Жаңалықтар

Junior Eurovision-2020: «Бұл байқауда өз елімнен қолдау күтемін»

Халықаралық додада ел үмітін арқалайтын жас дарын Қарақат Башановамен сұхбат
Junior Eurovision-2020: «Бұл байқауда өз елімнен қолдау күтемін»
27.11.2020 19:43 4010

Биыл 29 қараша күні Польша мемлекетінде өткелі отырған Junior Eurovision-2020 халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан он екі жасар Қарақат Башанова бақ сынамақ. Аталмыш конкурс өз тарихында он сегіз жыл бойы ұйымдастырылып жатса, еліміздің қатысушылар қатарына қосылғанына үш жыл ғана болды. Осыған қарамастан, алғашқы жылдан-ақ Қазақстан өзінің таланттарымен көпшіліктің таңдайын қақтырды. Junior Eurovision-2018 байқауында жас әнші Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға табан тіреді. Бүкіл Еуропа халқы үшін бірден-бір маңызы жоғары додада алғашқы жылдан-ақ үздік ондықтың арасынан көріну үлкен қуанышты сәт еді. Былтыр талантты да дарынды өнерпаз Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен әділқазылар алқасының бағалауы бойынша жеңімпаз атанды. Алайда көрермендердің аздаған дауысы жетпеуі себебінен, поляк қызы Виктория Габорға жол беріп, екінші орынды иеленді. Мұны өзгеше жеңіс санаған Қазақстан жұртымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас дарынды құттықтап ізгі ниетін білдірді.

Junior Eurovision-2020 гранд-финалына санаулы күндер қалды. Он үш елдің «жүзден жүйрік шыққан» жасөспірімі өнер көрсететін сайыс биыл әлемдегі пандемияға байланысты әр елдің өз сахнасында телекөпір форматында өтеді. Осы орайда Ұлттық іріктеудің жеңімпазы атанған, халықаралық ән додосында Қазақстан атынан өнер көрсететін Қарақат Башановамен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

9f00a496-fac9-4344-99e6-7978cbcedf88.jpg

«Әнге деген сүйіспеншілігімді әкем ашқан»

12 жасар Қарақат Алмасқызы Алматы облысы Талғар ауданының тумасы. Бүгінде Алматы қаласы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектебінің скрипка сыныбында білім алып жүр. Алғаш өнерге және ән әлеміне махаббатын ашқан әкесі деп білетін Қарақат, оған деген сағынышын Junior Eurovision байқауында «Forever» әнімен жеткізбек.

- Үйдегілерден естуімше, менің музыкалық қабілетім өзімнің Бошан атамнан дарыған екен. Ал музыкаға, әнге деген сезімімді ашқан әкем деп айтар едім. Кішкентай кезімнен әкем менің ән айтқанымды қалады. Сондықтан да өзі ертіп апарып, музыка мектебіне оқуға берді.

Байқауда орындайтын әнім әкеме деген сағынышымды жеткізетін туынды. Ұлттық іріктеудің финалына өткенде мені композитор Хамит Шаңғалиевке жіберді. Ол кісі менің жан-дүниемді сөзсіз түсініп, «Forever» әнін жазып берді.

AJ9A5600.jpg

Жас өнерпаз халықаралық конкурс алдындағы көңіл-күйімен бөлісті. Айтуынша, бұрын мұндай ауқымды байқауға қатыспаса да, өтетін күнді асыға күтіп жүр екен.

- Аздап қобалжу бар болса да, қазіргі сәтте көңіл-күйім өте жақсы. Junior Eurovision-2020 байқауына санаулы күндер қалды. Алайда сол күнді асыға күтудемін. Себебі ол менің өмірімдегі маңызды күндердің бірі.

Шынымды айтсам, мен мұндай үлкен жобаға бірінші рет қатысып отырмын. Дайындық барысында көптеген мықты, өз ісін жетік білетін мамандармен жұмыс істедім. Қазір бәрінің атын атап шығу мүмкін болмас. Мен осындай жандармен бірге дайындалғаныма қуаныштымын және ол кісілерге үлкен алғысымды білдіремін.

Қарақаттың әніне түсірілген бейнебаян байқаудың ресми Youtube арнасына салынған еді. Түсірілімі бір күнге созылған бейнебаянда ел үшін жан аямай тер төгіп, еңбек етіп жүрген, Отан алдындағы борышын өтеп, соғысқа кеткен әкелерді балаларының сағынышпен күткен көрінісі бейнеленеді. Аталған түсірілімнің режиссері, идея авторы – Малик Зенгер екен.

Бейнебаянды көріп, өз елімізден ғана емес, өзге мемлекеттер арасынан да қолдау білдірушілердің көбейіп жатқаны әнші қызымызды қуантып отыр. Атап айтсақ, Латвия, Грекия, Армения, Украина, Ресей, Испания мемлекетінен Қарақатқа жанкүйерлік танытып, «сөзсіз жеңімпаз» болады деп пікір білдіргендер жетерлік.

- Бұл сайыста, ең алдымен, өз елімнен қолдау күтемін. Байқауда әрбір берілген дауыс есептелетіндіктен, мен үшін әділқазылардың да, көрермендердің де бағасы аса маңызды. Мұнда әділқазылар алқасы вокалыңды, қойылымыңды бағаласа, көрермен мен тыңдармандар ән жүрегіне жеткенде ғана дауыс береді.

Мен барлық қатысушылардың бейнебаянын көріп шықтым. Олардың сапасы да, өздерінің дауыстары да, орындаулары да өте жақсы. Ерекше айта кетсем, арасынан Беларусь мемлекетінің қатысушысы Арина Пехтереваның әні ұнады.

Сонымен қатар күнделікті өз бейнебаянымның астына жазылған пікірлерді оқып шығамын. Кейбіреулер менің әнімнің cover нұсқасын жазыпты. Бұл мен үшін өте маңызды. Себебі әнім олардың жүрегіне жетті деген сөз. Бейнебаян шыққан күннен бастап маған Instagram арқылы жазып, байланысқа шығып жатқан кісілер көп. Яғни, оларға ұнап жатса міндетті түрде дауыс береді деп сенемін.

AJ9A5468.jpg

Жоғарыда атап өткеніміздей, өткен жылғы Junior Eurovision гранд финалында Данэлия Тулешова Минскі қаласында, ал Ержан Максим Варшава қаласында өнер көрсеткен еді. Биыл Қарақат пандемияға байланысты өз еліміздің сахнасында тұрып ән шырқайтынына еш ренжімесе де, байқаудағы әр елдің қатысушыларымен көзбе-көз танысып, достаса алмағанына қынжылатынын айтты.

- Мен Данелиямен әлі кездеспесем де, Ержанмен Ұлттық іріктеуде жолығып, әңгімелестім. Сол кезде Ержан бізге, яғни финалистерге «әндеріңді еш қорықпай айтып шығыңдар, ең бастысы әнді сезінсеңдер болды» деген еді. Одан кейін де барынша ақыл-кеңесін беріп, қолдау көрсетіп жатыр.

Ержан маған Польшаның сахнасы өте үлкен екенін айтқан болатын. Алайда пандемияға байланысты байқау Польшада емес, телекөпір форматында әр елдің өзінде өтетінін білесіздер. Әрине сахнада тұрғанда көрерменнің қолдауы саған әнді қобалжымай айтып шығуға үлкен күш береді. Бірақ бұл жағдайда тікелей эфирге шығып ән айту еш қиындық тудырмайды деген ойдамын. Өйткені қалай болғанда да мен өз елімде, өз жерімде өнер көрсетемін ғой. Әйтсе де, конкурстағы басқа елдердің қатысушыларымен достасып, олармен тәжірибе алмассам деген ойым жүзеге аспай қалды.

Байқау алдында бізбен сұхбаттасып, өз ойымен бөліскен Қарақат болашаққа жоспарлаған бірқатар арман-мақсатын да айтып өтті. Өнер мектебінің скрипка сыныбында оқитын дарынды қыз, келешегін де осы музыкалық аспаппен байланыстырады екен.

- Мен алдағы уақытта Ресейдің Санкт-Петербург қаласында скрипканың сүйемелдеуімен ән орындап, үлкен концерт бергім келеді. Санкт-Петербург біздің Алматы сияқты шығармашылыққа толы қала. Әлемдегі ең әдемі ғимараттар да сол жерде. Менің әпкем әлемдегі керемет көріністерді сол қаладан көруге болады дейді. Сондықтан да Санкт-Петербург сахнасында скрипкамен өнер көрсетемін деген шешімге келдім.

2020_09_29_103f8059-9909-4087-a79d-f9aaf0269756-2.jpeg

«Forever» – шығаруымды бес жыл күткен туынды»

Қарақат кішкентай жүрегімен халықаралық ән жарысындағы жауапкершілік пен өзіне деген ел сенімін толықтай сезінеді. Осы себепті де, өз жасына сай жеңіл де ойнақы емес, көпшіліктің көңілін толқытып, жүрегін тебіренткен әке туралы әнді орындамақ. Ендігі кезекте Junior Eurovision-2020 халықаралық додасында Қарақат шырқайтын «Forever» әнінің авторы, композитор Хамит Шаңғалиевпен әңгімемізді жалғастырдық. Айта кетсек, Хамит Шаңғалиев былтыр Ержанға жеңіс сыйлаған «Арманыңнан қалма» әнін жазған автор.

- Еліміздегі Ұлттық іріктеудің жартылай финалы өткен соң мен Қарақатқа ән жазатын болдым. Онымен кездесіп, диапазонын өлшедік, дауысы мен музыкалық қабілетін тыңдадым. Одан соң отырып, асықпай сөйлестік. Мен: «Қарақат, сен егерде Ұлттық іріктеудің финалын жеңіп, Еуропа сахнасына шығатын болсаң, қандай ән орындағың келеді? Бұл әлемге айтар ойың бар ма?» - деп сұрадым. Ол ойланып: «Мен әкеме арнап ән айтқым келеді» - деді. Оның әкесі осыдан бес жыл бұрын өмірден өткенін кейін әпкесінен білдім. Мен де дәл сол уақытта әкемнен айырылып қалған едім. Мені де, Қарақатты да әнге, өнерге әкелеріміз алып келген.

Әкем өмірден өткен соң оған арнап ұзақ уақыт ән жазбақшы болдым. Бірақ іштегі сезімімді дәл өзімдей жеткізе алатын орындаушыны табу оңай емес еді. Қарақатпен сөйлесіп болған соң, менің әкеме деген сағынышым да, оның әкесімен байланысты тәтті естеліктері де ортақ екенін, екеуміздің мұңымыз да, сағынышымыз да бір екенін түсіндім. Қарақатпен кездескеннен кейін бір күн өткен соң үйде отырып бір жарым сағатта ән шығардым. Мен бес жыл бойы ойланып, толғанып жүрген, шығара алмай жүрген туынды, осылайша, бірден жазылды.

AJ9A6140.jpg 

«Бәрі жақсы боларына сенемін!»

Кез келген істі бастар алдында бала үшін ата-ана мен үлкендердің ақ батасы маңызды. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақым қысады» деген халқымыздың ұстанымына сай Қарақаттың бірінші кезектегі қолдаушысы, ардақты анасы Әлия Жұмабекқызымен тілдескен едік. Әлия ханымның айтуынша, екі әпкесіне еркелеп өскен үйдің сүт кенжесі Қарақат кішкентайынан өнерге құмар болыпты.

- Қарақатымыздың есімін кіндік анасы Қарақат Әбілдина сияқты талантты, күміс көмей әнші болсын деп ырымдап қойған едік. Қызымыз кішкентай кезінен тынымды бала болып өсті. Ал музыкаға деген сүйіспеншілігі сәби күнінен біліне бастаған еді. Аяқ басқаннан ыңылдап, әртүрлі әндерге қосылып айтып жүретін. Кейіннен бес жасынан бастап орыс, ағылшын тілдеріндегі әндердің мәтінін жаттап алатын болды. Осыдан кейін әкесі қызының талантын байқап, музыка мектебіне оқытты.

Бүгінде үш қызды тәрбиелеп, өсіріп отырған аяулы ана үйдегі басты ұстанымдарымен де бөлісті.

- Кез келген үйде тәрбиеге сай қағидалар мен ережелер болуы мүмкін. Біздің үйде айтарлықтай ереже емес, өзіндік ұстанымымыз бар. Ол ешқашан бір-бірімізге өтірік айтпау, алдамау. Өйткені өтірік айтылмаса, отбасында сенім болады. Сонымен қатар қыздарыма үнемі көңілді болып, күліп жүріңдер деймін.

Әлия Жұмабекқызы Қарақатпен бірге толқып жүргенін де жасырмады. Алайда перзентінің өнері мен дарынын бағалай білетін ана, жақсы жаңалықтың ауылы алыс емес екеніне сенеді.

- Әрине, кез келген анаға баласының қуанышын, жетістіктерін көру керемет бір сый шығар. Сол сияқты Қарақатымыздың осындай халықаралық сайысқа қатысып жатқанына өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда Junior Eurovision-2020 байқауына санаулы күндер қалды. Сондықтан аздап қобалжып, күннен күнге толқып жүрміз.

Қызым басқа да жобаларға қатысып жүргендіктен, онда жеңіс пен жеңіліс болатынын біледі. Қандай жарысқа, қандай нәтижеге болмасын Қарақатты алдын ала дайындамаймын, тек көп уайымдама, бәрі жақсы болады деп үй ішімізбен қолдау көрсетіп, кеңесімізді айтамыз. Қызым кішкентай болса да өте ақылды, бәрін өзі біледі.

Мен осындай сәттерде ата-ананың қолдауынан артық ештеңе жоқ деп ойлаймын. Сол себепті біз Қарақат қызымызға тек жеңіс тілейміз!

Иә, Еуропаның әлемді мойындатқан майталман музыканттары мен мықты мамандары баға беріп, үлкен өнер айдынына жол ашатын Junior Eurovision-2020 халықаралық ән байқауында біз де Қарақатқа сәттілік серік болсын дейміз. Қарақат Башанова есімінің жеңімпаздар тізімінің басынан жарқырап көрінуі көрермендерге де тікелей байланысты. Олай болса дауыс беруден сіз де қапы қалмаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға