Жаңалықтар

Қ.Абдуллинның «Кедей еркі» газетіндегі редакторлық қолтаңбасы

Редакторлық шеберлік
Қ.Абдуллинның «Кедей еркі» газетіндегі редакторлық қолтаңбасы
14.09.2017 11:34 5533

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті.  Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде  (төрағасы - Р.Мәрсеков);  Омбыда  (төрағасы - Е.Итбаев);  наурыздың аяғында -  Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де,   Уақытша   үкіметтің   органдарымен де ынтымақтастық   жасады.   Мысалы, Ә.Бөкейханов  - Торғай облысы   бойынша, М.Тынышбаев  Жетісу облысы    бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов,  Ж.Досмұхамедов,  Х.Ғаббасов,  Ж.Ақпаев,  А.Бірімжанов,  Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді» [10.63б]. м Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты. Кеңес өкіметі жер-жерде орнағаннан кейін Жетісу уезіне Алматыға шақырылады. Ол жақта Жетісуға атақтары шығып, дүрілдеп тұрған азаматтар Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин, тағы басқалармен танысып, достасады. Оған дәлел, 1925 жылы Қалдыбайдың тойына Ораздың ұшақпен келіп, Қалғұтыға қонуы, «Өз кезегінде Қалдыекенді бүкіл Қасқарау-Сырымбет қатты сыйлайтын еді дейді айтушылар»,- деп еске алады. «Кедей еркі» газетін қараған кезде өте мәнді дерекке кезіктіруге болады. Бұл жөнінде Т. Қожакеев те: «Кедей еркі» газеті 1921 жылы қазанның 12 жұлдызындағы нөмерінде «Білдіру» атты хабар беріпті,- дей келіп. – Онда «Кедей еркі» газетінің шығарушысы һәм газет қолбасшысы Қ. Абдуллин осы жылғы 28 қыркүйектегі обком партияның тоқтамы бойынша Пішпек угорревкомына һәм халық ағарту бөліміне қызметке жіберілді» (сол кезде Пішпек Қазақ АССР-і құрамында болатын),- деп жазды. Міне, осы фактінің өзінен-ақ талай сыр ұғуға болады. Журналиске зор сенім білдірілуі, жоғары қызметке, революциялық жұмысқа жіберілуі оның Кеңес жағына шыққанын көрсетеді. Әрі білімі, іс-тәжірибесі, ұйымдастырушылық, елмен тез тіл табыса алатын қабілеті ескерілгенін аңғартады. Сөйтіп, жалынды журналист халық ағарту ісіне де араласып, сауатсыздықтыжоюға бір кісідей үлесін қосады. Еңбекшілердің саяси көзқарасының қалыптасып, ой-өрісінің кеңеюіне игі ықпалын тигізеді. Осы пікірді растағандай, «1921 жылы Пішпек угорревкомына халық ағару жұмысын ұйымдастырушы болып келген»-дейді Жақып Әбдірақманұлы. Ол одан әрі Қалдыбайдың қызметіне тоқталады. Қариялардан естігеніне, жинаған дәлеліне сүйене отырып: «Көшпенді халыққа мектеп ашу қиын болғандықтан, елді отырықшыландыру керек болды,- деп сыр шертеді. – Қордай өңіріндегі алғашқы кеңестік қазақ ауылы 1922 жылы көктемде Қасыққа орналасты. Сол жылдың 13 қыркүйегінде үш топқа бөлінген 15 оқушысы бар Қасық жұмысшы-жастар мектебі ашылды. Алғашқы меңгерушісі Дәулетше Шамғұнов, оқытушы Жаужүрек Қаражанов болды. Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді ұйғарды және осы мақсатпен барлық қазақ зиялыларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз еркімен барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі құрылды.

Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде болып, оларға қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетті. Олар шақырылғандардың құқықтарын қорғау және олардың майдан өңірі аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар туғызу жөнінде нақты қадамдар жасады. Ал мұның өзі кеңес заманында көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді». Алаш көсемдері көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да ешқандай сатқындық жасаған жоқ. 

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшылары Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев, О.Шолақов, А.Жүнісов, С.Қанаев көтерілісшілердің саяси көсемдері Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, Б.Алманов және басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. 1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар аудандарында (негізінен, Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды. Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.

Пішпек уезіне қарасты қырғыз ағайындар ауылынан да талай мектеп ашқан шығар. Қалдыекең мектеп ашу, қоныстандыру, шаруашылықты ұйымдастыру жөнінде Пішпек уезіне, Қордай өңіріне көп еңбек сіңірген». Осындай ел ішінен жинақталған нақты айғақтарға сүйеніп Қалдыбайдың қоғам қайраткері, ел қамқоршысы болғандығына көз жеткізуге болады. Қалдыбай Абдуллиннің өмірбаяндық дерегі толыға түскені үстіне, қызметі, әулеті, үрім-бұтағы, т.б айқындала түсуде. Мысалы, оның кескін-келбеті жайында С. Әбдіқадырұлы «Қалдыбай дөңгелек жүзді, толықтау келген, орта бойлы кісі еді»- десе, «Әйелі татар қызы. Біз қазақшалап Әсіреп дейтін едік. Бір қызы бар еді»,- дейді Қ. Оразбаев қария.

Ал Әндем Молдыбаев былайша сөз қозғайды: «Жас алаштың» бетінде «Қасқарау деген кім?» деген тақырыппен деректі материал жазған екенсіздер. Бұл материалдағы Қалдыбай Абдуллин деген үлкен кісі, менің әкем Молдыбай Абдуллиннің туған, емшектес інісі болып келеді. Әкем Молдыбай 1884 жылы туылып, 1971 жылы 87 жасында дүниеден өтті. өзінен кейінгі інісі Қалдыекең жөнінен көп әңгіме, армандар айтып, аһ ұрып отырушы еді. Ағамыз Қалдыбайдың біраз суреттері менде сақтаулы. Ата-бабамыздың туылған, өскен жерлері  - Қордай аймағы. Демек, қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «Талапты» совхозы. Сіздердің бұл кісі жөнінде «Қордай шамшырағы» деген аудандық газеттен сұрастырғандарыңызды да естідім. Бұдан ары сіздерге қандай мәліметтер керек болса, шамам келгенше жауап беруге мен даярмын». Әндемнің анықтауынша, Қалдыбай, С. Әбдіқадырұлы жазғандай, 1887 жылы емес, 1891 жылы өмірге келген. Сонымен бірге, ол басқа да қызықты деректерді алға тартады. 1930 жылы 28 сәуірде түсірілген бір суретте бір топ қайраткерлердің қақ ортасында бұрынғы Жапон коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас секретары Сен Катаиама, Тұрар Рысқұлов, Қалдыбай Абдуллин қатарласа отыр» [12.36 б]. Өкінішке орай, Тұрар Рысқұловтың бет-әлпетін ептеп өшіріңкіреген екен. Сондай-ақ, «халық жауы» ретінде ұсталып кеткен азаматтың жансыз бейнесіне де тыным болмағаны, оның түр-түсін танығысыз етіп тастауға дейін барғандығын байқайсыз.

Әндемнен Қалдыбайдың отбасы жайында бірсыпыра мағлұматтар алынған. Әйелі – татар, есімі – Әшіреп, Нәписа, Кәшипа деген екі қызы бар. Әшіреп 70-ші жылдарыАлматыда дүние салыпты. Ал үлкен қызы Нәписа 1954 жылы Пржевальск (Қырғызстан) горкомында қызмет істеп жүрген кезінде Қойсара курорты маңында автомобиль апатынан қайтыс болыпты. Екінші қызы Кәшипа Алматыда осыдан он шақты жыл бұрын тұратын көрінеді. Бірақ мекен-жайы белгісіз. Қалдыбай Дулат руынан екен. Оның ішінде – Жаныс – Қасқарау (шын аты – Бейімбет), қордайлық Сырымбет – Рысқұл болып бөлінеді. Рысқұлдан Маман тарайды. Маман атадан – Қоржынбай, Қашаған өрбіген. Ал Әбділда – Қоржынбайдың жалғыз баласы. Қашағаннан – Тайғожа, Нұрғожа тарайды да, Әбділдадан – Молдыбай, Қалдыбай, Сансызбай дүниеге келеді. Сонда жоғарыда мысалға келтірген С. Әбдіқадырұлының Қалдыбайдың бауырлары туралы дерегі қате айтылған болып шықты.

Тағдырдың жазуын қойсаңшы, Молдыбайдан жалғыз бала – Әндем, байырғы теміржолшы, 10 баланың әкесі, Сансызбайдан көзі тірілері – Гүлбаһрам, (шын есімі – Бәкәр), 1922 жылы туған, қазір құрметті демалыста, балалы-шағалы. Одан кейінгі Жұмабай 1953 жылы 21 жасында өмірден қыршын кетіпті. Одан 1953 жылы дүниеге келген Жұмабек атты ұл бар,  балалы-шағалы, «Талапты» совхозында механизатор болып еңбек ететін екен. Үрім-бұтақты саралай келгенде, С. Әбдіқадырұлы сияқты, кейбір ауыл қарттары Қалдыбайды төрт ағайынды десетін көрінеді. Солай деп Нұрмахамбетті туған інісі ретінде атап жібереді. Әндемнің айтуынша, Қалдыбай үш ағайынды, Нұрмағамбет - оның немере інісі. Мамандығы – кен инженері және бұған қоса мал дәрігері оқуын тәмәмдаған. Ол да Кеңес жағына шығып, революция ісін алға апарушылармен бір сапта болған. Кедей-кепшіктерге теңдік, билік, қызмет, бостандық, т.б әперу үшін аянбай күрескен саналы да қайтпас ерді 1934 жылы жаулары қапыда мерт етеді. Ал Қалдыбай Абдуллин (Әбділдаұлы) қырғыздың Талас ауданына қарасты жайлауында 1934 жылы бандылар қолынан қайтыс болады». Бұл туралы С. Әбдіқадырұлы мынаны айтады: «Ал інісі Сансызбай Қаракемер деген жерде қосшы одағының басшысы болып тұрғанда желтоқсан айында жолсапарда жүрген ағасы Қалдыбайды бандылардың өлтіріп кеткені туралы телеграмма алады. Інісі Сансызбай, келіні Кезей ағасының сүйегіне жылап-сықтап аттанады. Бірақ, ол жақтан сүйегін әкелді ме, жоқ па, белгісіз. Сонымен 1932 жылы желтоқсан айында қазіргі Ош облысы, Қырғызстан Республикасында бандылардың қолынан қаза табады». Артынан анықталғанындай, Қалдыбай 1934 жылы пәниден өткен. Сүйегі қырғыз даласында қалған, әкелуге аттанған Молдыбай Абдуллинді өткізбеген. Тиым салған. Кейіннен атын атауға мүмкіндік болмаған. Дегенмен, С. Әбдіқадырұлының жазбасындағы көптеген деректер шындыққа саяды. Ал кейбір күмән тудыратын мәселелеге түсінік бере отырып, себеп-салдарын ашып, толықтырып өткен Нұрлан Қалқа болды. Зерттеушінің ұтқаны, бітірген шаруасы өте құнды. Қалдыбайдың өміріне қатысты екі ұдай пікірлерді саралап, күмән тудыратын деректерге анықтау жұмыстарын жүргізген.

Әндем Молдыбайұлы әкесі айтып кеткен әңгімелерді ұзақ жылдар бойы көкейінде сақтапты. Әйтеуір, сарғайған сыршыл суреттер мен жадында жазылып қалған әке сөздері ғана осы күнге жеткен.

- Әкемнен талай әңгімелер естуші едім. Бірақ, балалықпен көп мән бере бермеппін ғой. Енді ғана ес біліп, басқа тиген соң қап деп жүрген жайымыз бар. Есте қалғандары, тіптен азғантай,- деп сөзін сабақтады Әндем. – Бұрынғы Қасық ауылын, қазіргі «Талапты» совхозының алғаш құрылуын Қалдыбай атамыз қолға алған екен.

Әкем Қасық ауылының ақ кулактардан қалайша алынғанын жырдай етіп әңгімелеп отырушы еді. Бұл оқиға 1928 жылы болған сияқты. Қалдыбай ауылдасы Олпан Қарияұлымен (газеттерде Ұлпан деп жүр) бірлесе қимылдап, отырықшы ауыл кедейлерінің қамын күйттейді. Қасық ауылын құрып, тұрғындардың дұшпандардан қорғануына басшылық жасайды. Қасық ауылының ел аузында Қалдыбай есімімен де аталатыны осыдан ғой деймін.

Тағы бір есімде қалғаны, 1930 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Красногор ауданының Сұлутөр маңындағы Қарақия жайлауында О.Жандосов бастаған халық ағарту ісінің өкілдері бас қосады. Қарт ақын Жамбыл қонаққа келеді. Кенен бастаған суырып салма халық ақындары айтысқа түседі. Ақындар айтысып болғаннан кейін оларға баға беру туралы ұсыныс жасалады. Жұрт Қалдыбайға сенім артса керек. Сөз оған тигенше еш мүдірместен Жамбылға:

- Болғанда әнге – Кенен, - сөзге Жамбыл,  

Бұл Жамбыл айтар сөзге өте даңғыл.  

Әу десе, аузынан қайнайды өлең,

Қырандай, шабыт келген өте қамбыл, -  деп бата берген екен. Осыны айтып Әндем сөзін аяқтады. Сөйтіп, ақ көңіл, ақын жанды, сөзге шешен, тілге жүйрік, Қалдыбай өнерімен де, өнегелі ісімен де, ақыл-парасатымен де ауыл-аймаққа, ел-жұрқа сыйлы болған екен. «Осындай асыл мінез-құлқы хақында ауыл қариялары талай сыр шертеді. Адамгершілігін, азаматтығын, ел ұлы екендігін, жалпы, болмыс-бітімін естеліктер мен ауызекі айтылып жүрген әңгімелерден де аңғаруға болады. Көп жылдар бойы есімі баспасөз бетінде аталмай кенгенмен де, ел есінде сақталып, көнекөз қарттардың шежіресіне еніп, жырға айналып кеткен екен. Түк жоқ па десек, халық көкейінде бар екен. Ендігі кезекте соларды қағазға түсіріп, хаттап, ұрпаққа жеткізу – қолына қалам ұстап, көпшілікке қызмет етуді міндет еткен бізге парыз. Жер басыпжүргенінде үлкендер шежіресін жазып алуға ұмтылу бізге қажет. Осындай мақсатпен Жақып Әбдірақманұлының аудандық газетке жарияланған естелігінен үзінді келіре кетпек болдық»,-дейді Нұрлан Қалқа.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға