Жаңалықтар

Интернеттің болмауы ауыл оқушыларының мүмкіндігін шектейді - депутаттар

Интернеттің болмауы ауыл оқушыларының мүмкіндігін шектейді - депутаттар
Фото: El.kz/Артем Чурсинов 30.04.2025 16:33 500

«Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа ауыл мектептерін сапалы және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында барлық оқу орындарын интернетпен қамту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі 5247 ауыл мектебінің 5122-сі интернетке қосылған. 2022 жылғы 24 қарашадағы №473 Білім министрінің бұйрығымен мектептер үшін интернет жылдамдығына қойылатын ең төменгі стандарттар бекітілген. Алайда жүргізілген талдау көрсеткендей, бұл салада әлі де күрделі мәселелер бар.

Аймақтардағы жағдайды зерделеу барысында, атап айтқанда Ақтөбе облысында, ауыл мектептерінің 78%-ында интернет жылдамдығы шартта көрсетілген деңгейдің 50%-ынан төмен екені анықталды. Басқа өңірлерде де осындай жағдай байқалуда. Көктемгі су тасқыны кезінде көптеген ауыл мектептері байланыссыз қалып, бұл тек оқу процесін ғана емес, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін де қауіп-қатерге ұшыратты. Starlink сияқты балама спутниктік интернет технологияларын қолдану да әлі күткен нәтижелерді бермей отыр: байланыс жиі үзіліп, жылдамдық тұрақсыз, бұл өз кезегінде онлайн ресурстарды толық пайдалану мүмкіндігін шектейді, - делінген сауалда.

Тағы бір маңызды мәселе — интернет қызметінің сапасын автоматтандырылған түрде бақылау жүйесінің жоқтығы. Қазіргі тәжірибе құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және жоюға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде, мектептерді ресми түрде интернетке қосқанымен, оқушылардың онлайн платформаларға нақты қолжетімділігі қамтамасыз етілмеген.

Ауыл мектептерінде сапалы интернеттің болмауы қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасы алшақтығын тереңдетуде.

Бүгінде көптеген оқу бағдарламалары мен ресурстар онлайн форматқа көшкен жағдайда, тұрақты интернеттің болмауы ауыл оқушыларының заманауи білім алу мүмкіндігін шектейді. Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген білім беру теңдігі мен қолжетімділігі қағидаттарына сәйкес келмейді деп есептейміз. Халықаралық тәжірибе мектептерді тұрақты интернетпен қамтамасыз етудің маңыздылығын айқын көрсетеді, - делінген депутаттық сауалда.

Мысалы, Финляндия тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. 2010 жылы Финляндия интернетке қолжетімділікті әр азаматтың базалық, негізгі құқығы ретінде заңнамалық деңгейде бекіткен алғашқы ел болды. Үкімет шешіміне сәйкес, әрбір азамат, тұрғылықты мекеніне қарамастан, секундына кемінде 1 Мбит жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс болды. Кейін бұл ең төменгі жылдамдық біртіндеп арттырылды. «Ақпараттық қоғам бағдарламасы» шеңберінде барлық мектептер жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернетпен және қосымша резервтік арналары бар желілермен жабдықталды. Сонымен қатар, интернет сапасын нақты уақыт режимінде қадағалайтын міндетті бақылау жүйесі енгізілді. Финляндия үлгісі мемлекеттің байланыс қызметтері сапасына жауапкершілікпен араласуын және әсіресе ауылдық, шалғай аудандарда инфрақұрылымды тұрақты жетілдіруді талап ететінін көрсетеді.

Эстония да "Tiger Leap" жобасы аясында, Канада "Connect to Innovate" федералды бағдарламасы арқылы ауыл мектептерін талшықты-оптикалық интернетпен қамтуды мемлекеттік басымдық ретінде жүзеге асыруда.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, келесі шараларды қабылдау қажеттілігін атап көрсетеміз:

Бірінші — еліміздің барлық ауыл мектептерінің интернет қосылу жағдайына тәуелсіз техникалық мамандарды тарта отырып кешенді тексеру жүргізуді; мектептерді интернетке қосу бойынша барлық іс-әрекеттердің заңдылығын, сапасын және негізділігін тексеруді; жауапты тұлғаларды және әрекетсіздік фактілерін анықтауды; кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуді;

Екінші — білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығы мен сапасын автоматтандырылған мониторинг жүйесі арқылы тұрақты бақылауды енгізуді;

Үшінші — ауыл мектептері үшін интернет сапасының нақты минималды талаптарын қайта қарап, тиісті құқықтық актілерге өзгерістір енгізіп, қажет болған жағдайда білім туралы заңға енгізіп, оларды орындамаған байланыс операторларының жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді;

Төртінші — байланыс және мобильді желі болмаған шалғай ауылдық елді мекендерде жоғары жылдамдықты спутниктік интернетке қосылуды субсидиялау механизмін енгізу мүмкіндігін қарастыруды;

Бесінші — білім беру ұйымдарына қызмет көрсететін байланыс операторларының жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейтуді;

Алтыншы — мемлекеттік сатып алулардағы байланыс қызметі келісімшарттарына интернет сапасына қатысты талаптарды нақтылап, орындамаған жағдайда жоғары сомадағы айыппұл салу тәртібін енгізуді ұсынамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға