Инженер, мұғалім, кәсіпкер: Гауһар Нұрболатова Mrs Globe байқауына қатысады

 marieclaire.kz
Фото: marieclaire.kz

Гауһар Нұрболатова 16-21 маусым аралығында АҚШ-тың Калифорния штатында өтетін әлемдік Mrs Globe байқауында бақ сынайды. Ол өткен жылы Мrs Kazakhstan Globe 2025 байқауында топ жарды.Осы орайда қатысушыдан жоба жайында сұрадық. 

Сән әлеміне жол

Гауһар Өмірзаққызы – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Көпбалалы әйел, кәсіпкер әрі дизайнер. Қызығы сол, негізгі мамандығы – Басқару жүйелерін автоматтандыру. Кейіннен Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы университетке оқуға түсіп, ағылшын және француз тілі мұғалімі дипломын алады. 2009 жылдан бастап мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Тұрмысқа шыққан соң, декреттік демалыста өнерге қызығып, дизайнерлік жолын бастайды. Өзін модель ретінде сынап көріп, шетелдегі сән апталығына қатысады. 

Дизайнер Тимур Тұрсынқұловтың Милан, Париж, Подгорица қаласында өткен сән апталығына қатыстым. Түрлі мәдени жобада бой көрсеттім, – дейді Гауһар Нұрболатова. 

фото: Гаухар Нұрболатованың жеке мұрағатынан

2025 жылы өткен Mrs Globe Kazakhstan жобасына 300 адам өтініш білдіріп, соның 12-сі финалға өтеді. Қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ. Қазылар алқасы әйелдердің бойына, дене бітіміне, жасына қарамайды. Сөйтіп, Гаухар ел ішіндегі іріктеуде жеңіске жетіп, әлемдік байқауға жолдама алады. 4 баланың анасына жанкүйерлер қолдау білдіреді. Қазір Гаухар АҚШ-тағы ақтық сынға қызу дайындалып жатыр. Байқау 5 күнге созылады. 

Миссис Қазақстан жобасына өзімді жаңа қырынан сынап көру үшін келдім. Байқау барысында түрлі кезеңнен өтіп, еліміздің атынан халықаралық жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Күн сайын дене дайындығына, сахнада жүру өнеріне, ағылшын тіліне және ұлттық мәдениетімізді таныстыруға ерекше көңіл бөліп жүрмін. Бұл – мен үшін жай ғана байқау емес, Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыру мүмкіндігі, – дейді Гауһар.

фото: Гаухар Нұрболатованың жеке мұрағатынан

«Байқауға 10 көйлек апарамын»

Оның айтуынша, ана болу оған жауапкершілік пен төзімділікті үйреткен. Уақытын дұрыс жоспарлаудың арқасында барлығына үлгеріп жүр. Отбасының қолдауы әлемдік деңгейге шығуға мотивация болған. Қазір Гауһар байқауда киетін көйлектерін түгендеп, шабаданын сайлап отыр. 

Көйлектерімді қазақстандық дизайнерлер дайындап жатыр. Әр образдың өзіндік мағынасы мен идеясы бар. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: таныстыру, ұлттық киім, кешкі көйлек, сұхбат және басқа да бағдарламалар. Жалпы, 10 көйлек апарамын. Өзім дизайнер болған соң, бастапқыда көйлектің сызбасын жасау туралы ой болды. Кейбір образдардың идеясы мен концепциясын өзім ұсындым. Бірақ кәсіби дизайнерлермен бірге жұмыс істеген дұрыс. Себебі бұл – халықаралық сахна. Дизайнер Гавхар Давланованың, жас дизайнер әрі иллюстратор Ризван Акопянның көйлегін киемін, – дейді ол. 

фото: Гаухар Нұрболатованың жеке мұрағатынан

Осы орайда 2025 жылғы сұлулық байқауының жеңімпазы Mrs Globe жобасындағы дауыс беру жүйесіне тоқталып, басқа қатысушылармен танысқаны туралы айтып берді. 

Иә, көрермендердің қолдауы әрқашан маңызды. Дауыс беру кейбір арнайы номинацияларға әсер етуі мүмкін. Бірақ негізгі бағалауды халықаралық қазылар алқасы жүргізеді. Әлеуметтік желілер арқылы бірнеше қатысушымен таныстым. Барлығы өте ашық, мейірімді және өз елдерін мақтан тұтады. Бұл байқаудың достық пен мәдени алмасу алаңы екенін сезініп отырмын.

фото: Гаухар Нұрболатованың жеке мұрағатынан

Гауһар Нұрболатованың жиі шетел аралайтынын жақсы білеміз. Ізденуге бейім, сұлулыққа құмар қатысушы әйелдерге мотивация беріп, әрқайсының өз жолын табуға көмектескісі келеді. «Әлемдегі ең сұлу әйел кім?» деген сұрағымызға «өзіне сенімді, мейірімді, білімді және жүрегі кең әйел – сұлу» деп жауап бергені содан болар. 

 

Оқи отырыңыз