Жаңалықтар

Көкшетаудағы фестивальда этностардың әндері шырқалып, билері орындалды

Көкшетаудағы фестивальда этностардың әндері шырқалып, билері орындалды
24.04.2019 00:00 3102

Көкшетаудың Достық үйінің қонақжай шаңырағының астында этномәдени бірлестіктердің «Бір шаңырақ астында» атты  фестивалі өтті. Оның бағдарламасына ҚХА этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының концерттік нөмірлері кірді.

Ән  мен би мерекесінің  Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткендігін ерекше атап өткен жөн. Өйткені достық, келісім және бірлік біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының бақытты болашағының кепілі саналады, дейді шараны ұйымдастырушылар.

Мерекелік шара халықаралық «Кішкентай Достастық аруы» байқауының өнерлі жеңімпазы Бектұр Аружанның «Аққу» биін орындауымен ашылды.

Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенті Ринат Айтеновтың орындауындағы домбырадағы ойын тыңдармандарды әуезді бозторғайдың үні мен тұлпардың ырғақты аяқ алысы естілген көктемгі кең далаға жетелегендей әсер қалдырды. Ал жалынды лезгинка мен барлығына танымал «Калинка-малинка» әнінің әуездері естілгенде залда отырған барша қауым орындаушымен бірге шырқала жөнелді.

«Кокшетау – Родина мне и тебе!» әнін сахна төрінде «Русская песня» ансамблі орындаған сәтте залда отырған «Ғалиябану» ұжымының солистері әнді қосыла айтып, фестивалдің достық толқынында өтіп жатқандығын тағы бір дәлелдей түскендей.  

Бұл күні көптеген шығармашылық жаңалық орын алды. Мысалы, Ақмола облыстық «Wiedergeburt» немістер қоғамының «Vitalina» вокалдық студиясының балалары өз шығармашылығымен бір серпілтіп тастаса, көрермендер армян  тілінде ән шырқаған Эми Погосянның өнеріне ерекше тәнті болды. Халық билері украин, әзірбайжан, түрік әуендерімен ауысты.

«Біздің фестиваль – түрлі-түсті жіптерден тоқылған кілем іспеттес, этностардың достығы мен бірлігі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі», - деген сөздермен «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко мерекенің жалпы әсерін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға