Жаңалықтар

Кәсіподақтар федерациясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды

Сатыбалды Дәулеталин мемлекет басшысын сайлау жұмыстарының кәсіподақтар үшін де маңызы зор екенін атап өтті.
Кәсіподақтар федерациясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды
Фото: El.kz 10.10.2022 11:13 1961

Астана қаласында Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесіне орай «Бірлік. Әділеттілік. Даму» атты ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ынтымақтастық форумы өтті, деп хабарлайды El.kz

Отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіподақ мүшелерінің пікіріне құлақ асып, бірнеше мәселелердің шешілуіне септігін тигізіп келе жатқандығы жайлы айтты. 

«Егер жалақы деңгейін нормативтік реттеу туралы айтатын болсақ, соңғы жылдары кәсіподақтар азаматтардың табысының айтарлықтай өсуіне өз үлесін қосты. Мемлекет басшысының қолдауымен ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру, АЕК есептеу әдістемесін әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Президент бізді қолдады және бұл нәтижеге бірге қол жеткіздік», - деді төраға.

 Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин мемлекет басшысын сайлау жұмыстарының кәсіподақтар үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

 «Біз ешқашан еліміздегі президент сайлауына немқұрайлы қараған емеспіз. Сондай-ақ барлық маңызды мәселелер бойынша кәсіподақ мүшелері атынан пікір білдіруге мандатымыз бар. Бұл сенім мандатынан бас тарту жауапсыздық болар еді деп есептеймін. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау орынды болар еді деп санаймын», - деді ол. 

Айта кетейік, аталған отырысқа бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, облыстық кәсіподақ орталықтары мен салалық кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ көшбасшылары, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға