Испаниядағы үңгірден мұз дәуіріне тиесілі 280 сурет табылды

Испаниядағы үңгірден мұз дәуіріне тиесілі 280 сурет табылды
Фото: Josep Maria Vergès / IPHES-CERCA

Испаниядағы Кова-де-ла-Фонт-Мажор үңгірінен палеолит дәуіріне тиесілі 280 жартас суреті табылды. Олардың 55-і жануарлардың бейнесі. Бір қызығы, үңгірдің бұл бөлігі ондаған жыл бойы туристер үшін ашық болғанымен, ешкім ежелгі өнер туындыларын байқамаған.

Суреттер алғаш рет 2019 жылы анықталған. Алайда оларды жан-жақты зерттеп, толық талдау жұмыстары енді ғана аяқталды. Жануарлар бейнеленген суреттердің саны бойынша Кова-де-ла-Фонт-Мажор Пиреней түбегінің Жерорта теңізі жағындағы палеолит дәуіріне тиесілі үңгірлер арасында үшінші орынға шықты. Одан көп сурет тек Андалусиядағы Ардалес пен Ла-Пилета үңгірлерінен табылған.

Фото: Míriam Salas Altès / IPHES-CERCA
Фото: Míriam Salas Altès / IPHES-CERCA

Бұл жаңалыққа дейін Каталония аумағында палеолит дәуіріне жатуы мүмкін екі ғана үңгір суреті белгілі болған. Оның бірінің ежелгі дәуірге тиесілі екені әлі күнге дейін даулы болып келген. Сондықтан Испанияның солтүстік-шығыс бөлігі ежелгі жартас өнерінің тарихында аса маңызды аймақ ретінде қарастырылмаған.

Зерттеу авторларының бірі, Адамның палеоэкологиясы және әлеуметтік эволюциясы жөніндегі Каталония институтының ғалымы Хосеп Мария Вержестің айтуынша, Пиреней түбегінің солтүстік-шығыс бөлігінде осы уақытқа дейін палеолит дәуірінен қалған жартас суреттері өте аз табылған. Ал Франция мен Кантабрия аймағында мұндай тарихи мұралар әлдеқайда көп.

Суреттер қай жерден табылды?

Ежелгі бейнелердің басым бөлігі үңгірдің қазіргі кіреберісінен шамамен 250 метр қашықтықтағы жерасты өткелдерінен анықталған. Ежелгі адамдар суреттерді үңгірдің қабырғалары мен төбесіне қашап салған. Олар көбіне жыныстың жұмсақ жерлерін пайдаланған.

Жартастың беткі қабаты өте нәзік болғандықтан, зерттеушілер суреттерді зерттеу кезінде цифрлық фототүсірілім мен аса дәл үш өлшемді модельдерді қолданған. Зерттеушілер суреттер арасынан жылқы, бұғы, қуысмүйізділер тұқымдасына жататын жануарлар мен ешкі тектестердің бейнелерін анықтаған. Әсіресе аюдың суреті ғалымдардың назарын аударды. Себебі аю бейнесі палеолит дәуіріндегі жартас өнерінде сирек кездеседі. Ежелгі суретші жануардың құлағын алдынан көрінетіндей етіп, ал аузын сәл ашық күйде бейнелеген.

Фото: Josep Maria Vergès / IPHES-CERCA
Фото: Josep Maria Vergès / IPHES-CERCA

Жануарлардың суреттерінен бөлек, үңгір қабырғаларынан бір-біріне параллель сызықтар, геометриялық пішіндер мен мағынасы әлі анықталмаған түрлі композициялар табылған. Кейбір суреттерде ежелгі адамдар жартастың табиғи жарықтары мен кедір-бұдырларын да бейненің бір бөлігі ретінде пайдаланған.

Суреттер қай кезеңге жатады?

Археологиялық деректерге сүйенсек, адамдар бұл үңгірге шамамен 41-26 мың жыл бұрын келіп жүрген. Дегенмен қабырғаға қашалған суреттердің нақты жасын анықтау әзірге мүмкін болмаған.

Фото: Josep Maria Vergès / IPHES-CERCA
Фото: Josep Maria Vergès / IPHES-CERCA

Соған қарамастан, олардың стилі мен археологиялық ортаға қарап, суреттердің басым бөлігі шамамен 19 мың жыл бұрын басталған мадлен мәдениеті кезеңінен де ертерек салынған болуы мүмкін деген болжам бар.

Зерттеу авторлары бұл жаңалық Жерорта теңізі аймағында өзіндік көркемдік дәстүр болғанын көрсетеді деп есептейді. Оның ерекшеліктері Франция мен Кантабрия өңіріндегі ежелгі өнер үлгілерінен өзгеше болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз