Жаңалықтар

Көкшетауда патриоттық әндердің облыстық байқауы өтті

Көкшетауда патриоттық әндердің облыстық байқауы өтті
20.09.2018 05:53 1794

Көкшетауда патриоттық әндердің дәстүрлі «Әнім сенсің – туған жер» атты облыстық байқау өтті.

Сейсенбіде өткен дүбірлі мерекелік думанға аудандардан келген 21 орындаушы – 7 этностың өкілдері қатысты. Байқау Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндіктің қорытынды шарасы ретінде өтті.

Іс-шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырды.

Байқау қатысушылары мемлекеттік және өз туған тілдерінде әндер орындады. Сахнадан әуезді қазақ әндерімен қатар орыс, поляк, татар, неміс, молдован, украин, корей тілдеріндегі музыкалық туындалар естілді.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылар арасынан ең мықтыларын таңдап, жүлделі орындар бойынша үлестірді.

Жүлделі үшінші орынды Аршалы ауданының Ижевское ауылынан келіп, байқауда Алтынай Жорабаеваның «Әнімнің жүрегі - Астана» және Роза Рымбаеваның «Қазақ елім» әндерін орындаған Лариса Назарова иеленді.

Екінші орын Жақсы ауданы Белағаш ауылы атынан қатысқан орындаушыға бұйырса, бірінші орынға Сандықтау ауданы Мәдениет ауылының өнерпазы Наталья Лазарева тұрақтады.

Гран при жүлдесі – үй кинотеатры – А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті «Қаржы» мамандығының екінші курс студенті Альбина Рудтқа бұйырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға