Жаңалықтар

ITeachMe digital жобасының тұсаукесері өтті

ITeachMe digital жобасының тұсаукесері өтті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 29.05.2023 18:24 921

Аталған жоба 17-ден 38-ге дейінгі заманауи жастардың әлеуетін көтеруге бағытталған деп, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Яғни, 17 жастан 38 жасқа дейінгі заманауи digital смм+копирайтинг, motion design, графикалық дизайн, UI/UX дизайн, мобилография бағыттары бойынша оқудан өте алады. Курстар оқуға ыңғайлы болу үшін екі тілде қол жетімді. Сонымен қатар барлық курстар есту қабілеті нашар адамдарға да бейімделіп жасалған.

Бүгінде «ITeachMe» құзыреттерді дамыту орталығы – әр қазақстандықтың мүмкіндігін арттыруға және әлеуетін ашуға бағытталған қоғамдық қор болып отыр. Заманауи кәсіптерді үйрету арқылы инклюзивті қоғам құруға біріктіреді.

ITeachMe қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, бүгінгі шара еліміздің 20 өңірінде ұйымдастырылғанын және мүгедектігі бар жастарды digital-ға тартып жатқанын тілге тиек етті.

Жастар біздің бағдарламамыз бойынша бес бағытта білім алады. Яғни, олар смм+копирайтинг, motion design, графикалық дизайн, UI/UX дизайн, мобилографияны үш ай онлайн оқиды. Біздің түлектер екінші сабақтан бастап жұмыс істеп кетіп жатыр. Неге десеңіз, қазір интернетте жұмыс істеу және табу әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте қолайлы, – дейді қор директоры.

Сондай-ақ, ол жобаға қатысуға өтінім беру 22 мамырдан басталғанын айтты. Қазіргі таңда 500-ге жуық жас өз өтініштерін беріп үлгерген.

Өтініштер 30 маусымға дейін қабылданады. Біздің түлектердің 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Барлық облыс бойынша қазір олардың саны 400-ден асты. Оның ішінде мобилограф, смм+копирайтингтер бар. Олар өз әлеуметтік желілерін жақсы жүргізіп жатыр. Олар осы бағыт бойынша тез қозғалып, ақша тауып жатыр. Біздің курстан кейін тыныш қана ақша таба алады, – дейді Бегалиева.

ITeachMe жобасы digital әлеміне баруды армандайтын және неден бастауды әлі білмей жүрген жастарды өзіне тарту арқылы жаңа шыңдарды бағындырмақ. Компьютермен және бағдарламалармен жұмыс жасай отырып, сұранысқа ие маман болып шығады.

Яғни, курсты тәмамдаған түлектер смм агенттігінде жұмыс істей алады. Кез келген кәсіп иесі өзіне мобилограф, смм, копирайтерді жалдау үшін айына 500 мың теңге жұмсауы мүмкін. Ал агенттікте барлық жұмысты өздері істейді. Түлектер бұл жерде өзінің жұмысын жасау арқылы айлығын ала береді.

ITeachMe digital жобасының тұсаукесері өтті

Курс тегін. Биыл 120 грант бөлініп отыр. Курстан бөлек біз soft skills лагерін өткіземіз. Мүгедектігі бар жандар көбінесе үйден шықпай, ортамен араласпай, адамдармен таныса алмай жатады. Осының алдын алу үшін біз оларға лагерт арқылы жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік бермекпіз. Сенімді болуға және алдына мақсат қоюға үйретеміз, – дейді Захира Бегалиева.

Қор басшысынан 120 грантты қалай алуға болатынын сұрағанымызда, ең бірінші өтініш тастау керегін және компьютерлік сауаттылықтан базалық тест тапсыратынын, сұхбат жүргізілетінін айтты.

Ол адам тек қана өзі үшін емес, қоғамды өзгертуге атсалысу қажет. Осы үш кезеңнен өткен жағдайда біз бірден қабылдаймыз. Бұл жоба осымен төрт жыл қатарынан өткізіліп келеді. Қазір біз ITeachMe 7.0 кезеңін бастап жатырмыз. Төрт жыл ішінде 400-ден астам түлегіміз бар. Бүгінде олардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұрын жылына екі рет өтсе, ал қазір бір жылда бір-ақ рет өткіземіз, – дейді ITeachMe қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева.

Демек, курс үш тілде қазақша, орысша және ым-ишара тілімен жүргізіледі. Жобаға қатысушылардың 60 пайызы мүмкіндігі шектеулі жан болса, қалған 40 пайызы әлеуметтік осал топтар, көпбалалы аналар, ауылда тұратындар.

Жобаның қатысушысы – Ержан Сейтқазы 23 жаста. Өзінің мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан, аталған курсқа қатысуға ниет білдірген.

ITeachMe digital жобасының тұсаукесері өтті

Мен қазіргі таңда смм болып жұмыс істеймін. ITeachMe-ға біліктілігімді арттыру үшін келдім. Өзге де саланы мәселен, motion design, графикалық дизайн, UI/UX дизайн бағыттарын үйренуге шешім қабылдадым. Алматы қаласынан көшіп келгеніме жарты жылдан уақыт асты. Маркетолог ретінде өсіп жатырмын. Ал дәл қазір дизайын жағына қызығушылық танытып отырмын, – дейді Ержан.

Ол сондай-ақ, жобаның мүмкіндіктері көп екендігін айтты. Біріншіден жаңа дос табуға, жаңа орта қалыптастыруға септігін тигізетінін тілге тиек етті.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзің қжұмыс істеп, қаражат тапқанға не жетсін. Бұл жағынан бұл курс өте қолайлы. Оның үстіне қолың босамай, әрдайым жұмыс істеп, көңілің қалаған, өзің жақсы көретін іспен айналысқан жақсы ғой. Арманым әлеуметтік кәсіпкер болғым келеді, – деді жоба қатысушысы.

Ержан қазір маркетинг саласында жүргесін, бизнес жағын көп зерттеп жүргенін айтты. Болашақта әлеуметтік кәсіпкер болып, қоғамға үлкен пайдасын тигізуге ниетті және жарнамалық агенттік ашып мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуды ойға алып отыр.

Еске сала кетейік, teach me жобасы 2019 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді. Жоба бойынша түлектердің жалпы саны 600 адамнан асқан. Жобаның бас серіктесі – «Шеврон» компаниясы. Азаматтық, үкіметтік емес және мемлекеттік сектор өкілдері қатарынан 100-ден астам серіктес, оның ішінде ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бар. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге жұмысқа орналасуға және алғашқы еңбек тәжірибесін алу үшін коммерциялық тапсырыс алуға көмектеседі. ITeachMe алтыншы маусымының қорытындысы бойынша жұмысқа орналастырылған түлектердің жалақы қоры 13 миллион теңгеге жеткен көрінеді.

ITeachMe digital жобасының тұсаукесері өтті

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде 700 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Оның ішінде 420 мың адам яғни, 58 пайызы еңбекке қабілетті жаста.  ITeachMe қоры жастардың, соның ішінде мүгедек жастардың кәсіби дағдылары мен білімін арттырып, кейіннен жұмысқа орналастыру бойынша бағдарламаларды іске асырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға