Жаңалықтар

Ислам банкі Қазақстанға келсе тиімді ме?

Ислам банкі Қазақстанға келсе тиімді ме?
Фото: Жеке мұрағат 30.05.2023 09:03 1079

Исламдық банк жүйесінің өзге банктен айырмашылығы қандай? Қандай тиімді тұстары бар? Қарызға батқан қазақстандықтарды несиеден арылтудың жолы бар ма? Осы тақырыпта Ислам финансының магистрі, қаржыгер Мұрат Қылышбай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді.

El.kz: Халық арасында исламдық банк ақшаны пайызсыз береді деген сөз бар. Оның жүйесі дәстүрлі банктен басқаша жұмыс істейді деп жатады. Осы туралы түсіндіріп өтсеңіз...

Мұрат Қылышбай: Халық арасында ислам банкі туралы бірнеше миф тараған. Біріншіден, қоғам арасында ислам банкі ақшаны тегін береді деген ұғым бар. Екінші теріс ұғым – Ислам банкі дәстүрлі банк сияқты пайыз арқылы ақша беріп, тура дәстүрлі банк секілді жұмыс істейді деген пікір. Яғни шариғатты жамылып алады да, кәдімгі банктен ешқандай айырмашылығы жоқ жұмыс істейді деген ой қалыптасқан. Ең алдымен, қандай банк болсын, оның жүйесін түсінуіміз керек. Банк – екі жақтың арасындағы делдал. Демек, бірінші жақ банкке ақша алып келеді, екіншісі болса банктен ақша алады. Бірінші жақ – жеке тұлғалар мен компаниялар. Олар депозитке ақша құяды. Өз ісінде қосымша пайда табам деген тұлғалар банкке ақшаны салып қояды. Қазіргі таңда дәстүрлі банктерлегі депозиттің жылдық мөлшері – 16 пайыз. Екінші жақ – қаржы керек, яғни банктен ақша алатындар. Бұл жеке тұлғалар я болмаса компаниялар. Оны үй алуға, көлік, смартфон және т.б. дүниелерді сатып алуға жұмсайды. Кез келген банктің бүкіл жыл бойы берген несие портфелін қарайтын болсақ, банк капиталы барлық берілген несиенің әрі кетсе 5-8 пайыз ғана. Демек, барлық берілген несиенің 95 пайызы депозитке түскен ақшадан беріліп отыр деген сөз. Кейбір адамдар банктің өзінің ақшасы көп, бүкіл берілген қаржы банктің ақшасы деп ойлайды. Алайда бұл қате түсінік. Өйткені қандай да мықты банк болмасын банк капиталы барлық несиені өзінен таратып беруге жетпейді. Себебі, Қазақстандағы ең ірі бес банкті алатын болсақ, сол қаржы ұйымдарының әрқайсысы берілген 95 пайызын несиенің бәрі салынған депозиттен беріліп отыр. Яғни, 5 пайызын банк өзінің капиталы ретінде салады, қалғанының үстіне банк өзінің табысын қосып, шығындарын өтейді. Сонымен қатар депозитке ақша салған адамдардың күтіп отырған пайызын қосып береді. Кез келген депозитке түскен ақша айналымда жүреді және банк өз табысын үстіне қосып, жылдың аяғында табысын табады. Банк жүйесі тек елімізде емес, бүкіл дүниежүзі бойынша осылай жұмыс істейді. Осылайша, депозит пен кредиттің айырмашылығы түсінікті болады.

El.kz: Сонда дәстүрлі банк пен Ислам банкінің арасындағы айырмашылық қандай?

Мұрат Қылышбай: Ислам банкі шариғат заңына сәйкес жұмыс істейді. Шариғаттың басты қайнар көздері бар ол қасиетті Құран және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқан сөзі мен жасаған іс-әрекеті, яғни сүннеті негіз болады. Жалпы, сауда да шариғат екі бөлікке бөлінеді – ғибадат және муамалят. Ғибадат адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты реттесе, муамалят – адаммен адам арасындағы ақша қатынасын реттейді. Демек, бүкіл қаржы саласы муамалятқа кіреді. Оның ішінде банк жүйесі, қаржы нарығы және басқа да ақшаға қатысты дүниелер муамалятта қарастырылады. Муамаляттың басты шарты – бұл рұқсат етілмеген заттарды алып тастау. Рұқсат етілмеген заттардың ішінде, ең басты рұқсат етілмеген харам деген зат ол «риба» (қазақша мағынасы «өсім»). Өсім дегеніміз – сіз біреуге ақшаны бекіткен түрде ақша беріп, оның үстінен бекіткен түрде алдын ала келісіп өсім тапсаңыз, бұл «риба» болып саналады. Бұл туралы Құранда 4 жерде кездеседі. Соның бірінде «Алланың лағнет айтқан адамдары» деп айтылады. Мәселен, егер мен бір адамға бір миллион теңгені бір жылға беріп, оған бір жылдан соң миллион емес, бір 1,3 млн қылып қайтарасың деп шарт жасасам, сол 300 мың рұқсат етілмеген харам болып саналады. Сондықтан дәстүрлі банктің несиесі мен депозиті осы «рибаға» байланып тұр. Сіз 16 пайызбен банктен кредит алсаңыз ол шариғат заңына қайшы болмақ. Бұл шариғаттың шарты бойынша өсімді қосқан банкке және сізге де қатысты болады.

El.kz: Ислам банкі қалай жұмыс істейді? Несие қалай беріледі?

Мұрат Қылышбай: Дәстүрлі банктің жайы белгілі, ол сіздің алған несиеңіздің үстінен белгілі бір пайыздық мөлшерді бекітіп береді. Ол пайызды сіз міндетті түрде төлеуіңіз қажет.

Ислам депозитінде ақша салсаңыз, сізге банк үстінен бекітілген түрде пайыз қосып беруге уәде бермейді. Өйткені шариғат бойынша бұд рұқсат етілмеген. Егер Ислам банкіне ақша құйсаңыз, келісімшартқа сәйкес, банк сіздің салған ақшаңыздың үстінен шамамен өткен айдың көрсеткіштерімен көрсетіп, айтып бере алады. Сондай-ақ банк есебі бойынша орташа есеппен табыстың мөлшері шамамен 13 пайызға жетеді деген сенімдеміз деген қорытынды жасайды. Алайда ислам банкі депозитке салған ақшаңыздың үстінен өсім төлеуге уәде бере алмайды. Банк жылдың соңында қанша қаржы тапса, алдын ала кесіліген пропорция бойынша бөлісіп, табысты төлеп береді. Дегенмен сізге кепілдік болмайды. Кез келген ислам банкі өзінің репутациясын сақтап қалуы үшін былтырғы көрсеткіштерге сай табысты бөліп беруге тырысады. Өйткені сіз келесі жылы да сол банкте қалуы үшін жасалатын қадам. Бірақ банкпен шарт бойынша сізге кепілдік жоқ. Дәстүрлі банктерде депозитке үстеме қосатын кепілдігі болады, алайда бұған Ислам банкі қатыспайды. Демек, сіздің ақшаңыз адал болуы үшін банкпен бірге белгілі бір тәуекелге баруыңыз керек. Бұл Ислам банкінің бірінші айырмашылығы.

El.kz: Несиені алу бойынша түсіндіріп өтсеңіз..

Мұрат Қылышбай: Дәстүрлі банк жеке тұлғаға несие беретін болса, үстінен табатын табысқа бірден келісімшарт жасап қояды. Яғни, бұл жерден банктің ақша сататынын көруге болады. Мысалы, сізге бір миллион сатты, оның үстінен пайыз қосады да, сіз 1,3 млн теңге төлеуіңіз керек. Егер азамат уақытылы кредитті төлемеген жағдайда дәстүрлі банк оның үстінен қосымша тағы пайыз қосады. Демек, дер кезінде кесте бойынша төлемеген болса, келісімшартта көрсетілген 1,3 млн қаржы 2 млн-ға дейін жетуі мүмкін.

Міне осы себептен «риба» Ислам банкінде рұқсат етілмеген. Егер кедей адам банктің пайызының кесірінен қарызға белшесінен батса, онда ол одан бетер кедейге айналады. Ал ақшаны өсімге берген адам одан әрі байи бастайды. Пайызбен беру – қоғамды екіге жарып, бай адамдардың бай болуына, кедейлердің одан да кедейленуіне әкеледі. Шариғаттың пайызбен беруден бас тартуының себебі осында.

Ислам банкі тауар негізінде жұмыс істейді. Егер адам банкке барып көлік алатын болса, банк көлікті бір миллионға сатып алады да, 1,3 миллионға бекітілген сомаға сатады. Бұл жерде – 1,3 миллион теңге бекітілген сома. Банк тұлғаға да, өзіне де бірдей адал болуы үшін нақты қаржыны бекітеді, ол екіжақтан да өзгермейді. Азамат дәл сол бекітілген соманы банкке қайтарады. Банк егер тауарды тез арада сататын болса, тауардың бағасы арзандау болады. Егер тұтынушы бір немесе екі жылдың ішінде ақшаны бөліп төлесе, онда Ислам банкі үстінен өз табысын қосуға құқығы бар. Мұның себебі басында айтқанымыздай, бұл банкке салынған депозиттің ақшасы. Сондықтан банк өз табысын қосады, себебі, бұл депозитке қаржы құйған адамдардың ақшасы. Сол себепті үстінен табысты қосу адал болып саналады.

Бастысы, келісімшартың сомасы өзгермейді. Қанша алдыңыз сонша төлейсіз. Ислам банкінің келісімшартында «пеня» бар, бірақ ол банктің қалтасына емес, қайырымдылық қорға кетеді. Ол қордың банкке қатысы болмауы тиіс. Өсімнің келісімшартта болу себебі – адамның банкке адал болуы үшін. Мәселен, кеілісімшартта өсімпұл болмаса, ақша алған адам «қай кезде қайтарсам да бұл менің құқығым, керек болса 100 жылдан кейін төлеп берем» дейтін ниеті нашар адам болуы мүмкін. Бұл банк үшін үлкен тәуекел. Бұл тәртіптік шарт ретінде қарастырылады. Бірақ шариғатқа қайшы келмейді, себебі банк ол «пенядан» ешқандай пайда көрмейді. Бүгінгі ақша бір жылдан кейінгі ақшадан әртүрлі болады, сол себепті Ислам банкі үстінен табысты қосып, тауарды бөліп төлеу арқылы сата алады.

El.kz: Кейбір адамдардың ойынша, дәстүрлі банк пен Ислам банкінің айырмашылығы жоқ. Менің 5 жыл ішінде төлейтін ақшамның екі банк түрінде де еш айырмашылығы жоқ деп дұрыс түсінбей жатады. Мұның себебі қандай?

Мұрат Қылышбай: Банк жүйесі – адамдардың салған қаржысымен жұмыс істейді. Егер Ислам банкі пәтер сатып алатын тұлғаға арзан бағамен пайызын аз мөлшерде берсе, әрине екінші жаққа бұл тиімді болады. Яғни банкке қайтаратын ақшасы аз болады. Алайда ислам банкі де депозитке ақша салған адамдардың қаржысымен жұмыс істейді. Сол себепті банк халыққа 1-2 пайызбен ақша бере алмайды. Одан да пайызды көбірек ұстап, өзіне де, салымшыларға да қаржы түсіргені дұрыс.

Қазақтандағы басты мәселе – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 16,75 пайыз болуы. Егер Ислам банкі елімізге келіп, 1-2 пайызбен қаржы береміз десе, оған ешкім келмейді. Сол себепті банк Қазақстанның жағдайына байланысты ұсыныс жасауы керек. Демек, елімізге келсе, ол банктің пайыздық мөлшері – 13-14 пайыз болмақ. Себебі, мұндай мөлшер көпшілікке қызық болуы керек.

El.kz: Қазақстандық жастар «каспи», «каспи ред» сияқты дүниелердің кесірінен жеңіл жолмен көп несие алады. Қазіргі таңда кейбір жасөспірімдердің әскерге бармау себебі де сол бір басында 3-4 несиесі бар. Бұл үрдісті тоқтатуға бола ма?

Мұрат Қылышбай: Қазіргі таңда бөліп төлеу – халықаралық үрдіс. Көптеген онлайн платформалар белгілі бір тауарларды бөліп төлеу арқылы сатылымға шығарады. Сонымен бірге ірі платформалардың жұмыс істеу формуласы бір-біріне ұқсас келеді. Олар банктен жылдық есеппен 2 пайыз ақша алып, онлайн платформа жасайды. Сол платформаға тауар өндіретін компанияларды, жеке тұлғаларды және кәсіпкерлерді тартады. Осылайша, олар арнайы онлайн платформа арқылы тауарларын өткізеді. Алайда, кәсіпкерлер тауарын сатқан кезде 100 пайыз өзінің ақшасын алады. Бірақ платформа халықаралық стандарт бойынша 6-7 пайызын ұстап қалады. Мысалы, кәсіпкер өз смартфонын сатты, комиссиясын төлейді, демек сатқан тауарының 93 пайызын өзі алып, 7 пайызын платформаға төлейді. Халықаралық бөліп төлеу механизмі осылай жұмыс істейді. Бұл кәсіп моделі ағылшынша Buy now, pay later деп аталады.

Қазақстанда Kaspi bank осы технологияны жүзеге асырып отыр. Онлайн дүкен ашып, еліміздегі бірқатар ірі кәсіпкерлер мен компанияларды тартты. Банк олардың сатқан тауарларынан 11 пайыз ұстап қалып, 89 пайызын өзінде қалдырады. Ал екінші жақтағы тауар сатып алушы 12 айға бөліп төлей береді. Бұл жерде банк екі жағдайда ұтады. Біріншіден, кәсіпкерлерден 11 пайыз ұтады. Екіншіден, банк тауардың пайызынан қосымша табыс табады. Егер акцияға тауар сатып алынса, бірақ ол уақытылы төленбейтін болса, онда банк пайызын өсіреді.

Бұл халықаралық үрдіс, мұның басты мәселесі – қазіргі таңда жасөспірімдердің арасында қатты тарап кетуі. Бұл АҚШ-та, Батыс елдерінде және дамушы мемлекеттерде қатты белең алып жатыр. Меніңше, бұл жақсы жағдай емес. Яғни жастар өз әлеуетіне қарамай банктен несиені жиі алуда. Қазіргі жаһандану кезеңінде әлем тез өзгеріп келеді. Смартфон бетінде маркетингтің дамығаны соншалық, гаджеттен нені қарайсыз, сол заттың жарнамасы экраныңыздан жиі шығады. Ол жарнама түрі әр адамға күніне бірнеше рет көрініп, «қазір ал, ақшаны сосын төлейсің» деген жалған ұранмен сол затты несиеге алдырады. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдеріміздің қаржылық сауаты төмен екені рас. Бұл, әрине көптеген мемлекеттегі жастардың мәселесі. Сондықтан олар қазір емес, кейін төлесем жеңіл болады деп жарнаманың айласына түсіп жатады. Ақыры, өзіне 2 жылдық міндетті мойнына ілетінін байқамай қалады. Жастар алған затын төлей алмай қалам ба деп ертеңін ойламайды, тек қазір қатты керек, сол затты алсам бақытты болам деген оймен алады.

Жалпы, статистика бойынша, проблемалық несилердің орташа есеппен пайызы – 13 пайыз. Демек, елімізде 90 күннен көп несиесін төлей алмай жүрген адамдар саны аз емес, әрине олардың көбі жастар. Жастардың бұлай ойламсыз несие алуы қорқынышты үрдіс, бұған назар аударылуы керек. Өйткені статистикаға сүйенсек, осындан он жыл бұрын, яғни 2013 жылдары несиелердің көбі кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға берілген. Оларға берілген несие он жыл бұрын 60 пайыз еді. Ал қазіргі таңда бүкіл берілген несиелердің мөлшері 60 пайызы керісінше тұтынушыға берілетін кредиттер. Көбі күнделікті тұтынатын заттарға берілген несиелер. 2022-2023 жылдарды алып қарасақ, кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алған несие көлемі 20 пайыз ғана. Бұл көрсеткіш біздің 10 жылда тұтынушы қоғамға айналғанымызды көрсетеді. Бізде кәсіпкерлікті, ірі жобаларды дамытуға емес, материалдық тауарларды алуға несие алады. Бұған халық құмар болып кетті десек болады.

El.kz: Мұндай тұтынушылықты қалай тоқтатуға болады?

Мұрат Қылышбай: Соңғы жылдары қаржылық нарықты дамыту және қадағалау агенттігін тарапынан бірнеше шара қолға алынды. Сол шаралардың ішінде бірнеше несиесі бар адамдарға қосымша несие беруге шек қойылады деген ұсыныстар айтылып жатыр. Менің ойымша, бұл – мәселенің негізгі мәнімен емес, мәселенің салдарымен күрес. Негізі Қазақстанда заң бойынша екінші деңгейдегі банк пен қаржылық ұйымдар несиені 56 пайызға дейін береді алады. Яғни несиенің үстінен қосылған «өсім» заң жүзінде – 56 пайыз. Бұл пайызды дұрыстап санау қажет. Неге пайызды біз 35-40 пайызға түсіре алмаймыз деген сұрақ келеді? Егер заң жүзінде пайыздық мөлшерді түсіретін болсақ, микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер ақшаны берген кезде тұтынушының сапасын өздері реттейтін болады. Себебі, кредиттік тарихы нашар адамдар ақшаны ала алмайтын еді. Қаржыны берген жағдайды оны қадағалау жетілдіріледі және сапасы жақсарады деп сенемін. Менің ойымша, қоғамдағы көптеген адам пайызы көп микроқаржы ұйымдарына жүгірмес үшін осындай шараны қолға алу керек.

El.kz: Зерттеушілердің айтуынша, тілдің аясы кеңеюі үшін ол қаржы мен заң аясында жақсы жұмыс істеуі керек екен. Бұл тұрғыда қазақ тілінің келешегі туралы ойыңыз қандай?

Мұрат Қылышбай: Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін, геосаяси жағдайға көз жұма қарайтын болсақ, әрине мемлекеттік тіл болуы керек. Онымен қоса, бүкіл мемлекеттік қызметте басты тіл ретінде қолданылуы тиіс. Тіл саласында жүрген мамандардың көбі қазақ тілін жеңілдетудің орнына керісінше, қиындатып жатыр. Өйткені күн сайын халықаралық жаңа терминдердегі енгізіп жатыр. Мәселен, түбірі латын тілінен енген терминді тілімізге аударып қиындатып жатырмыз. Біз тілімізді байытамыз деп оны одан әрі күрделендіріп жібердік. Менің ойымша, көптеген халықаралық сөзді сол қалпы қалдыру керек. Ағылшын тілін жеттік меңгерген білімді жастар халықаралық сөздерді қазақ тіліне икемдеп, жеңіл қазақ тілін қалыптастыру қажет. Біз Қазақстандағы басқа ұлттарға ана тіліміздің қандай жеңіл екенін көрсетіп, әдемі екенін көрсеткеніміз жөн. Халықаралық терминологияны аударып қиындатпай, оны бір ізге түсіріп, бүкіл азаматтар пайдалана алатындай етіп жасауымыз керек. Мәселе, басқа ұлттарда емес, мәселе өзімізде болып тұр. Өйткені біз кейбір терминологиялық сөздерімізді түсінбей жүрміз. Жаңа сөздерді шығара берудің тиімділігі қаншалықты екенін белісіз, бірақ ол сөздерді қоғам арасында қолданысқа енбесе, не үшін керек? Қажеті қанша? Сол себепті бұл бағытта әдістемені өзгертуіміз қажет деп ойлаймын. Методологияны неғұрлым жеңілдетіп, мемлекеттік қызметкерлерге түсіндірме жүргізілуі керек. Қарапайым дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың өзін алсақ, бәрінде орысша жазылған, орысша сөйлейді. Міне, осындай кішігірім дүниеден жұмысты бастағанымыз абзал. Екінші жағынан, заманауи трендтерден қалмай, жаңа дүниелерді өзіміге ана тілімде қаншалықты сіңіріп жатырмыз соған назар аударғанымыз дұрыс.

Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Егер әр адам еліміздің үкіметі мен органдарында жұмыс істегісі келсе, қазақ тілін міндетті түрде меңгеру керек деген талап болуы керек. Бұл кез келген елде бар. Қай елге барсаңыз да, сол жерде тұрамын деп шешім қабылдасаңыз, онда сол мемлекеттің тілін үйренуіңіз керек. Оған қандай да күмән келтіріп, неге сондай деген түсінік болмауға тиіс. Қуантатын жағдай, соңғы уақытта TikTok желісіне шығып, контент жасап жүрмін. Байқайтыным, сол жерде жастарымыз көп отырады. Орыстілді бейнелерді қарап отырсам, «қазақ бола тұра неге орысша жасағансың» деп көп сын айтылып жатады. Ал TikTok-қа қазақша контент жасап, салсаңыз, аудитория оны жақсы қабылдайды. Бұл жастарымыздың күнделікті өмірде ана тілімізде пайдаланатының айқын айғағы. Жалпы, тәжірибемде соған көзім жетті. Менің 40-45 жастағы қатарым қазақша жиі сөйлей бермейді, бірақ қазіргі 16-20 жастағы жасөспірімдердің ана тілінде ойын қалай әдемі жеткізетініне таңқаламын.

El.kz: Қазіргі жағдайда теңгені қалай күшейтуге болады? Оның әлсіреу себебіне тоқталсаңыз?

Мұрат Қылышбай: Теңгенің әлсіреуінің нақты екі себебі олар: экономикалық және саяси. Экономикалық себепке Қазақстандағы өндірістің болмауын айтуға болады. Мәселен, қарапайым шегені алайық. Ол да жарытып шықпайды. Кез келген кішігірім заттардан бастап, үлкен алпауыт технологияларға дейін елімізде ештеңе шығарылмайды. Бүкіл экспорттардың басым бөлігі өкінішке қарай шикізат өнімдері. Бізде көлік құрастырамыз деп жаңалықта айтып жатады. Алайда шығарылатын көліктердің дөңгелегіне дейін шетелден дайын келетініне көзіміз жетті. Біз мұны мақтан етіп жүрміз, бірақ өндірісіміз әлі жоқ. Еліміз кез келген затты шетелден сатып алған кезде теңгемен алмайды, оны доллармен сатып алады. Өйткені теңгеміз шетелде жүрмейді. Сол себепті Қытайдан, Батыстан кез келген тауарды сатып алу үшін еуроға не долларға валютамызды айырбастап аламыз. Демек елімізде шетелдік валютаға сұраныс көп, ал теңгеге сұраныс аз. Егер Қазақстанның ішінде өндіріс жақсы дамып, көптеген экономикаға қажетті бөлшектерді елімізде шығаратын болса, онда кәсіпкерлерге кәсібі үшін доллар сатып алуға тура келмейді, тіпті қажеттілік те болмайды. Егер кәсіпкер отандық өндірушілерден бүкіл қажетті затын сатып алатын болса, тек теңгені қолданады.

Екінші мәселе – геосаяси жағдай. Солтүстіктегі алпауыт көршіміз бен шығысымызда да экономикалық алпауыт жатыр. Жалпы, аумағымызға байланысты Еуразиялық одақтың құрамына кірдік. Оның тиімді, тиімсіз болғаны жөнінде арнайы сараптама жасау керек. Алайда соңғы жылдардағы нәтижеге көңіл аударсақ, Қазақстанға тиімсіз секілді... Өйткені одақтың ережесін солтүстік көршіміз «ойнатып», мүддесін қояды. Ал дамушы Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдердің мүддесі қорғала бермейді. Сондықтан бұл да теңгеге деген кері әсерін тигізеді.

Үшінші мәселе – Қазақстандағы соттың нашар жұмыс істеуі. Өйткені кәсіпкер ретінде елімізге келіп, инвестиция саламын деген шетелдік инвестор сот жүйесінің әлсіздігінен әділдік таппай жатады. Олар келмес бұрын елдің экономикасын, сот жүйесін зерттеп келеді. Яғни әрбір инвестор заңға сәйкес жұмыс істеп, өзіне тиесіліні алуды көздейді. Сол себепті инвесторлар заңы дұрыс жұмыс істейтін тұрақты мемлекетті таңдайды. Еліміздегі өндірістің дамымауының себептерінің бірі де осы.

El.kz: Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға