«Иығымды шығарып алдым»: дзюдошы Әділет Алмат жеңілісінің себебін түсіндірді

«Иығымды шығарып алдым»: дзюдошы Әділет Алмат жеңілісінің себебін түсіндірді
Фото: Нұрғали Жұмағазы, ҰОК

Дзюдошы Әділет Алмат Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Спортшы шешуші кезеңде жарақат алған соң белдесуді жалғастыра алмаған. 

Әділет Алмат ҰОК-қа берген сұхбатында алғашқы белдесуінде жарақат алғанын, соған қарамастан финалға жеткенін айтқан.

Қырғызстандық спортшымен өткен алғашқы белдесуде иығымды жарақаттап алдым. Соған қарамастан, финалға дейін жеттім. Осы аралықта ауырсынуға шыдауға тура келді. Бірақ мақсатыма жеттім, – дейді дзюдошы. 

Иығы ауырсынғанына шыдап, соңына дейін күрескен балуан финалда жарақатты қатты мазалағанын  атап өткен. 

фото: Нұрғали Жұмағазы, ҰОК
фото: Нұрғали Жұмағазы, ҰОК

Шешуші белдесуде жарақатым қатты әсер етті. Қарсыласымның бір әдісінен кейін иығым қайтадан шығып кетті. Содан кейін белдесуді жалғастыра алмадым. Ауырсынуға енді шыдау мүмкін болмады, – деді ол. 

Жарқын күрес көрсетіп жүрген Азия чемпионы алда талай жетістікке жететініне сенеді. 

Әрине, алтын медаль жеңіп алғым келді. Алда осы мақсатыма жетуге әлі де мүмкіндігім болады деп үміттенемін, – деді Әділет Алмат. 

Әділет Алматтың Азиададағы жолы

Әділет Алмат 81 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда қырғызстандық Тегин Алмазжан уулумен кездесіп, иппонмен жеңіске жетті. Ширек финалда моңғол Оюунчимэг Шинэбаярмен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Жартылай финалдағы тәжік балуаны Абубакр Шеровты жеңіп, финалға жолдама алды.

Финалда жапониялық Сотаро Фудзиварамен күресті. Иығы шығып кеткен соң, амалсыз жапон балуанына жол берді. 

Оқи отырыңыз