8–10 мамыр аралығында Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирі қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы ашық жаттығу жиынын өткізді. Іс-шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының базасында ұйымдастырылды.
Дзюдо федерациясының ұйымдастыратын оқу-жаттығу жиынына асығып жеттік. Өйткені мұнда журналистерге де, жанкүйерлерге де есік ашық. Әсіресе, кішкентай дзюдошылардың ұлттық құрама өкілдерінен автограф сұрап, суретке түсетіні, реті келсе сұхбаттасатыны ұнайды. Биыл да Ғұсман Қырғызбаев, Абылайхан Жұбаназар, Нұрқанат Серікбаев, Ғалия Тынбаева сияқты татами шеберлерін көруге келгендердің қарасы көп.
Алдымен, жаттығу жиынына жиналғандар сап түзеп, сәлемдесті.
Бас бапкердің тапсырмасымен, дене қыздыру жаттығуларына кірісті.
Артынша жұп-жұп бойынша татамиге шықты. Бапкер бәрін қадағалап тұр.
Ашық жаттығу жиынының бір қызығы, балуандар салмаққа қарамай белдесе кетеді. 2024 жылы солай Елдос Сметов (60 кг) пен Данияр Шамшиевтің (73 кг) белдесуін көріп, көзайым болғанбыз. Бұл жолы да ұлттық құрама мықтыларының тартысын тамашалап қайттық.
Мысалы, биыл 73 келіде Ерсұлтан Дүйсенхан ел намысын қорғайды. Ол алғаш рет халықаралық турнирде бақ сынамақ.
Ашық жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтіп жатыр. Астанадағы Grand Slamda халықаралық деңгейде дебют жасаймын. Әрине, қобалжу бар. Барымды саламын. Байрақты бәсеке алдында Токиодағы оқу-жаттығу жиынында тәжірибе жинадық. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін, – деді Ерсұлтан Дүйсенхан.
Ұлттық құрама үздіктерінің бірі Ғалия Тынбаева да 48 келіде өнер көрсететін қыздарға демеу көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті. Биыл осы салмақта Аяна Дүйсенбай, Диана Буркеева, Іңкәр Құралбай, Тасним Абдуәли ел намысын қорғайды.
Бапкерлер де қыздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.
Жаттықтырушы Ерлан Серікжанов жігіттердің аяқ-алысын бақылап, төреші болды.
63 келідегі Самалай Ерғалиева 52 келідегі Айшабибі Мұрадимовамен белдесіп, тәжірибе алмасты.
Арасында балуандар үзіліс жасап, тынығып, журналистерге сұхбат берді. 73 келі салмақтағы көшбасшы спортшы Есет Қуанов алдағы тарыста барын салатынын, өткен жылғы нәтижесін жақсартып, алтынан алқа тағуға тырысатынын айтты.
Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қажетті рейтингтік ұпай сарапқа салынады. Сондықтан төртжылдықты түйіндер додада бақ сынағысы келетін спортшылар барын салуға тырысады. Мәселен 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев «не бел, не белбеу» кетеді деп отыр.
Биыл Grand Slam турнирі төртінші рет өтіп, келесі жылы мұндай мүмкіндік тумайды. Осындай дүбірлі додада барымызды салуымыз керек. Екі жыл қатарынан күміс медаль алдым. Халықтың менен не күтетінін жақсы білемін. Биыл алтын алып, жанкүйерлерімді қуантқым келеді, – деді Ғұсман Қырғызбаев.
Байрақты бәсеке Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Кіру тегін.