Жаңалықтар

Иранда жергілікті тұрғындар нені кәсіп етсе, қазақтар да соны меңгеріп алады

Жергілікті тұрғындар нені кəсіп етсе, қазақтар да соған ыңғайланып, кəсіптерін жетілдіре түсті.
16.10.2014 07:19 3447

Қажырлы еңбектердің арқасында, жергілікті тұрғындармен терезесін теңестіріп, Иран мемлекетінің азаматы ретінде толық мүшесіне айнала білді. Жергілікті тұрғындар нені кəсіп етсе, қазақтар да соған ыңғайланып, кəсіптерін жетілдіре түсті.

Жат жерде қаншалықты төбеңнен алтын құйып, үлде мен бүлдеге ораса да, бəрібір туған жерге деген ықыластары мен сүйіспеншіліктері, сағыныштары мен арман-тілегі бір сəтте толастаған емес. Той-томалақ жиындарда сағыныштарын ортаға салып, газет-журналдардан оқығандарын, естіп білгендерін əңгімеге арқау етіп жүретін. Қазақтың жыр дастандарын жаттап, той мəжілістерде орындап жүретін. 1980 жылдары Хаким Түгелбайұлы мен Хаким Ақмұратұлы бірлесе отырып, «Қобыланды», «Қыз Жібек» жырларын жаттап жырлап шыққанда тыңдармандарын тамсандыра қазақтың ұлттық өнеріне тəнті етіп жүрді. Қазіргі кезде бұл дəстүр де жоғалып кетті.

1979 жылдың 11-ші қаңтарында Иран Ислам Революциясы Имам Хомейнидің жетекшілігімен жеңіске жетіп, Мұхаммед Реза Пəһлевиді патшалық тағынан тайдырды. Мұхаммед Реза Пəһлеви Иран патшалығының 2500 жылдығын тойлап, иран күнтізбесін соған сəйкестендіріп шығарған еді. Иран елінің соңғы патшалары болып Пəһлеви əулеттері, яғни Реза шаһ (1921-1941) жəне оның ұлы Мұхаммед Реза шаһ (1941-1979) билік құрды. Екеуіне де өлген соң отан топырағы бұйырмай, шет елдерде өлді. Реза шаһ Африка құрлығында Мадагаскарда қайтыс болды, ал Мұхаммед Реза шаһ Мысыр елінде жерленді. Осылайша Иранда патшалық жүйе республикалық жүйеге көшті.

1980 жылдардан бастап Иран қазақтарының жұмыс жүйесі өзгерді. Оған иранның жаңа саяси жүйесі əсер етті. Өйткені қоғамның мəдени өмірі діни бағытқа бет бұрды. Елдің ішкі саяси ахуалы өзгеріске ұшырады. Ирак елімен сегіз жылға созылған кескілескен соғыс (1980-1988) басталып, соның салдарынан көптеген саяси-экономикалық, əлеуметтік қиындықтар туындады. Соның бір-ақ мысалы Ирандағы университеттерде сабақ беру тоқтатылып, талапкерлерді қабылдау төрт жылға мүлдем тоқтатылды. Оның тауқыметін Иран қазақтары жергілікті халықпен бірге көтерді. Туған елін қорғауға қазақ жігіттері əскер қатарында болсын, шайқас майданында болсын, жауынгерлік міндетін атқарды. Қайтсе де сол жылдары иран халқы үшін өте ауыр кезең болды. Мыңдаған адам жараланса, мыңдаған батыр шəһид кетті. Көптеген қалалар жермен-жексен болды. Алайда Иранның мұсылман, отан сүйгіш, ер жүрек халқы соғыс біткен соң тез арада қалаларын қалпына келтірді, жаңа өндіріс орындарын ашып, ел экономикасын көтерді. Бірақ та ирандағы қазақтар үшін аталған соғыс жылдары шаруа жағынан да, білім алу жағынан да тоқырау жылдар болды. Аталған кезеңге қоса Кеңес Одағының күйреуі, Қазақстанның тəуелсіз ел болуы иран қазақтарын чамадан үстінде отырған жолаушыға айналдырды. Иран қазақтары сондай ауыр жағдайдан тек қана кейінгі жылдары ес жиып, жаңа өмір белесіне бейімделе бастады.

Мемлекет тағдырына салмағы жоқ саны аз ұлт өкілдеріне мемлекеттердің саяси-экономикалық толқын-дары жергілікті халықпен салыстырғанда еселеп пайда не зиян келтіреді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға