Италияның Калабрия аймағындағы Бриатико жағалауынан табылған жас жігіттің мәйіті қазақстандық студент Нұрдәулет Машариповқа тиесілі екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол теңізде суға батып қайтыс болған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Не белгілі?
Италияның Калабрия аймағындағы Бриатико жағалауынан 9 маусым күні жас жігіттің мәйіті табылған. Жергілікті италиялық басылымдардың мәліметінше, мәйіт теңіз жағасындағы жартастардың арасынан табылған. Денеде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған, алайда жартастарға соғылудан пайда болған жарақаттар болған. Тергеушілер негізгі нұсқа ретінде суға батуды қарастырып жатыр.
Кейін марқұмның Қазақстан азаматы – Нұрдәулет Машарипов екені анықталды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ол Италиядағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алған және Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі болған.
Қазақстан СІМ не деді?
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтың қаза болғанын растады.
СІМ ресми өкілі әлеуметтік желілерде жарияланған түсініктемеде Италиядағы қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста екенін, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ Италияның құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқаны айтылды.
Министрлік қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.