Ғалымдар ит иелері бұрыннан байқап жүрген құбылысты ғылыми тұрғыда растады: иттер адамның сөзін жай ғана дыбыс ретінде қабылдамай, сөйлеу барысында айтылған жекелеген сөздерді ажырата алады. Жаңа зерттеу олардың миы адам сөзін бұған дейін тек адамдарға тән деп есептелген тәсілмен өңдейтінін көрсетті.
Зерттеу нәтижесінде иттердің үздіксіз сөйлеу ағынынан жеке сөздерді бөліп алу үшін дауыссыз дыбыстарға көбірек мән беретіні анықталған. Яғни жануарлар адамның сөйлемін тұтас дыбыстар жиынтығы ретінде ғана емес, белгілі бір құрылымы бар ақпарат ретінде қабылдауы мүмкін.
Бұған дейін «дауыссыз дыбыстарға басымдық беру» ерекшелігі тек адам миына тән деп есептеліп келген. Мұндай қабілет эволюциялық тұрғыдан адамға әлдеқайда жақын приматтардан да анықталмаған.
Ғалымдардың пікірінше, жаңа нәтиже бұл қабілеттің қалыптасуы үшін адамның тілдік дағдыларына ұқсас туа біткен механизмдер міндетті емес екенін көрсетеді. Адамның сөйлеуін ұзақ уақыт әрі тұрақты түрде есту жануар миының дыбыстық ақпаратты өңдеу тәсілін біртіндеп өзгертуі ықтимал.
Иттер сөздерді қалай ажыратады?
Зерттеуге 20 адам мен 20 үй иті қатысқан. Ғалымдар арнайы тәжірибе арқылы олардың сөйлеу кезіндегі дыбыстық заңдылықтарға ми реакциясын салыстырған.
Зерттеушілер бастапқыда дауыссыз дыбыстарға басымдық беру тек адамның тілдік қабілетіне байланысты болса, басқа жануарлардан мұндай ерекшелік байқалмауы керек деп болжаған. Алайда тәжірибе нәтижесі бұл болжамға толық сәйкес келмеген.
Адамдар да, иттер де сөздердің құрылымы дауысты дыбыстарға емес, дауыссыз дыбыстарға негізделген кезде ондағы заңдылықтарды жақсырақ ажыратқан. Сонымен қатар иттердің ми белсенділігі мұндай сөздердің ырғағына белгілі бір деңгейде адам миына ұқсас түрде бейімделген.
Осылайша, ғалымдар дауыссыз дыбыстарға басымдық беру қабілеті тек адам миында ғана емес, басқа тіршілік иелерінде де қалыптасуы мүмкін екеніне дәлел тапты.
Зерттеудің тағы бір қызықты тұсы – мұндай ерекшелік тек кішкентайынан адаммен бірге өскен үй иттерінен байқалмаған. Өмірінің алғашқы айларын панажайда немесе көшеде өткізген иттер де дауыссыз дыбыстарға айқын басымдық берген.
Бұл адамның сөйлеуін тұрақты түрде естудің өзі мида осындай механизмдердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін деген болжамды күшейтеді. Басқаша айтқанда, кейбір тілдік ақпаратты өңдеу қабілеттері тек эволюция немесе туа біткен ерекшеліктер арқылы емес, қоршаған ортамен тұрақты қарым-қатынас нәтижесінде де дамуы ықтимал.
Адам мен иттің қабілетінде айырмашылық бар
Соған қарамастан, зерттеу адамдар мен иттердің сөйлеуді өңдеу қабілеті толықтай бірдей екенін білдірмейді.
Тәжірибе кезінде адамдар дауысты дыбыстарға негізделген сөздік заңдылықтарды да ажырата алған. Дегенмен олар дауыссыз дыбыстар негізгі рөл атқарған тапсырмаларды жақсырақ орындаған.
Ал иттер дауысты дыбыстарға негізделген осындай заңдылықтарды ажырату қабілетін көрсете алмаған. Ғалымдар мұны адамның жаңа, әдеттен тыс және бұрын кездеспеген тілдік құрылымдарды тануға бейімділігі жоғары болуымен байланыстырады.
Зерттеу нәтижелері иттердің адам тілін адамдар секілді толық түсінетінін білдірмейді. Дегенмен олардың миы күнделікті еститін сөйлеу ағынындағы белгілі бір дыбыстық құрылымдарды ажыратып, оларды өңдей алатынын көрсетеді.
Иттер иесінің әңгімесін тыңдап-ақ жаңа сөздерді үйренуі мүмкін
Басқа зерттеулер де иттердің адам тілін қабылдау қабілеті бұрын ойлағаннан күрделірек болуы мүмкін екенін көрсеткен.
Бұған дейін жарияланған зерттеулердің бірінде кейбір ерекше қабілетті иттердің иелерінің әңгімесін сырттай тыңдау арқылы жаңа сөздерді үйрене алатыны анықталған.
Бұл үшін жануар тек сөзді естіп қана қоймай, адамның қайда қарап тұрғанын, назарының қайда бағытталғанын бақылауы қажет. Сонымен бірге ол адамның қарым-қатынас кезіндегі белгілерін танып, үздіксіз сөйлеу арасынан қажетті сөзді бөліп алуы керек.
Бұрын мұндай қабілеттер негізінен адамға тән деп есептелген. Алайда зерттеу кейбір иттердің жаңа сөздерді меңгеру кезінде кішкентай балаларда кездесетін кейбір тілдік дағдыларға ұқсас қабілеттер көрсете алатынын анықтаған.
Зерттеушілер мұндай иттердің кейбір көрсеткіштерін 18–23 айлық балаларда байқалатын тіл үйрену дағдыларымен салыстырған. Дегенмен бұл иттердің тілдік қабілеті осы жастағы балалармен толықтай тең дегенді білдірмейді. Әңгіме жаңа сөзді есту, оны белгілі бір затпен байланыстыру және есте сақтау сияқты жекелеген механизмдердің ұқсастығы туралы болып отыр.
Ғалымдардың пайымдауынша, иттердің мыңдаған жыл бойы адаммен қатар өмір сүруі олардың адамның дауысына, ым-ишарасына және қарым-қатынас белгілеріне ерекше сезімтал болуына ықпал еткен болуы мүмкін.
Жаңа зерттеу жануарлардың адам тілін қаншалықты терең қабылдай алатынын анықтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, тілдік ақпаратты өңдеу қабілетінің мида қалай қалыптасатынын зерттеуге де жаңа бағыт ашады.