, бір парақ қағазымды сақтап қойыпты.

Қазір Қазақстанда отбасылық дүниеде екі басты мақсат бар: баспана мен жұмыс. Ал қалған нәрселердің бәрі адамның жеке қажеттілігіне байланысты кейінгі орынға шегеріледі. Осы мәселелерді шешу үшін біздің қор қарқынды жұмыс жасап келеді. Құрылғаннан бастап, біраз шаруалар атқарылды. Басында көбісі қорға күдікпен қарап, сенімсіздік танытқанымен, уақыт өте аяқтаған шаруаларымызға қарап, илана бастады.

– Қордың тұрақты демеушісі бар ма?

– Тұрақты демеушілер жоқ. Біздің басты демеушілеріміз – қарапайым халық. Жоба – бай-патшалардың емес, халық ісінің көрінісі. Біз жұртшылықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, көрсетіп, іспен дәлелдеу үшін қызмет етіп келеміз.

– Баспана салу оңай шаруа емес, көп қаржылық шығынды талап етеді дегендей...

– Өзіміздің құрылыс компаниямыз арқылы тендерлерге қатысып, үй тұрғызамыз. Сосын интернет-дүкен мен кішігірім кәсіптеріміз бар. Негізгі шығынды солар өтейді. Сонымен қатар, мүдделес достарымыз да жеткілікті.

– «ASYL ADAM» қорындағы ірі жобалардың бірі «Бақытты отбасы» туралы естіп едік...

– Өзіңіз айтып отырған жобаның мақсаты – кесе-көлденең кезіккен қиындықтарға мойымай, бала-шағасын бағып, ажыраспай отырған отбасыларға көмек көрсету. Аты айтып отырғандай «бақытты отбасылардың» тауқыметін бөлісіп, алға жол сілтегіміз келеді. Дәл қазіргі уақытта Қарағанды қаласында үйлері өртеніп кеткен 8 отбасыға екі қабатты үй салып жатырмыз. Биыл күзде кілтін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, Ақмол аудан орталығында 60 пәтерлік үй салуды мақсат еттік.

Біз үй сала бастағанда «Мұны не үшін жасап жатсыңдар?», «Қандай мақсаттарың бар?» деген секілді сұрақтар қоятындар көп болды. Кешегі бес баланың ажалы осы сауалдарға нақты жауап береді. Неге біз қайғылы жағдайды күтуіміз керек? Ол балалар үшін артынан құран бағыштап, ата-анасын жұбатудан басқа ештеңе жасай алмаймыз. Ал солар секілді қаншама бала біздің көмегімізге зәру болып отыр? Сіздердің оқырмандарыңызға осыны жеткізгім келеді. Бұл оқиға біз үшін үлкен сабақ болып отыр. Сондай қиын жағдайда тұрып жатқан балаларға неге уақытында қол ұшын созбасқа?

– Сіздер баспанаға мұқтаж жандардан арнайы тізім жасайсыздар ма?

– Көмекке зәру адамдар біздің сайтқа кіріп, тіркеліп, өтініш қалдыра алады. Олар өздерінің көпбалалы екендіктерін көрсетуі керек.

– «Қордың мақсаты – баспанамен қамту және жұмысқа орналастыру» деп айтып қалдыңыз, сонда қандай жұмыс ұсынасыздар?

– Кей отбасыларды шағын кәсіппен айналысуына сеп боламыз. Алайда, бизнес әлемінде әзірге ауыз толтырып айтатындай жетістіктер жоқ. Себебі, әлемдік тәжірибеде он жоба болса, соның екеуі ғана сәтті шығады дейді. Мысалы, жақында 8 баласымен контейнерде өмір сүріп жүрген отбасыға баспана салып бердік, енді олар өз үйінің алдынан шағын кафе мен дүкен ашып жатыр. Біз қолымыздан келгенше көмектесіп, инвестиция құйып отырмыз.

– Көмек көрсетілген отбасылармен байланысып отырасыздар ма?

– Көмектескен отбасылармен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Олардың бүгінгі хал-ахуалын біліп, қиындықтары болса, тағы да жәрдемге келеміз. Мен барғанда балалар жақын туысқанын көргендей қуана қарсы алады.

Мына бір оқиғаны айта кетсем: Біз бұрын баспана салып берген және салып жатқан үйдің балалары мен өзімнің балаларымды жинап, құрылыс орнында кезіктіріп, жұмыс жасаттық. Әрине, ауыр іске салғанымыз жоқ, әйтеуір шамалары келгенше кірпіш тасып, басқа ұсақ-түйектерге жәрдем берді. Сосын кешкілік өзім тәтті-тағам пісіріп, оларға өнегелі әңгіме айттым. Баланың ойында не қалады? Жұмыс істеп, тәтті жегендерімен қатар, менің сөзім қалады. Болашақта ұрпағымыз өнегелі болсын десек, бүгіннен бастауымыз керек.

– Сіздің қордан нақты қандай отбасылар көмек ала алады?

– Көпбалалы, қандай қиындық болса да мойымай, ажыраспай келе жатқан отбасылар, көпбалалы жесір аналар (күйеуі өмірден өткен) және оттан, судан, табиға апаттардан зардап шеккен отбасылар. Осы үш бағытта ғана жұмыс жасаймыз.

– Шамамен ай сайын қанша отбасы хабарласып жатады?

– Қазір офистерімізге арнайы келіп, көмектесуімізді сұрап жатқан адамдар жетерлік. Сайтқа да өтінімдер көп келіп түседі. Олардың нақты санын шығармаппыз.

– Қайырымдылық акциясын өткізудегі мақсатыңыз қандай?

– Мақсат – барша адамдарды жақсылық жасауға шақыру. Сол акция барысында біз Қарағанды қаласындағы үш оқу орнына бардық. Бірінші университеттің студенттерін жинап, жай ғана қайырымдылық жасауға шақырып, бір күн бізге көмектесулерін өтінген едік. Ал келесі оқу орнындағы балаларды «Нұр Отан», оқу орнының әкімшілігі арқылы келуін міндеттедік. Ал үшінші білім ордасына барып, бізге қол ұшын созған адамдар арасында 2 бөлмелі пәтер ойнатылатынын айтып қызықтырдық. Сенесіз бе, біз мәжбүрлеген және пәтер жайлы айтқан оқу орнынан 500-ге тарта адам жиналды. Ал бірінші оқу ордасынан ешқандай жан баласы келген жоқ. Бұдан қандай ой түюге болады? Біздің елде адамдардың қайырымдылық жасауы үшін адам шығыны болуы керек, мәжбүрлеу немесе қызықтыру керек. Адам өлімі мен үшінші айтқаным бір-біріне ұқсайды.

Сол сияқты үй салынып жатқан жердегі көршілеріне барып, көмек сұраймыз. «Өзіңіз білетіндей, мына көршіңіздің үйі өртеніп кетті немесе 8 балалы отбасы контейнерде тұрып жатыр еді» деп мән-жайды түсіндіреміз. Сонда көршілері бұл жайтқа бей-жай қарап, көмекке келмейді. Сол сияқты  сол көршілерден күрек сұрап барғанда бермеген адамдар бар немесе 2-3 күннен соң қайтарыңдар деп шарт қоятындары болды. Негізінде біз ешқандай күрекке зәру емеспіз. Тек көршілерін сынап көру мақсатында осындай сауалнама жүргіземіз.

– Қазір осы акция арқылы қанша адам жиналды?

– Бүгінге дейін жиналғандар саны төрт мыңға жетіп отыр. Келешекте миллион болуымыз мүмкін. Осы арқылы біз адамдарды ақырын-ақырын  қайырымдылық жасауға алып келеміз. Біздің тізімде тұрған адамдарға «сіз көмек қолын созған үй бітуге жақын», «міне, құрылыс аяқталды» деген секілді хабарлама жіберіп отырамыз. Біздің қорға алғашқы уақыттары сенімсіздік танытқандар жайлы айттым ғой,  сол секілді акцияға да «шынымен үй бере ме екен?» деген секілді күдікпен қарағандар болды. Сол үшін акцияның алғашқы кезеңінде азын-аулақ сыйлықтарымызбен ұтыс ойнаттық. Енді, пәтер кілтін «жақсы адамға» табыстаған соң, біздің қатарымызға қосылушылар саны тағы артады деп ойлаймын.

Мемлкекеттің қуатты болуы экономика мен қару-жарақтың көптігіне емес, қайырымды жандардың санына байланысты.

– Сіздерді алдап, көмек алғысы келген отбасылар болды ма?

– Қорды құрған алғашқы уақыттары баспанаға мұқтаж отбасыларды өзіміз іздеген кездер болды. Сонда бізді алдағысы келгендер, тіпті балаларына айтатын сөздерін жаттатқызған оқиғалар болды. Көршілермен сөйлесіп немесе балаларынан дұрыстап сұрай бастағанда ақиқатқа көз жеткізіп жаттық. Жалпы, өтініш берген отбасылармен жеке барып, танысып, сосын барып іске кірісеміз.

– Тағы қандай жобаларыңыз бар?

– «Шаруа мекені» деген жобаның алғышарттарын жасап жатырмыз. Оның басқа жобалардан айырмашылы – жеке баспанамен қоса, кәсіпкерлікке тартамыз.

– Ісіңізге береке тілейміз, әңгімеңізге көп рақмет!

(Суреттер К.Шүкеновтің мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға